Қобыланды батыр (14-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қобылан сұрап алады,
Құлдың атын мінеді,
Құл киімін киеді.
Құлдың болып біреуі,
Жылқыға құлын ертіп жөнелді.
Көп жылқыға келеді,
Бір тайын қалдырмай,
Шағырдың аулының үстінен жылқы құлады,
Күн батқанша шұбады.
Алшағыр мұны көреді,
Жанады да күйеді.
Құдай ұрған Алшағыр
Сар жорға атқа мінеді.
Бес жүз кісі қасында,
Қобыландыға келеді,
Сөйлегенде не деді:
—Мал түспеген жеріме,
Қорып тұрған көліме
Жылқы салған нең деді,
Саған жылқы сал деген кім еді?
Жапырылды шабыным,
Қарағай менен талдарым.
Атаңәлет шұнақ құл,
Саласың кімнің малдарын?
Сонда Қобылан сөйледі:
—Тынық жатқан көліңді,
Шабыныңды жабырып,
Қарағай, талыңды құлатып,
Көліңді ылай қылған мен едім.
Тыныштық жатқан еліңе
Бір күн салайын деп едім,
Туырлығыңды тоқым қылайын деп едім.
Керегеңді қиратып,
Отын қылайын деп едім.
Қыздарыңды еріксіз
Қатын қылайын деп едім.
Не қылайын деп едің?!
Қойға тиген бөрімін,
Тарытпай қойман қоңынан.
Қиямет-қайым болғанша,
Мен қалмаймын соңыңнан.
Қызығымды ертең көр,
Қызылды-жасыл ту алып,
Найзамды қанға суырып,
Тиермін, бәлем, оңыңнан.
Әкемді аңыратып, шешемді зарлатып,
Тоғыз ұлыңды көргізіп,
Әкемнің ішін күйдіріп,
Неше жыл жаяу жүргізіп,
Неден кегің бар еді?!
Тазыңның сөзін тигізіп,
Балаңды тоғыз көрермін.
Мен таудағы тарлан бөрімін,
Аулыңа, бәлем, тиермін.
Тиермін де шабармын,
Кегімді, бәлем, алармын.
Алшағыр сонда сөйледі:
—Әкең менен шешеңді
Ойыңа салған мен едім.
Сен туса екен деп едім,
Тілегіңді тіледім.
Тоғыз қызым кенжесі—
Ақбілек деген қызымды
Саған сақтап жүр едім.
Тоғыз балам сенімен он болып,
Ауыр әскер қол болып,
Жирен деген көлімді,
Ешкі қырған деген белімді,
Көрімдікке мен бердім,
Алыпсың ғой Аққұртқа деген келінді.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Сенен сұрап алам ба,
Жирен деген көліңді,
Ешкіқырған деген беліңді,
Қобда деген жеріңді?
Шаппай қойман еліңді,
Қимай қойман жеріңді.
Сонда Алшағыр сөйледі:
—Айналайын Қобылан-ай,
Бағыма менің туған-ай.
Қарағым, үйге жүріп кет,
Маған қонақ болып кет.
Алмасаң да арнадым,
Қарағым, жүр де көріп кет.
Қобылан өзі ер еді,
Езу тартып күледі.
Алшағырға ереді,
Аулына еріп келеді.
Алшағыр келіп ақырды,
Қыз-келінін шақырды:
—Қыз-келіншек қайдасың,
Қобыланды жалғыз қоймасын.
Атын ұстап байласын,
Үстіне отау сайласын.
Қыз-келіншек жиналып,
Күйеуменен ойнасын.
Үстіне отау сайлады,
Атын ұстап байлады.
Қыз-келіншек жиналып,
Қобыландымен ойнады.
Күннің көзі батпай-ақ,
Елдің алды жатпай-ақ
Ақбілектей сұлуды
Маржан тісін тізілтіп,
Раушан көзін сүзілтіп,
Шытырмақ көйлек етінде,
Күн сәулесі бетінде,
Қобыланға алып келеді.
Қалампыр исі аңқыған,
Адамның бойы балқыған.
Салса балта өте ме,
Шағырлы таудың басынан.
Нелер келіп, нелер кетпейді
Ер жігіттің басына.
Ақбілегін асына,
Ақбілек келіп отырды
Қобыландының қасына.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Ақ отау деп жүргенің,
Қалашының қосы ма?
Шаңырақ деп жүргенің,
Шайгүм ілген мосы ма?
Көзің тұздай, мұрның біздей,
Әкеңнің сақтап қойған кейіпің осы ма?