Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батырдың баласының жыры (4-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Құдай-ау, Құдай, құлаттың
Қазақтың туы, ұранын.
Сағынып көрген құлыным,
Сұлукөлдің басында,
Тау Омақаның қасында
Болып қалды-ау тұрағың.
О дүниеде ұжмақтың құсы болып,
Көкеңе жолыққайсың, шырағым.
Босағам сынды борлаған,
Керегем сынды торлаған.
Шаңырағым сынды шатынап,
Жаңғызымнан айрылып,
Маңдайым қалың сорлаған,
Тілінді табан қорланған.
Ішіме түсті қалың шер,
Тарамайтын шорланған.
Көтерілді Қобдадан
Неше жылдай орнаған.
Қобда қалсын әдіра
Бізге құтты болмаған,
Жаңғызымды жалмаған
Әдіра бізден қалдың ба,
Қобданың алпыс саласы-ай,
Қарағай-қамыс қоғасы-ай.
Әдіра бізден қалдың ба,
Қобданың тау мен арасы.
Әдіра бізден қалдың ба,
Бетегелі баурайы,
Сайы да менен саласы-ай.
Көрінер жерде қалмады-ау
Жаңғызымның моласы-ай.
Артында қалды аңыраған
Жаңғыздың ата-анасы.
Елдің кетті панасы,
Азғантай ауыл қазақтың
Бақытсыз қатын-баласы.
Әуелде жазып қойғасын,
Құдайдың қылған ісіне
Пенденің бар ма шарасы?!
Дүниеде жазылмас
Ақ бетімнің жарасы.
Жауға түсті-ау жаңғыздың,
Қорғаны болмай ауылы.
Түйеге мінді жаңғыздың
Жетім қалып бауыры.
Бүйтіп те Құдай бола ма,
Жаңғызымды жұтқанмен,
Жер мен суың тоя ма?
Олар кетіп қалғасын,
Бөрібай деген бай еді,
Төрт түлікке сай еді,
Малы көп дүниеге мол еді.
Он қатыны болса да,
Бір перзентке зар еді,
Баласы жоқ жан еді.
Бөрібайдың есікте
Қара күңі бар еді.
Қара күңге тыным болмады,
Күндіз жүріс тыным жоқ,
Түнде жатса ұйқы жоқ,
Құлағына тыным болмады,
Жұмсамай тіпті қоймады,
Қара күң ойды ойлады:
«Кел, бұ байдан кетейін,
Тыныштық тыным болмады-ау,
Мұнда жүріп нетейін.
Бөтен байға жетейін,
Басымның қамын етейін».
Қара күң қашып жөнелді,
Келе жатып қара күң
Қоғалы көлдің басында,
Қос шоқының қасында
Жылап жатқан балаға
Қара күң салып келеді,
Күңнің көзі көреді.
Баланы көріп қара күң,
Бойы балқып иеді,
Балаға емшек береді.
Бала емшек ембеді,
Күңге қолын сермеді.
Баланы аяп қара күң,
Қасында тұрып еңіреді:
—Бар шығар-ау сәбидің
Атасы менен анасы.
Емессің ғой, қарағым,
Тегін кісі баласы.
Еміздік жоқ, емшек жоқ,
Кімнің тиіп жатыр екен панасы.
Өзімнің балам дер едім,
Бойыма менің симайды-ау.
Өзіне-өзі қимайды-ау,
Тағыда күң ойлайды-ау.
Ізімше кейін қайтайын,
Баласы жоқ жан еді-ау,
Бар арманы бала еді-ау,
Бәйбішеге айтайын.
Байға қайта барайын,
Бәйбішеден сүйінші сұрайын.

Қайтадан келді жүгіріп,
Тұрмады құрттай кідіріп.
Қорқып келді ұрсат деп,
Көзінің жасы шұбырып.
Кідірмей келді жүгіріп,
Бәйбіше тұрып ақырды:
—Неше күндей жоқ болып,
Қайдан келдің сен?—деді.
Ұлықсатсыз көргенсіз,
Қыдырып кеткен нең,—деді.
