Қобыланды батыр (8-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Әкең сенің Қыдырбай,
Қойшы еді ғой сұмырай.
Халықтың арын алатын,
Астына атын мінетін,
Шалдан бала туар ма?
Жеті күндей күресіп
Жүрген кісі оңар ма?
Тумай кеткір, Қобыланды,
Қалмақты маған бер,—деді.
Сол мезгілде Қобыланды,
Көкпеңбек болды еттері,
Қобылекең бетіне шығып түктері,
Көтеріп алды аттың үстінен
Үйіргендегі лебінен
Тоқсан қалмақ жығылды.
Қалмақ жерге тарс етті,
Қалмақты жығып, төбесі көкке тиеді.
Көкаман қалмақ балуанын боқтады,
Аузына келгенін оттады.
—Жатқанында тұрмағыр,
Егізге екі болмағыр.
Тағы жесең тоймайсың,
Нан жегенде қоймайсың,
Бір жегенде жүз саулықтың етіне тоймайсың.
Бір қаршадай баланың астында,
Шаңдағың ұшып ойнайсың.
Көкаман тағы ақырды,
—Қазтуған,—деп шақырды.
Қазтуған, қапы қалма,—деп,
Қазтуған деген мұсылманның ханы екен,
Тоқсанға келген шал екен.
Ат жүйрігің болса айда,—деп,
Ат шабатын жерлері
Он күншілік жер болды.
Бес күншілік шөл, бас аяғы
Он бес күншілік жер болды.
Қалмақтың елінің қырық-тоқсан аты шықты.
Шабуға ноғайдың елі жиналып,
Он екі ат қосып жіберді.
Орақтың өлген жылы екен,
Сол жылы қара түйе еді,
Мойнында жалы жоқ,
Борбайында қоңы жоқ,
Адам көрер сыны жоқ,
Тастағанда жүні жоқ,
Қарны болса қабақтай,
Бұты болса таяқтай,
Талайды көрген қақсал деп,
Сүйегі қызса, тастар деп,
Қарасай қосты қара атты,
Құбығұл қосты құла атты,
Ахмет қосты торы атты,
Әуез қосты ала атты,
Төрехан қосты торы атты,
Телағыс қосты құла атты.
Он бес жасар ер Қобылан,
Жақыны жоқ бір туған,
Тоқпақ жалды торы айғыр(ды)
Қобылан қосып жіберді.
Қобыландының жоқ еді
Інісі менен ағасы,
Атқа шабатұғын жоқ еді баласы.
Шаудыр деген бір еркекті,
Мінгізіп торы айғырды жіберді.
Кілең жүйрік барады,
Шабатын жерден шабады.
Қарасайдың қара аты,
Қобыландының торы айғыр,
Қарасайдың қара аты
Ең артында қалады.
Келе жатыр қара аттың
Тар қолтығы жарылмай,
Ащы тері алынбай.
Ер Орақтың қайғысы
Көкіректен қалынбай.
Келе жатыр торы айғыр
Қартаның майы алынбай.
Ол күні шапты күнімен,
Жана шапты түнімен,
Бұлар шапты шынымен.
Арадан үш күн өткесін,
Төртінші күнге жеткесін
От орындай тұяқты,
Қиғаштандырды құлақты.
Ойнақтады алақтай,
Пайғамбар мінген пырақтай.
Кешегі кеткен көп аттың
Алдынан тосып құлапты-ай.
Алдымызда ат бар ма деп,
Балалардан сұрапты-ай.
Сонда балалар сөйледі:
—Бізден қалмақ кетті ғой,
Қара аты құрғыр текті ғой.
Көкаманның көк аты,
Сұрқылтайдың торы аты
Кіші бесін болғанда,
Теңкейімізден өтті ғой.
Қараға қамшы сала көр,
Ұмтылып балдар қымтылды,
Қарғып қоян секілді,
Қашқан қоян секілді,
Ертеңгі күн бесінде
Кешегі кеткен көп аттың
Алдында озған секілді.
Талма тал түс болғанда,
Қара үздік келеді.
Кешке жақын болғанда,
Қалың құмға келгенде
Қара[ат] үздік кетеді.
Қатқыл жерге келгенде,
Торы айғыр басып жетеді.
Қарсы өрге келгенде,
Қара[ат] үздік келеді.
Ылди жерге келгенде,
Торы айғыр басып жетеді.
Орақтан туған қу Қази,
Жетім қалған сұм Қази
Сарала туы салбырап,
Сарала тудың шашағы
Тұс-тұсына жалбырап,
Сексен жігіт қасында,
Ақ қалпағы басында,
Сонда Қази сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ағылғыр, ноғай, ағылшы,
Торы айғырға жабылшы.