Қобыланды батыр (22-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қарлыға сонда сөйледі:
—Хан кіреді ордаға,
Балалар оқиды молдаға,
Мінемісің, Серкебай,
Жүрісі жұмсақ жорғаға?
Серкебай сонда сөйледі:
—Мен өзім жылқы мініп жүре алмаймын,
Құрысын, мен жорғаға міне алмаймын.
—Хандар кірер ордаға,
Міне алмасаң жорғаға,
Мінемісің арбаға?
—Қарлыға, жорғаң құрсын еркіндеген,
Қарлыға, арбаң құрсын селкілдеген.
Өзімнің жаяулығым сондай артық,
Қолыма таяқ алып еркіндеген.
—Берейін бүтін киім кимеймісің,
Серкебай, тілегімді бермеймісің,
Мойныма мінгізейін, мінемісің?
Серкебай қыз мойнына енді мінді,
Мақтанып, өлең айтып сонда күлді.
Өзінің жаман сасық аяғымен
Омырауға бұл тепкілеп жүре берді.
Мойнына Қарлығаның мінгеннен соң,
Еліріп өлең айтып, ән жіберді.
Үстіне Қобыландының келді алып,
Еңкейді ханның қызы зынданға панар жағып.
Күші артық дүниеде батыр Қобылан,
Осы күні болып тұр ғой бақыр Қобылан.
Биік жастық, мамық төсекте өскен жазған,
Ішінде сол зынданның жатыр Қобылан.
Қарлыға тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүйдейді:
—Бай баласы сен,—деді,
Хан баласы мен,—деді.
Шығарайын зынданнан,
Кел, қолынды бер,—деді.
Қобылан ер жасқанбайды жатырмын деп,
Ойламайды осы күні пақырмын деп.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Есіктің алды ақ балшық,
Аң жібермейді ақ қаншық.
Мен сенбеймін өзіңе,
Өзіңнің айтқан сөзіңе.
Атаңа нәлет қу қаншық,
Көрінбе менің көзіме.
Қарлыға сонда сөйледі:
—Келдім сені тең-ау деп,
Теңдес туған ер-ау деп.
Сынап едің өзімді,
Байқап па едің сөзімді?
Желігіп ұшқан ақ сұңқар
Жем салғанмен қона ма,
Сыналмай ер мұқайтын бола ма?
Қаншық деген сөзіңе
Қыз мұқайтын бола ма?
Қамысы енді таймаса,
Көл мұқайтын бола ма?
Өтірігі шықпаса,
Сөз мұқайтын бола ма?
Уәде қылып ант етсең,
Қобылан, сенің жолыңа
Шыбын жаным садаға.
Қобылан сонда сөйледі:
—Қатар көріп келдің бе,
Қарауға менің өзіме,
Мен сенейін сөзіңе.
Жан серігім торы атты
Көрсет менің көзіме.
Қарлыға сонда сөйледі:
—Алайым да бұлайым,
Жан жолдасым, жараным,
Болғайсың сен жұбайым.
Торы атқа қалай барайын,
Не деп айла табайын?
Сонда Қобылан сөйледі:
—Рас келсең сен,—деді,
Саған сендім мен,—деді.
Мен осы жатқанда қапылмын,
Алданып қолға түсіп жатырмын.
Өзіңе сенің сенейін,
Достығыңды көрейін.
Шапқанда терін сүртетін
Орамалым бар еді.
Қарлығаға сонда сөйледі:
—Исімді менің білер,—деп,
Кісінеп торы ат келер,—деп.
Атқа барып қайт,—деді,
Бір өтірік айт,—деді.
Ат от жемей, су ішпей,
Тістеп теуіп тұр еді,
—Сен кімсің?—деді уәзірлер.
—Мен мен едім, мен едім,
Мен де осы елдің бірі едім.
Мен құндақта жатқанда,
Орақ елді шапқанда,
Алып кетіп мен сол елде жүр едім.
Барсаның естіп хабарын,
Елге қашып келемін.
Мен сол елде жүргенде,
Құлын күнінде жара шығып,
Дөнен күнінде іле болып,
Екі мезгіл емдедім,
Танып тұрғаны ғой жануар,—деп жауап берді.
Уәзірлер сонда сөйледі:
—Берменірек кел,—деді,
Осы атты бағындырсаң сен,—деді.
Ханымыз тәуір көреді,
Сұрағанын береді.
—Ханыңызға барып кел,
Құлағына салып кел,
Ұлықсатты алып кел.