Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (20-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сен құсаған қалмақты
Елден іздеп келемін.
Ыршымбай сонда сөйледі:
—Ақылың жоқ қазақ-ай,
Алшағыр алдап қылды мазақ-ай.
Кезегі саған келді ме
Ажал менен азап-ай.
Алыстан келдің сен арнай,
Қарындасың, қатының
Жылағанға қарамай.
Келсең маған өлесің,
Өлмей неғып жүресің.
Қазақ Қобылан сен болсаң,
Астыңдағы торы атты
Көп шабылмай бересің.
Әкең менен шешеңді
О дүниеде көресің.
Екеуі тұрып қағысты,
Жамду сөзге барысты.
Қыл жалаулы көк найза
Біріне-бірі салысты.
«Тайма, балам, тайма!» деп,
Табан тірей қалысты.
Екеуінің найзасы
Қармақ болып майысты.
Айдаһардың тіліндей,
Салса кеткен білінбей,
Алмасты қолға алысты.
«Қашпа, балам, қашпа» деп,
Қашпаласа қалысты.
Ағашқа шапқан балтадай
Бірін-бірі шабысты.
Тасқа шапқан немедей
Қайырылып дүзі қалыпты.
Сұқпалы сары қорамсапқа қол салды,
Сауыттан өтпей бұл қалды.
Бір-біріне ақырып,
Қарт бурадай бақырып,
Ат үстінен ұмтылды,
Тақымдарын қымтанды.
Асыл туған ер Қобылан
Ат үстінен көтеріп
Ыршымбайды алады.
Тоқсан құлаш зынданға
Алып барып салады.
Алпыс құлаш аяғы
Зынданға симай қалады.
Қобыланның көңілі тасып құтырып,
Қалмаққа айқай салады.
Атаңа нәлет көп қалмақ
Қобыландыны қамады.
Құтырған қасқыр көзденіп
Қобылан соғыс салады.
Оң келгенін оң атты,
Сол келгенін сол атты,
Қарсы келсе қыра атты,
Қашқандарын қуа атты.
Тебінгіден тесе атты,
Үзеңгіден үзе атты.
Талайын аттан құлатты,
Қызыл қанын шұбатты.
Қалмақтың бәрі айдарлы,
Айдарынан байлады.
Қалмақтың бәрі шалбарлы,
Шалбарлыны жалмады.
Қалмақтың бәрі тонды еді,
Сірә, Қобылан жолды еді.
Он бес күн соғыс салады,
Қалмақтың бәрін алады.
Шыбын көлдің қасында,
Шыңқау таудың басында
Қызыл қанын көреді,
Менменшілік Қобыланның
Көңіліне келеді.
Қобылан тұрып ойлады:
«Шабатын бедеу тоқ екен,
Дүние жалған боқ екен.
Қалмағың құрсын көп екен,
Көп болғанмен шөп екен.
Өз парыма келетін,
Қарсыласып жүретін
Еркек кісі жоқ екен.
Найза енді салысып,
Қылышпенен шабысып,
Жағаласты салысып,
Үзеңгіні тіресіп,
Жағаласып күресіп,
Батыр сондай жоқ екен.
Мендей қайрат адамға бітер ме,
Маған адамның әлі жетер ме?»—
Деп Қобылан далаға жөнелді,
Қалмақтың өрісте жатқан көп жылқы,
Көп жылқыға келеді,
Қобылан айдап жөнелді.
Көбіктінің сары аты
Жылқы ішінде жүреді.
Сол күні жіберген күні еді,
Жау екенін біледі.
Қалаға қашып жөнелді,
Қуып Қобылан қалады.
Жамандатқыр сары ат
Бауырынан жараған,
Шекесіне қараған.
Жеткізбеді торы атқа,
Жете алмай қалды сол атқа.
Бір жылқыға жете алмай,
Торы ат қалды ұятқа.
Аулына сары ат келеді,
Көбіктінің жалғыз қыз—
Қарлыға сұлу көреді,
Жылқыға жау тигенін біледі.
Қарлыға сары атты ұстап алады,
Қарлыға Көбіктіге барады,
Бара сөйлей қалады:
—Қарағаймысың, талмысың,
Айырмысың, нармысың,
Хан көке, үйде бармысың?
Жылқыға жау тиіп тұр,
Аузын ашып есінеп,
Сары ат келді кісінеп.
Көбікті атқа келеді,
Жау тигенін біледі.
Қолға тұрмай сары бесті ат
Ойнақтай берді деп еді.
Көбікті атқа мінеді,
«Жолықтыр мені» деп еді.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз