Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батырдың баласының жыры (2-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Ол күні шапты күнімен,
Жана шапты түнімен.
Түн ортасы ауғансын,
Таң сімері жауғансын,
Шабылып қалған қара аттың
Сүйегі тулап қызғансын,
Арандай аузын ашады,
Аузынан көбік шашады.
Жерде жатқан қара тас,
Саз балшықтай басады,
Шабыстан-шабыс асады.
Көзі жайнап шырақтай,
Ойнақтайды ылақтай.
Қасындағы қара ат,
Көре алмай қалды қара аттай.
Құлағын қара ат тігеді,
Аттардан озып жөнелді.
Жалғаса шықты тор бесті ат,
Төрт аяғы сом болат,
Қара ат пен торы аттың
Қолтығында қос қанат,
Екеуі озып жөнелді.
Көп қиқуға келгенде
Аллалаған ұраны
Қара ат пен торы аттың
Құлағына тигенде,
Бүктетіліп жазылды.
Төрт аяқтың тиген жер
Жер ошақтай қазылды.
Қарақшыға келгенде
Екі тұлпар тең келді.
Қарасай мінген қара аттан
Қобылан мінген торы аттың
Кесер басы кем келді.
Азбаған әруақ,
Адаспаған бұлт
Осы арада білінді.
Қалмақта бар сан жүйрік,
Жете алмай қалды бір жүйрік.
Ат бәйгіден келеді,
Тойдан тарап жөнелді
Аулына қайтты ер Қобылан.
Қобылан мінген торбесті ат
От оттамайды, су ішпейді.
Қобыландыдай батырды
Торы бесті ат қайта-қайта иіскейді.
Торы ат қызыл қан сиіп,
Көзінің жасы тамады,
Қобылан таң-тамаша қалады.
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Ауырды-ау менің атым,—деп,
Осы тойға барма деп,
Айтып еді қатын,—деп,
Құртқада көп қой ақыл,—деп.
Буаз еді Аққұртқам,
Қандай күйде жатыр,—деп.
Құдайдан жәрдем болмаса
Туысқан-тума жоқ еді,
Жаны ашитұғын жақын,—деп,
Уайым түсті батырға.
«Жан серігім, атым» деп,
Аулына Қобылан келеді.
Қолакөкірек деген бір қалмақ
Қобыландыны сырттан бағып жүреді.
Қобыландының құлы еді,
Қодар деген бір құлды
Қалмақ ұстап алады,
Қодар құлдан сұрады:
—Әй, Қодар, мен өлтірем, өлемісің,
Болмаса Қобыланның өлетінін білемісің?!
Мен саған күйеу қылып, қыз беремін,
Мал бөліп беріп, үстіңе үй тігемін.
Қодар шынын айтуға
Қобыландыны қия алмады.
«Қыз беремін, үй тігемін» дегенсін
Шұнақ құл тұра алмады.
Сонда Қодар сөйледі:
—Ер Қобылан бүгін-ертең келед,—деді,
Аққұртқа келетінін білед,—деді.
Ер Қобылан төсегіне жатқан күні,
Әруағы қырық күншілік жерде жүред,—деді.
Дәретін алмай жатқан шақта,
Оқ өтіп, сонда Қобылан өлед,—деді.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Қодар деген сен, —деді,
Сөзіме айтқан сен, —деді.
Қобылан үйге келген күн
Хабарды маған бер,—деді.
Қыз беремін мал бөліп,
Бай қыламын мен, —деді.
Келе жатып ер Қобылан
Қодар құлға келеді,
Қодарға сәлем береді.
Досына дүзі жұмсақ ер еді,
Сөйлегенде Қобылан не деді:
—Саумысың, аманбысың, Қодар ағам,
Үй тігіп, мал бөліп берем саған.
Өзіңнің қатарыңнан оздырамын,
Көздерін мырзалардың қыздырамын.
Ер Қодар, шаруасың малды баққан,
Баққаның көңіліме анық жаққан.
Ер Қодар Қобыланның сөзіне құлақ салды,
Қобыланның достығына қарамады.
Қалмақтың алдап айтқан алдауына
Қодар құл осы арада анық нанды.
Сағынып Аққұртқаны Қобылан барды,
Ат қағып алыс жерден шаршап келген
Ер Қобылан жатуына құмарланды,
Ер Қобылан төсегінде жатып қалды.
Түн ортасы болғанда,
Таң сімері жауғанда,
Аққұртқа шықты далаға.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз