Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (24-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Ұйқың әбден қанғансын,
Түйені сұлу көрсеткен
Дулығалы нар еді.
Суды сұлу көрсеткен
Қарағай, қайың, тал еді.
Мені көрсе көкеңнің,
Қасарма мінезі бар еді.
Мезгілді уағың болғансын,
Алғаным, саған барармын,
Өзім тауып алармын.
Қобылан шықты далаға,
Барды дағы ұйықтады
Қалың шалғын биік ағаш саяға.
Қобылан ұйықтап қалады,
Жеті күн жатты со жерде,
Дәл жеті күн болғанда,
Ұйқысы сонда қанады.
Ұйықтап жатып түс көрді,
Түсінде жаман іс көрді.
Жан-жағына қарады,
Жан жолдасы торы атты
Тұра сала шақырды.
Жан жолдасы торыша ат,
Төрт аяғы сом болат,
Қолтығында қос қанат.
—Мойыныңа жұмсақ болсын деп
Жібектен арқан шешең Аққұртқа тағып ед.
Түгіңе жұмсақ болсын деп
Шешең сенің Аққұртқа
Мақпалдан жабу жауып ед.
Көңілің өсіп тұрсын деп
Жал құйрығыңды өріп ед.
Тілден аман болсын деп
Молдадан тұмар алып тағып ед.
Шапқанда жеңіл болсын деп
Қара тоқты сорпасын
Қайнатып саған беріп ед.
Тісіңе жұмсақ болсын деп,
Арпа менен сұлыны
Нар сүтіне қайнатып беріп ед.
Жан серігім тор бесті-ай,
Алдымнан туған аға едің,
Артымнан туған іні едің.
Менің балам сен едің,
Баламдай көріп жүр едім.
Торы бесті ат,—деп шақырды,
Торы бесті ат ақ шатырдың басында,
Дөңгелек сордың қасында
Торыша ат жусап тұр еді.
Көп құланның ішінде,
Шақырғанын тор бесті ат
Қобыландының біледі,
Құлағына тиеді.
Тілегімді берді деп,
Көзімнің жасын көрді деп,
Жаңғызымның дауысы
Құлағыма тиді деп.
Құланменен қоштасып,
Торы ат шауып жөнелді,
Қобыландыға келеді,
Қобыланды сөйлей береді:
—Жан серігім торы ат,—деп,
Мойынынан құшақтап,
Танауынан сүйеді.
Торы атқа Қобылан сөйледі:
—Айналайын торы бесті ат,
Төрт аяғың сом болат.
Қолтығыңда қос қанат,
Жануар, бүгін жылдам шап.
Менің көрген түсімде,
Түсімде көрген ісімде,
Атаңа нәлет Алшағыр
Мені алдап жіберіп,
Ауылымды шауып жүр.
Шешем менен әкемді
Мал соңына салып жүр.
Ықтиярсыз бағып жүр,
Аққұртқа менен Қолаңды
Темір үйге салып жүр.
Қапшықтан көйлек киіп жүр,
Қалмаққа тезек теріп жүр.
Таңертең кетіп далаға,
Кешке келед қалаға.
Мазақ болды екеуі
Қаладағы қатын-балаға.
Жеткізе көр, тор бесті ат,
Енді бармай балама.
Жеткізермісің, тор бесті ат,
Жетінші күні қонаға.
Тор бесті аттың төменгі ерні жыбырлап,
Жоғарғы ерні қыбырлап,
Тор бесті атқа тіл бітті,
Әңгіме айтып зырғытты:
—Жүру деген қиын ба,
Жеті күн маған бұйым ба?
Үзеңгімді ұзартшы,
Құйысқанымды қысқартшы.
Төс айылым төс тартшы,
Шап айылымды қысқартшы.
Салшы қамшы саныма,
Қарама бұттан шыққан қаныма.
Жеті күнге жеткізбей,
Әжем Аққұртқаның жеткізермін жанына.
Денсаулық берсе пірлерім
Бір шыбындай жаныма.
«Шу» деді жөнелді,
Әрі-бері жүргесін
Жүргенін торы ат білгесін,
Арандай аузын ашады,
Ақ көбікті шашады.
Жерде жатқан қара тас
Саз балшықтай басады.
Екі танау пырылдап,
Басын тартса, торы аттың
Бөксесі кетті қырындап.
Өлең айтып ән салды
Батыр Қобылан шырылдап.
Қыдырбайдай атасы—
Қу таяғы қолында,
Көп түйенің соңында,
Келеді деген баласын
Шалдың жоқ қой ойында.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз