Қобыланды батыр (19-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Дұшпаның мен досыңның
Арасын айырып білмедің.
Дұғағатың тілеген
Ата-анаңа келмедің.
Құдай қосқан қосағың
Мен сорлыны көрмедің.
Бірде туған бауырың
Зар жылаған бикештің
Тілегін неге бермедің?!
Бір қалмақтың қызындай
Бәрімізді көрмедің,
Қош аман бол, алғаным.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Мен қайтпаймын, қайтпаймын,
Атымның басын тартпаймын,
Қайтамын деп айтпаймын,—
Деді дағы жөнелді.
Аққолаң мен Аққұртқа
Қайрылмасын білгесін
Екеуі ойбай салады.
«Уһ» дегенде бетіне
Тас өртеніп жанады.
Жаңғызым деп зарласа,
Көзінен қан сорғалап ағады.
Алмадай піскен екі бет
Он саусақпен алады,
Қолын қанға малады.
Біресе жылап, біресе талады,
Қайрылмай Қобылан барады.
«Шу, жануар, шу» деді,
Шу дегенде гуледі.
Төрт аяқтың тиген жер,
Қара тас тисе аяққа
Саз балшықтай иледі.
Әрі-бері жүрген соң,
Астындағы торы аттың
Алқа айылы алқылдап,
Құйысқаны сартылдап,
Ауызынан аққан ақ көбік
Омырауында жалпылдап.
Өмілдірік жарқылдап,
Тақымының астында,
Ор қояндай бұлтылдап.
Жүрген сайын торы бесті ат,
Тірі сынаптай сылтылдап.
Басын тартса, торы аттың
Бөксесі кетті қызындап.
Екі құлақты қайшылап,
Қос танауы пырылдап.
Өлім деген ойда жоқ,
Өлең айтып ән салад
Ен далада шырылдап.
Ана ащы мен мына ащы,
Оттарына жері ащы,
Ішуіне суы ащы.
Жатуына жері тар,
Тау менен тас қызыл жар,
Онан да өтіп жөнелді.
Күдір-күдір, күдір тау,
Түйе мойын иір тау,
Қыз емшекті қиын тау,
Басы биік қиыр тау,
Бұдан да өтіп жөнелді.
Аю көлдің басынан
Аса жортып жөнелді.
Батпақ көлдің басынан
Баса жортып жөнелді.
Жері тартпа Қызылжар,
Қысылып өтіп жөнелді.
Қақпақты тау қарағайлы,
Қамай жортып жөнелді.
Жолы жоқ енді жондардан
Жортып өтіп жөнелді.
Асу-асу белдерден,
Аңызақ қаққан шөлдерден
Аса жортып жөнелді.
Күдір-күдір, күдір тау,
Көзі шыққан бүйір тау
Қиялап шауып жөнелді.
Қиғаштың биік тауына
Қобылан батыр келеді.
Сарғая келе таң атты,
Қызара келе күн шықты.
Күн астынан қараса,
Будақ-будақ бу шықты.
Бу астына қараса,
Аламан әскер қол шықты.
Шамасын байқап қараса,
Мың кісіден мол шықты.
Анықтап әбден қараса,
Бес қаруды белге ілген,
Ұялмай беті бедірейген,
Мінген атқа жем берген,
Өзіне-өзі дем берген,
Жар қабақ, орақ мұрын,
Шүңірек көзденген
Жалғыз қара бұлт шықты.
Қобылан оны көреді,
Көре сөйлей береді:
—Сауытыма сан кісі,
Қылышыма қырық кісі,
Садағыма мың кісі,
Найзамның өзі жүз кісі.
Бір кісіге бір кісі,
Жолықтырған тәуір кісі.
Көп екен деп қашпаймын,
Жалғызбын деп саспаймын,
Қобылекең салып жөнелді.
Келе жатқан сол қараша,
Қара таудай зор қараша,
Қалмақтың ері Ыршымбай деген ер екен,
Қобыландыға жолықты.
Ыршымбай сөйлей береді:
—Шауқым бұлбұл саласын,
Кідірсең жолдан қаласың,
Жаңа өспірім баласың.
Атың жауыр, өзің аш,
Дүзің айдай қалам қас,
Қай сапарға барасың?
Алайын десем оңайсың,
Алмайын десем ноғайсың.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Төңкерілсем төбе едім,
Суға салсаң кеме едім.
Қайтпас қазақ қара қыпшақ
Қыдырбайдың баласы
Қобыланды деген ер едім,
Іздегенім сен едің.