Қобыланды батырдың баласының жыры (8-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қазидың жалғыз баласы,
Айқайды көріп шыдамай,
Әкесінен қала алмай,
Айқай салып бұл өтті,
Қорықпай үш ер өтті.
Өңгесі қалды өте алмай,
Өтуге тәуекел ете алмай.
Қолакөкіректің шешесі
Сол күні көрген түсі бар,
Түсінде жаман ісі бар.
Баласына сөйледі:
—Айналайын, қарағым,
Ел шетіне ер келді,
Жеті әулие пір келді.
Жұртта қалған ақ құлын
Айғыр болып келіп жүр.
Сені тістеп теуіп жүр,
Қызыл қаның төгіп жүр.
Қоңырауыңды қаға көр,
Әскеріңе хабар сала көр.
Сонда Қолакөкірек ақырды,
Уәзірлерін қоймай шақырды:
—Мына кемпірді дар ағаш
Алып барып іліңдер,
Қызыл қанын төгіңдер.
Өзінің түсі өзіне көрінсін,
Өзінің қаны төгілсін,
Қабырғасы сөгілсін.
Кемпірді уәзірлер
Сүйреп жөнелді.
Кемпір келе жатып жылайды:
—Ақ сүтімнің ағы ұрғыр,
Құдай ұрғыр, Тәңір ұрғыр.
Төксең де менің қанымды,
Қобыландының баласы
Еліңді шауып алады.
Сол күні Аққолаң түсті көреді,
Құртқаға сөйлей береді,
Сөйлегенде не деді:
—Айналайын, жеңеше-ай,
Мен айтайын саған-ай.
Тілекті Құдай беріп жүр,
Көзімнің жасын көріп жүр.
Неден себеп болды екен,
Жұртта қалған ақ құлын,
Жеңеше-ау, сені еміп жүр.
Менің ернім тиіп жүр,
Бойым балқып иіп жүр.
Сонда Құртқа сөйледі:
—Есіктің алды ақ балшық,
Аң жібермейді ақ қаншық.
Жоқты бір ойға салдырма,
Ішімді өртеп жандырма,
Жартаста қалған қарғамды,
Ойыма менің салдырма,
Өзегімді өртеп жандырма.
Суалып қалған бұлағым,
Ашылып көзі ағар ма?!
Сөніп қалған шырағым
Дүниеде жанар ма?!
Жартаста қалған қарғамды
Ит пенен құстар жеді ғой.
Кешегі өткен көкесі
Арманда кетті көре алмай.
Жартаста қалған қарағым,
Бұл дүниеде жолықпайды,
Ылағым,—деп еңіреп-еңіреп жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Айтқан ауыз жұмғанша
Аллалаған бір дауыс
Құлағын Құртқаның жарады.
Асыл бір туған Аққұртқа
Телміріп терезеден қарады.
Қобыландыдай бұғақты,
Жаурыны жалпақ сұңғақты
Жаңа өспірім жас бала
Терезенің алдынан
Өте шықты ақырып,
Аллалап ұран шақырып,
Жүрген жерін жапырып.
Қолакөкіректің алтын үй
Кідірмей соған кіреді.
Атын тасқа байлады,
Маңдайы жаудан таймады.
Далаға атын байлады,
Алмасын тасқа қайрады.
Үйге кіріп келеді,
Алтын тақтың үстінде отырған
Қолакөкіректі көреді.
Ұшып тұра келіп Қолакөкірек,
Балаға орын береді.
Орнын берсе алмады,
Қалмаққа көзін салмады.
Құдайым бұл балаға берген күшті,
Қалмаққа көрсетеді түрлі істі.
Ақырып ақ алмаспен бір ұрғанда,
Қолакөкірек екеу болып жерге түсті.
Қолакөкіректің басын кесіп алады,
Қызыл қанын ішкенде,
Шырадай көзі жайнады,
Сусыны сонда қанады.
Қаланы шапты қан татып,
Өзіндей қылып зарлатып.
Қаланың ішін қан қылды,
Қобыландының әруағы
Сол балаға қонады.
Осы бала оқ атты,
Оқ атқанда мол атты.
Қарсы келген дұшпанды
Қағып тастап құлатты.
Жаскелең жүрген жағынан
Тіл қатпады жан шықты.
Қасымның жүрген жағынан
Ойбайлаған шу шықты.
Жаскелең айқай салады,
«Аққұртқа!» деген бір дауыс
Құлағына барады.
Сонда Құртқа сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Айналайын, Ақбикеш,
«Анам» деген бір дауыс
Құлағымды жарады.