Қобыланды батырдың баласының жыры (3-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Торы атқа көзін салады,
Асыл туған Аққұртқа
Атты барып көреді,
Көзінің жасын төгеді.
Өзінің көрген түсінен
Қорқып Құртқа жүр еді.
Қайғысыз Қобылан ер еді,
Құртқа келіп Қобыланға
Сөйлей қоя береді:
—Торы бесті атың желіп тұр,
Құлағын екі түріп тұр,
Бір дүбірді біліп тұр.
Басыңды көтер, алғаным,
Қағып төсек салғаным.
Ақ дәретіңді ал, —деді.
Сауытыңды ки деніңе,
Алмасыңды іл беліңе.
Сәуелім шайтан болмаса,
Дұшпан келді еліңе.
Сонда Қобылан сөйлейді.
—Әй, қатын-ай, қатын-ай,
Жоқ екен сенде ақыл-ай.
Нан піспей ме деміме,
Кім келеді шеніме.
Келе алмайды қызылбас
Басып кеткен ізіме.
Ұйқымды жатырмын қия алмай,
Төсегімнен тұра алмай.
Айтқан ауыз жұмғанша,
Жаулар аулын қамады.
Қобыландының мақпал түндігін
Найзаменен алады.
Қобыландының ауылы
У-шу болып жылады.
Асыл туған ер Қобылан
Төсектен тұра жүгірді.
Тай торы атқа мінеді,
Сауыт кимей деніне,
Қару алмай беліне,
Қысылып шықты жалаңаш
Жау келгенсін аулына.
Астында торы ат ойнайды,
Ауыздығын шайнайды.
Ауылға келген қалмақты
Қойдай қылып айдайды.
Қанша қалмақ болса да,
Ауылға тиген қалмақтың
Біреуі өлмей қалмайды.
Қалмағы түскір көп екен,
Жапындыда тұр екен
Бес жүз кісі шамасы.
Ауылдан жауды айдады,
Қыдырбайдың баласы.
Ер Қобыланның жоқ еді
Іні менен ағасы.
Астындағы торы атты
Суын айғыр шауып еді.
Жеті-жеті болғанда
Суға салып алатын.
Суға салса торы аттың
Екі қанаты бар еді.
Құлаш жарым қанатын
Суға салса жаятын—
Қобыландының өзі көретін.
Сол себептен торы атқа,
Жан жолдасым деп сенетін.
Асып кетті торы аты
Суға салар күнінен.
Бауырын торы ат жазалмай,
Қанатын жайып шабалмай,
Айрылды торы ат күйінен.
Қобыланға көзін салады
Қызылжардың үстінен.
Жамалдағыр торы ат,
Тартса басы әл бермей,
Суға қарап шабады.
Торы ат суға ырғыды,
Ауыздығы үзіліп,
Қобылан аттан жығылды.
Торы ат кетті құтылып,
Қобылан суда қалды тұтылып.
Өмілдірік үзіліп,
Ері қалды сыпырылып,
Қобылан суда қалады.
Жабыла қалған көп қалмақ,
Ұстай алмай торы атты
Бәрі айырылып қалады,
Торы ат кетіп барады.
Қобылан елдің ауылын
Қалмақ шауып алады.
Аққұртқа менен Қобыланды
Қара нардың үстіне
Екеуін жайдақ мінгізді.
Ақмаңдай мен Қыдырбай,
Екі қасқа сұмырай
Малдарын жаяу айдады.
Азғантай ауыл қазақтар
Жауға түсіп шулады.
Қыз беретін Қодарды
Қалмақтар мазақ қылады,
Қодарды бірге алып барады.
Сұлукөлдің қасында
Аққұртқа бала табады.
Айдаса жөнге жүрмеген
Қобыландының көп малы
Баланы келіп қамады.
Аққұртқадай сұлуды
Ортаға малдар қамады.
Қолакөкірек деген ит қалмақ
Шабамын деп баланы
Алмасты қолға алады.
Қалмақ шауып келгесін,
Өлтіретінін білгесін,
Отыра қалып үстіне
Аққұртқа қасқа жылады.
«Өлтірме» деп қалмақтан,
Еңіреп тұрып жылады.
—Қысқарып қалған талабым,
Қара маңдай қабағым.
Өлтірмеші құлынымды,
Мен алмайын, сен өлтірме,
Далада қалсын ылағым.
Кімдер қорған болады,
Шаранада қалған шырағым.
Таңдайым кеуіп шөлдеймін,
Суалғасын бұлағым.
Қараңғыда қалып адастым,
Қап-қара бізді шаң басты,
Сөніп қалып шырағым.