Қобыланды батыр (15-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Көрінбе көзіме, келме менің қасыма,
Мен сені алмаймын
Құртқаның басып кеткен ізіне.
Сонда Білек сөйледі:
—Әй, батыр-ай, батыр-ай,
Батырлыққа ылайық
Қияпатың, затың-ай.
Үйдегі қалған Құртқа қатын-ай,
Қатынды айтқан сен бір қатын-ай.
Қобылан ер ол ауылда
Ашуланып жатып қалды.
Қобылан аулына ерте жөнелді,
Әулие туған Аққұртқа
Аулына қалмақтың барғанын,
Қалмақтың қызына
Қобыландының көңлі ауғанын,
Аққұртқа оны біледі,
Кемпір-шалға Құртқа сөйлей береді,
Сөйлегенде не деді:
—Балаң қалмақтың аулына барыпты,
Сөзіне дұшпан наныпты.
Төбесінде төрт бүркіт—
Айырылып онан қалыпты.
Қыдырбай естіп біледі,
«Аулына қалмақтың барды» деп,
Қобылан батырдың Қыдырбай келді қасына,
Қолындағы таяқпен
Қобыландыдай баласын
Салып қалды басына.
Қобыланды езу тартып күледі,
Аққұртқадан болғанын
Қобыланның іші біледі.
Су ішінде торта-ды,
Аққайрандай жортады.
Аққұртқаны ұруға
Әкесінен қорқады.
Жылқыға қарай жөнелді,
Ит жүгіртіп, құс атып
Алпыс күн жүрді далада.
Ашуланған батырдың
Шамалы күннің ішінде
Ашуы қалып бола ма?
Бір күні үйге келеді,
Отауына кіреді.
Түн ортасы болғанда,
Жер астында тор бесті ат
Дүбір де дүбір салады.
—Бұл неғылған дүбір?—деп,
Қобылан Аққұртқадан сұрады.
Сонда Құртқа сөйледі:
—Ақ сүйріктей білегің,
Қабыл еді-ау тілегің.
Көптен бері жау көрмей,
Әруақ қысып лүпілдеп,
Жатқан шығар жүрегің.
Қобылан бұған нанады,
Ертеңгі күн болғанда,
Тор бесті ат дүбір салады.
Төрт аяқтың дүбіріне
Жер солқылдап барады.
«Бұл не қылған дүбір?»—деп,
Құртқадан Қобылан сұрады.
Сонда Құртқа сөйледі:
—«А» дегенде алдырмайд
Таулы жердің түлкісі.
Екі жақсы бас қосса,
Жарасар ойын-күлкісі.
Бұ дүрсілді сұрасаң,
Атекемнің өрістегі ойнақтаған жылқысы.
Қобылан бұған нанады,
Тағы да ұйықтап қалады.
Келесі күн болғанда,
Мезгілім менің толды деп,
Шығатын уағым болды деп,
Тор бесті ат қатты аунады,
Сарайында тұрмады.
Төрт аяқтың дүбірі
Қара жерді жарады,
Жер солқылдап барады.
Ашуланып Қобылан ер,
«Жердің астында бағулы
Ойнас байың бар ғой» деп,
Құртқаны келіп сабады.
Сонда Құртқа сөйледі:
—Әй, батыр-ай, батыр-ай,
Туысқан тума, аға-іні
Жоқ еді менде жақын-ай.
Бұл дүрсілді сұрасаң,
Жан серігің, жолдасың,
Жауға мінер атың-ай.
Сонда Қобылан келеді:
—Алып кел бері, көрейін,
Көзіменен көріп сенейін.
Алтын кебіс сартылдап,
Ақ маңдайы жарқылдап,
Алтын шашпау сарсылдап,
Маржан тісі тізіліп,
Раушан көзі сүзіліп,
Сағағынан үзіліп,
Атқа келді қыңырлап:
—Жазықсыз мені сабады,
Сен алмасаң кегімді,
Қай балам менің алад,—деп.
Мықтап тұрып бір соқ,—деп,
Атқа қойды сыбырлап.
Торы атты алып келеді,
Қобылан батыр көреді.
Маңдайынан тәу етіп,
Жауырын сипап торы аттың,
Танауынан сүйеді.
—Алғаным Құртқа, Аққұртқа,
Арманым жоқ,—деп еді.
Тор бесті атқа қараса,
Кесер басы сары алтын.
Үстіндегі түгінің
Жары күміс, жары алтын.
Танауына қарасаң,
Түбі түскен шелектей.
Құйрық жағын қарасаң,
Бұқарадағы жібектей.
Омырауына қарасаң,
Еділден шыққан аңғардай,
Төрт аяғы сандалдай.