Қобыланды батыр (25-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Көп түйенің ішінен
Қобыландының еншісі
Қара нар боздап өтті зар-зар.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Қара нарым боздайды,
Құдай бізді қай уақытта оңдайды.
Лүпілдейді жүрегім,
Келер ме екен тілегім.
Көзім неге тартасың,
Жаңғызымды көрем бе?
Ерні құрғыр тартасың,
Жаңғызымды сүйем бе?
Иығы құрғыр тартасың,
Бүтін киім кием бе?
Тақымы құрғыр тартасың,
Мен де атқа мінем бе?
Келе жатыр бір адам,
Төскейден жалғыз құлаған.
Қыдырбайға келеді,
Келе сәлем береді.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Ағаликүмассалам,
Дүзің айдай, атың жарау,
Түн қатып сапар шеккен неткен адам,
Шырағым, не естідің, нені білуің бар еді?
Сен сияқты жалғыз балам—
Оның да мінгені тап осындай торы жылқы,
Тиылды жалғыз кетіп ойын-күлкі.
Әкесі сол баланың мен сұмырай,
Жауға кетті мал, қатыны, қарындасы, барлық мүлкі.
Қобылан ер таянып көк найзасын,
Таянып ойға қалды,
Қор болған әкесіне көзін салды.
—Қайткенде, ата, қамыңнан құтылам,—деп,
Бақырып тор бесті аттан түсе қалды.
Қыдырбай нанар, нанбасын біле алмайды,
Мені мазақ қылған біреу ме деп,
Көңілі Қыдырбайдың сене алмайды.
Бақырып Қобылан батыр жылай берді:
—Әжекем, Қолаң бар ма?—деп сұрай берді.
Көңілі Қыдырбайдың сонда сенді,
Жалғызым көретұғын күн бар екен деп,
Бетінен Қобылан ердің сонда сүйді.
Қыдырбай Қобыландыға сөйлей берді:
—Білген екен қара нар,
Жыладым мен зар-зар.
Мына қырдың астында әжең бар,
Қу таяғы қолында,
Көп сарықтың соңында,
Әжең, менде арман жоқ,
Сен келгесін жалғызым,
Күніміз туды оңынан.
Келед деген ойда жоқ еді,
Ішіміз жалын шоқ еді.
Түйені тастап далаға,
Алмас өскен қараға,
Сары атан мініп алып,
Қобыландының артынан
Қыдырбай шауып жөнелді.
Келе жатса Қобылан ер,
Шешесі оның Ақмаңдай,
Көп сарықтың соңында,
Қу таяғы қолында,
Жүгіреді шайт-шайттап,
Жете алмайды айтақтап.
Көзінің жасы төгіліп,
Қабырғасы сөгілді,
Табаны тасқа ойылды.
Табанынан аққан қара қан
Бес саусағы жуылып,
Жүгіреді бүкшеңдеп.
Табанынан тас кірсе,
Отырып алат кекшектеп.
Келе жатыр бір адам,
Төскейден жаңғыз құлаған.
Аты жарау, өзі аш,
Өксігін баспай жылаған,
Кемпірге келді сол адам.
Кемпірге салып келеді,
Кемпірдің бойы балқып еді,
Қатып қалған емшегі
Үрпіне сүт келеді.
Кемпірге келіп ер Қобылан,
Кемпірге келіп жылады.
«Мамамды бер» деп сұрады,
Сонда кемпір сөйледі:
—Құдай-ау, нанайын ба, нанбайын ба,
Зарланып мен зарығып жүргенімде,
Құдай беріп еді маңдайыма.
Әулие берген Қобыландыны
Тағы берет деп нанайыншы Құдайыма.
Жалғызым келмей жүргенде
Қандаймын мен,
Ботасы кеткен нардаймын,
Сағынғаннан зарлаймын.
Өңім бе, Құдай, түсім бе,
Түсім бе деп нанбаймын.
Қарағым, жалғыз Қобылан-ай,
Жалғызым аман келгесін,
Жоқ қой менде арман-ай!
Қарағым, жылдамырақ бара көрші,
Тұтқында жатқан Қолаң мен
Құртқаны жылдам ала көрші.
Құдайдың берген құл болсаң,
Әулие болған ұл болсаң,
Қалмақты өзіміздей қылып шаба көр.
Қалмақтың бүгін үлкен тойы еді,
Қолаң мен Құртқаны бүгін алатұғын күн еді.