Қыдыра берсең сен бүйтіп,
Өлтірмей қойман мен,—деді.
Қорыққаннан қара күң,
Отыра қалып еңіреді.
Еңіреп тұрып сөйледі:
—Өлтірсең де шынымды айтайын,
Бәйбіше-ау, өзің біл,—деді.
Қашып едім далаға
Шынымды айтпай бола ма.
Қоғалы көлдің қасында,
Тас шоқының басында,
Жолықтым бір балаға.
Жаңа туған жас бала,
Өзгеше оның сүйегі,
Мен көрмеген масқара.
Басы бақыр қазандай,
Сонадай жерден көрінді
Қайырға шөккен сазандай.
Омырауы есіктей,
Мойынды еті бесіктей.
Саусағына қарасам,
Құмға шыққан көсіктей.
Баланы барып мен көрдім,
Көрдім дағы мен идім,
Емшегімді мен бердім.
Емшегімді ембеді,
Қолыменен сермеді.
Шаранадағы жас бала
Қолы жұмсақ тимеді.
Көріп келдім мен,—деді,
Бәйбіше саған тең,—деді.
Кел, қасыма ер,—деді,
Көрсетейін мен,—деді.
Күңнің айтқан бұл сөзі
Бәйбішенің құлағына жағады.
Айтқан сайын бәйбішенің
Бойы балқып барады.
Бәйбішенің құлағына тиеді,
Бойы балқып иеді.
Қатып қалған шандырдың
Үрпіне уыз келеді.
—Тағы айтшы, күңім, тағы айт,—деп,
«Бала» деген аузынан
Күңнің барып сүйеді.
Көк арбасы күймелі,
Қара арбасы түймелі.
Жорға жегіп сүрмелі,
Он екі қатын бас қосып,
Балаға қарап жөнелді.
Ол қатынның біреуі
Жаңағы айтқан күң еді.
—Тауып алсам баланы,
Айналайын, күңім-ай,
Кіндік шеше қылам деп еді.
Балаға салып келеді,
Басшы болып қара күң
Баланы тауып береді.
Баланы көріп бәйбіше,
Бойы балқып иеді.
Қатып қалған шандырдан
Сүт парлады деп еді.
Арбаға баланы салады,
Аулына алып барады.
Бай да көзі көреді,
Төбесі көкке тиеді.
Тым көрмеген көзі бай,
Бойы балқып иеді.
Шөлдеп жүрген Бөрібай
Баланы барып сүйеді.
Таңдайы кепкен бейбақтың
Сусыны қанды деп еді.
Бөрібай байғұс қуанып,
Бәйбішеге сөйледі:
—Қарағай екен, тал екен,
Айыр екен, нар екен.
Жая екен, жал екен,
Алуа екен, бал екен.
Біздің үйден де, қатын-ау,
Жас баланың иісі
Шығатын күн де бар екен.
Асау сойып ақырталық,
Мая сойып бақырталық.
Ығы-жығы той қылып,
Халықты қоймай шақырталық.
Халықты шақыралық, бата алалық,
Балалы кісі болып атаналық.
Бала малдың сәні екен,
Баласы жоқ мал жинап,
Далада жүрген мал екен.
Бәйбіше тұрып сөйлейді:
—Әй, байым-ай, байым-ай,
Той жасауға жетеді,
Байым, сенің малың-ай.
Қол жайып көктен сұрасақ та,
Алдық қой жерден тауып-ай.
Он бес жасқа жеткенше,
Өсірелік бағып-ай.
Он бес жасқа келгенсін,
Малға айғыр салмалық,
Бір жыл төлін алмалық.
Сол жылы мал семірсін,
Малдың бәрі ту болсын.
Той малыңа сойғаның,
Ту бие мен қой болсын.
Етіңнің бәрі май болсын,
Халықтың көңлі жай болсын.
Бай да қабыл алады,
Баланы жақсы бағады.
Ақсақал жинап ат қойды,
Жасымыз толып таптық деп:
Ұлдың аты—Жаскелең,
Қыздың аты—Жансұлу.
Он беске бала келеді,
Жас он беске келгенше,
Той қылмады деп еді.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз