Қобыланды батыр (7-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Ар жағымды сұрасаң,
Қазақ-созақ ел едім.
Сол созақтың ішінде
Естекбай, Мәстекбай хан екен,
Естекбай деген ер екен.
Мен де сенің ағаңмын,
Ақсақалды бабаңмын.
Аққұртқаның тойы бар,
Сол тойына барамын.
Бұйырса Құртқа, аламын,
Бұйырмаса, қаламын.
Тойға барып көп кісі,
Соның бірі боламын.
Қобылан сонда ойлады:
«Мен де тойға барайын,
Бұйырса Құртқа алайын,
Бұйырмаса қалайын.
Тойға барған көп кісі,
Соның бірі болайын»,—деп,
Қобылан қосқа қайтып келеді.
Қостағы қырық кісіге,
Қобылан сөйлей береді,
Сөйлегенде не дейді:
—Әй, қырық жігіт, қырық жігіт, сендер елге қайтпаңдар. Қайта қойсаңдар, әжем менен көкеме мені айтпаңдар. Әжем жалғызым деп зарланар, көкем қайғыланып сандалар, қарағым Қолаңым қайғы ойлар.
—Кер бие-ау, сенде құлын жоқ, мен қасқаның ұлы жоқ. Кер бие-ау, сенің құлының болмағасын, жалың жоқ, менің ұл болмағасын, сәнім жоқ. Сенен құлын туса, менен ұл туса, енші қылар едім мен бейбақ балама. Мендей тілек тілеп жүре көр, сен зарлап.
Кер бие құлын туыпты,
Одан туған құлынды ешкім көрмей,
Көптігімен жылқының
Жеті жыл құр жүріпті.
Шешесінің айтқанынан
Қобылан естіп біліпті.
Тойға барарда үйретіп,
Сол торы айғырды мініпті.
Тоқпақ жалды торы айғыр,
Жеті жылғы құр айғыр.
Қобылан батыр жөнелді,
Үзеңгісі үзбе алтын,
Құйысқаны құйма алтын.
Жүгенінің бәрі алтын,
Сағалдырығы сары алтын,
Қамшысының сабы алтын.
Қырмызыдан терлігі,
Жібектен белдігі.
Атадан жалғыз демесең,
Артық еді қайраты мен ерлігі.
«Шу» деді де жөнелді
Аққұртқаның тойына.
Он екі айлық жер еді,
Күні менен түн жүрді,
Өтірік емей, шын жүрді.
Он екі айлық жер еді,
Он екі күнде жетеді.
Жиналған кісі көп екен,
Орақтың өлген жылы екен,
Со жылы ноғай тұл екен.
Қарасай, Қази—қос жайсаң
Тайқара атты жетектеп,
Келген екен тобымен.
Жаңбыршының Телағыс
Ақмоншақ атты жетектеп,
Бұ да келді тобымен.
Уәлидің Құбықұл құлаш,
Атты жетектеп бұ да келді тобымен.
Жаманбайдың Әуезі,
Ала атын жетектеп,
О да келді тобымен.
Көкаман қасқа, Көкқасқа,
Айқасқа мен Жанқасқа—
Ағайынды бес қасқа.
Қытайдың қызыл шәрінде
Аңқан, Жаңқан
Бұ да келді тобымен.
Быршымбай мен Көбікті
Бұ да келді тобымен.
Қараман Исапан
Бұ да келді тобымен,
Қайтпастың ауыр қол табымен.
Балуан сұлтан, батыр хан
Бұ да келді тобымен.
Тасқалалы Қазан
Бұ да келді тобымен.
Алшағыр мен бала хан
Бұ да келді тобымен.
Жұрт жиналған жер екен,
Аламан әскер көп екен.
Жұрт жиналып тұрғанда,
Тойдың иесі Көкаман
Айқай салып ақырды,
«Балуан» деп шақырды.
Мұсылман, кәпір қалма деп,
Жүйрігің болса айда деп,
Қарға бойлы Қазтуған
Мұсылманның ханы еді,—
Сексенге келген шал екен,
Қалмақтың басы балуан
Теміркөт, қолакөкірек,
Шойынкеуде деген қалмақтың балуаны
Ортаға барып отырды.
Беліне бес бұт шынжыр буынып,
Қабағын тастай түйініп,
Ортада тұрып сөйледі:
—Жерге біткен желкек жоқ,
Орамал бар да, телпек жоқ.
Кешегі Орақ өлгенсін,
Менімен күресетін мұсылманда еркек жоқ.
Қарға бойлы Қазтуған
Жан-жағына қарады,
Орақты жоқтап жылады:
—Мұсылманның баласы-ау,
Күресетін кім бар,—деп.
Кешегі өткен Орақтың
Ізіне болдым ділгар,—деп.
Екі көзі жаудырап,
Тұлымшағы салбырап.
Желке айдары желкілдеп,
Құралай көзі мөлтілдеп.
Екі иығы бүлкілдеп,
Тұла бойы селкілдеп.
Торайғырдың үстінен
Түсіп қалды ер Қобылан.
—Батаңды бер, ата-еке,
Мен бар деп ол қалмақ,
Асқар ала биік таудай,
Ер Қобылан тау үстінде тұрып,
Тайдай екеуі күрес салады.
Жеті күндей күресті,
Бірін-бірі тіресті.
Орақтан туған қу Қази,
Сарала туы салбырап,
Шашағы тұс-тұсына жалбырап,
Астыңдағы көк аттың,
Салып кетті санына,
Жаман батты жанына.
Қобыландының қу Қази
Жетіп барды жанына.
Бара сала сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Сен сен едің, сен едің,
Мен мен едім, мен едім.
Мен болғанда кім едім,
Баба бір Түкті Шашты Әзиз,
Едіге сұлтан, Нұрадын,
Мұса мен Орақ ағам-ай,
Қарасай, мен—Орақтың баласы-ай,
Маған кімнің шарасы-ай.
Сен сен едің, сен едің,
Сен болғанда кім едің.
Сен үлкен тымақ, кең қоныш,
Қазақ деген сен едің.