Қобыланды батырдың баласының жыры (6-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Кигенің, қарындасым, қызыл шоқ па,
Бізбенен сөйлесетін ағаң жоқ па?
Жана Хасен сөйледі:
—Қыз бала жүк артады қара нарға,
Бізбенен сөйлесетін шешең менен жеңгең қайда?
Сонда қыз тұрып сөйледі:
—Жарасат өзіңізге найза менен қылышыңыз,
Қалдырмай бәрін тағы сұрадыңыз,
Бар еді сіздің қандай жұмысыңыз?
Сонда Хасен сөйледі:
—Белде-белде белемін,
Белден асып желемін,
Мынау Бөрібайдың баласы,
Шыққалы елден көп болды,
Өзіңіздей әдемі, білімді
Қыз іздеп келемін.
Көңілге ұнағасын сұлу қыз,
Айттырайын деп едім.
Қыз сөйлей береді:
—Басыма тартқанымда қызыл шоқ,
Сөйлесең жақсыменен көңілің тоқ.
Жалған сөз ер жігітке неге керек,
Бөрібайдың ұлы түгіл, қызы да жоқ.
Сөзіңнің айтып тұрған бәрі жалған,
Не керек жалған сөзді ер жігіт көңліне алған.
Бар еді Бөрібайдың бір ұл, бір қызы,
Қатыны Бөрібайдың тауып алған.
Ол баланың әкесі жоқ, шешесі бар,
Көшінен Қобыландының түсіп қалған.
Шешесін іздемей ме Құдай атқан,
Айтайын, ол баланы Құртқа тапқан.
Ер Қази бастаушы еді қолдың басын,
Шыдай алмай іздеп кетті жан құрдасын.
Ер болса сол ерлерге неге ермейді,
Қаңғыға бұл құсаған қыз ермейді.
Сұрасаң әкем де хан, ағам батыр,
Дүние өтіп кетеді, бастан қапыл.
Ер Қази кек алам деп, іздеп кетті,
Ер болса бұл ауылда неғып жатыр?
Өтірік айтқан сөзге құлақ салып,
Әке кегін жоқтамай елде жүріп,
Бұл шіркін көгере ме қатын алып?
Жаскелеңдей батырдың
Көкпеңбек болды еттері,
Сұп-сұр болды беттері,
Сауыттан шықты түктері.
Аулына қайтып жөнелді,
Жаскелең жолдасына сөйлесті:
—Әй, қырық жігіт, қырық жігіт,
Ауылға сендер қайтыңдар,
Бала өліп қалды деп,
Әкеме барып айтыңдар.
Жақсы ғой бұдан өлгенім,
Әкенің кегін жоқтамай,
Нағып тірі жүргенім.
Қасымдағы қырық жігіт,
Өкпелеймін сендерге.
Біреуің айтып бермедің,
Он беске жасым келгенше.
Қалың бермей маған-ай,
Осының болатынын білгенмін.
Қырық жігіт бірге жылады,
Хасен тұрып сөйледі:
—Көлді жерлер шөл емес,
Көлсіз жерлер көл емес.
Бір әйелдің сөзіне
Ашуланғаның жөн емес.
Сен үйіңе бар,—деді,
Әкең менен шешеңнің
Құлағына сал,—деді,
Ұлықсатын ал,—деді.
Әруақ қонар, қарағым,
Ұлықсат алып бар,—деді.
Хабарласпай кеткен соң,
Қайғыменен өлмей ме,
Үйдегі кемпір-шал,—деді.
Әруақ қонған ер болса,
Айтқан тілді ал,—деді.
Алдына батыр келеді,
Жаскелеңде қайла көп еді,
Өтірік ауырып келді деп еді.
Ауырып келіп жатады,
Ауырғаны кемпір-шалға батады.
Кемпір-шал келді-ау жүгіріп,
Көзінің жасы-ау төгіліп,
Қабырғасы сөгіліп.
Көзінің жасы тамады-ай,
Мойнына бұршақ салады-ай.
—Жолыңа жаным құрбан,—деп,
Ауырады қай жерің, жаңғызым?—деп сұрады.
Баласы сонда сөйледі:
—Әй, ата, мен өзіңе тартқан батырмын,—деп,
Жауға бармағасын әруақ қысып жатырмын,—деп.
Сонда кемпір-шал сөйледі:
—Қарағым, алмай жүрген дауың бар ма,
Өзіңнің көңіліңде баратұғын жауың бар ма?
Баласы сонда сөйледі:
—Қайда кетті Қази ер,
Артынан соның бармасам,
Жауын бірге алмасам.
Бөрібайдың баласы,
Асылы жаман болды деп,
Қатарынан қалды деп,
Маған ел айтар,
Қатар-құрбы сол айтар.