Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (3-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда кемпір сөйледі:
—Құдайдың өзі жақ деді,
Еңбегің екен ол тоқты,
Мойныма борыш болмай ма хақ,—деді.
Сонда бала сөйледі:
—Шеше, босқа берейін,
Тоқтым бар сенде демейін.
Бейшара кемпір жөнелді,
Ақ тоқтыны жетелеп,
Баратын жолды төтелеп.
Кемпірдің ойы бөлінді,
Көзінің жасы төгілді,
Мұнар шалған бір қырқа
Со кемпірге көрінді.
Кемпір келді қасына,
Жеті күн жүріп со таудың
Әрең шықты басына.
Тау басына қараса,
Таудан аққан бұлақ бар,
Тасқа шыққан құрақ бар,
Тау басында шырақ бар.
Жер моланы көреді,
Қасына келіп түнеді.
Түн ортасы болғанда,
Таң сімері жауғанда,
Кемпір түсті көреді.
Түсінде келіп бір адам
Бір ұл, бір қыз береді.
«Ұлыңның аты Қобыланды,
Қызыңның аты Аққолаң» деп еді.
Көтеріп алса басын,
Түндегі көрген түс екен,
Түсінде көрген ісі екен.
Кемпір көрген түске нанады,
Аулына кетіп барады.
Кешегі кемпір кеткесін,
Қыдырбай жалғыз қалады,
Қыдырбайды құлдар талады.
Қыдырбайдың сұрамай атын мінеді,
Сұрамай киімін киеді.
Қыдырбай жылқысының ішінде,
Құлтай құлдың қасында,
Жүн тұмағы басында,
Құлтай—Қыдырбайдың құрдасы,
Қанды көйлек жолдасы.
Ақмаңдай кетіп қалғасын,
Қыдырбайдың қуарып қалған бір басы.
Құлтайдың қасында жүр паналап,
Жылқысын жүр аралап.
Қыдырбай түсті көреді,
Құлтай құлға келеді,
Еңіреп қоя береді,
Қыдырбай сонда не деді:
—Әй, құрдасжан, құрдасжан,
Менің де көрген түсім бар,
Түсімде көрген ісім бар.
Ақмаңдайым келіп жүр,
Бір жолбарыс, бір сұңқар
Емшегін Ақмаңдайдың еміп жүр.
Үйімнің оң жағына қарасам,
Ер қаруы—бес қару,
Босағама ілінді,
Құлаған жүгім жиылды.
Шаңырағымда төрт бүркіт көрінді,
Бұл не болар, құрдасжан?!
Сонда Құлтай сөйледі:
—Бұл түсіңді жориын,
Шамам келсе қориын.
Тілегің Құдай бергені,
Көзіңнің жасын көргені.
Ақсұңқар мен жолбарыс—
Ұл мен қыздың болғаны.
Төбеңдегі төрт бүркіт—
Елпең-елпең жүгірген,
Етек-жеңін түрінген,
Бір әйелдің төбесі
Қыдырбайға көрінген.
Қыдырбай соны көреді,
Көреді де күледі.
«Ақмаңдай ма екен?» деп жөнелді,
Жетіп келсе—Ақмаңдай,
Ақмаңдай сонда толғады:
—Аманбысың, шалым-ай,
Жанды, шалым, шамың-ай,
Сәнді болды малың-ай.
Арыстандай ұлың бар,
Айдан сұлу қызың бар,
Жарқырап тұрған күнің бар,
Сүйінші, шалым, сүйінші!
Сонда шал сөйледі:
—Өл десең, кемпір, өлейін,
Өкпемді оған берейін.
Мал билігін берейін,
Бас билігін берейін,
Құл болып су әкеліп берейін.
Тағы айтшы, кемпір, тағы айтшы,
Аузыңнан, кемпір, сүйейін.
Еңсесі биік ордаға
Екеуі келіп кіреді.
Нұр тамып жасарды қайта деп еді,
Жетпіске келген Қыдырбай
Жетпіс жасы кетеді,
Жиырмаға қайта келеді.
Аппақ қардай ет бітті,
Алмадай қызыл бет бітті.
Алтын сақал, күміс мұрт бітті,
Жауырын менен сырт бітті,
Бұғақ пенен ұрт бітті.
Алпысқа келген Ақмаңдай,
Он беске қайта келеді,
Қайта қыз болды деп еді.
Кәміл үш ай болғанда,
Үш айға кәміл толғанда,
Ақмаңдай жерік болады.
Қатыр-қатыр қара тасты шайнады,
Азудан азу қалмады.
Көк мұзға көлбеді,
Қоңыр күздей көрмеді.
Жалаңаш қарға аунады,
Аунап еді тоңбады.

Тағы оқыңыз