Қобыланды батырдың баласының жыры (7-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Артынан соның барайын,
Қалмақпен соғыс салайын.
Он бесіме келгенде
Қайратымды сынайын.
Сонда Бөрібай сөйледі:
—Қарағай екен, тал екен,
Түйенің көркі нар екен.
Азамат болып ат мініп,
Біздікінен енді Құдай-ай,
Азамат шығатын күн бар екен.
Жүремін десең, жаңғызым,
Ат та тауып беремін,
Қару да тауып беремін.
Дүниеде мен қубас
«Кім атымды шығарат» деп
Арманда болып жүр едім.
Алты құлаш ақ бедеу,
Төрт аяғы қара алтын,
Кесер басы сары алтын
Ақ биеге мінеді.
Үзеңгісі үзбе алтын,
Құйысқаны құйма алтын,
Сағалдырығы сары алтын,
Қамшысының сабы алтын,
Шығыршығы шын алтын,
Жүгенінің бәрі алтын
Бес қаруды белге ілді.
Ақ болаттан тон киді,
Жауатын бұлттай түнерді.
Енесін іздеген құлындай,
Асығып бала жөнелді.
Тұла бойы қозғалып,
Екі иығы бүлкілдеп,
Тап осындай бар еді
Қобыландының мінезі.
Бала жауға жөнелді,
Келе жатып жылайды:
—Арманда болған анамды,
Армансыз болып мен көрсем.
Емшекке қатқан уыз сүт,
Ылжыратып мен емсем.
Атаңәлет қалмаққа
Қиқу салып мен тисем.
Өзімдей қылып балаларын жылатсам,
Қолакөкіректің қызыл қанын шұбатсам,
Аулымдай қылып аулын шауып алсам,
Апамдай қылып ат көтіне қызын салсам,
Қалмақтың дымын қоймай шауып алсам,
Балаларын жолға тастасам,
Болмас еді арман-ай!
Сонда болар едім
Көкеме анық тартып туған-ай.
Аша көр менің жолымды,
Бере көр, Алла, оңымды,
Сиынған пірім көкемнің пірі,—деп,
Шабуыл салып келеді.
Қобыландының төрт бүркіті
Төбесінде ойнайды.
Қобыландының жай бұлты
Төбесінде жайнайды.
Қобыландының әруағы
Жаскелеңге орнайды.
Алпыс күн қонды араға,
О да едәуір жер ғой
Жол жүрмеген балаға.
Алпыс күндей жол жүрді,
Күні-түні бұл жүрді.
Дәл алпыс күн болғанда,
Таң сімері жауғанда
Ер Қазиға келеді.
Он екі қабат ор екен,
Тоқсан қабат тор екен.
Айнала салған тас қорған,
Қобыландыны жоқтап біреу келер деп,
Қорған салып жүр екен.
Сол қорғаннан Қази батыр
Өте алмай жүр екен.
Жаскелең бала келеді,
Қазиға сәлем береді.
Сонда Қази сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ағаликумассалам,
Аманбысың, жан балам.
Қабағыңа болайын,
Қасарма туған ерсің-ау.
Тұрпатыңа қарасам,
Қобыландыдай көрінген,
Көрінсе көңіл сүйінген,
Сенің өзің кімсің-ай?
Сонда бала сөйледі:
—Мен мен едім, мен едім,
Мен болғанда кім едім.
Бөрібай шалдың баласы,
Жаскелең інің мен едім.
Сендей асыл ағадан
Сауға аламын деп едім.
Сонда Қази сөйледі:
—Жақсы айтасың, шырағым,
Баланы сендей сүйемін,
Сауғаны саған беремін.
Келмеген бұрын жерім ед,
Көрмеген де елім ед.
Сасып тұр енді бұл атаң,
Жасым да толып келіп ед.
Осыдан тұрмын өте алмай,
Өтуге тәуекел ете алмай.
Сонда бала сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Он екі қабат орлары
Жер ошақтай жырым ғой.
Тоқсан қабат торлары
Тек салып қойған ырым ғой.
Ер тоқтай ма бұған-ай,
Дәл елудің ішінде
Қартайып пе едің, ағам-ай.
Қолыңдағы туыңды,
Шаппасаң, берші маған-ай.
Сол мезгілде ер Қази
Астындағы көк атқа
Салып-ақ кетті санына,
Жаман батты жанына.
Он екі қабат орынан,
Тоқсан қабат торынан
Қази өтті ақырып,
«Мұса!» деп ұран шақырып,
Жаскелең батыр бұл өтті.