Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (5-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Жер өртеніп, тас күйген,
Айдаһардың демі екен,
Қызыл жар айдаһардың іні екен.
Манағы шыққан түтіні
Аузынан шыққан демі екен.
Ахмет те ер екен,
Көрмеген бұрын жер екен.
Ахмет ойды ойлады,
Атын тасқа байлады.
Айдаһардан таймады,
Алмасты қолға алады.
Айдаһардың ініне
Ахмет жетіп барады.
Айдаһар аузын аша алмай,
Ін ішінде қаша алмай,
Айдаһар Ахметке сөйледі:
—Ахмет деген сен,—деді,
Іздегенің мен,—деді.
Менің жүрегім алпысқа келген,
Тар жерден қаша алмай.
Ахмет, сен кетпейсің,
Келген жерден бас алмай.
Ахмет деген ер еді:
—Жанның бәрі бір,—деді,
Бұйым салып сұраймын,
Бұйымымды бер,—деді.
—Құйрығымнан берсем де,
Маңдайға болар ем,—деді.
Ахмет ер еді:
—Жақсы айтасың,—деп еді.
Айдаһармен келісіп,
Айдаһар Ахметке бір елі
Құйрығын кесіп береді.
Бір елі құйрығы, мұнан біл,
Он бес пұт шықты деп еді.
Құйрығын кесіп алады,
Тарлан аттың артына
Бөктеріп мықтап таңады,
Аулына қарай шабады.
Қырық күн жүрген жеріне
Жиырма күнде келеді.
Ақмаңдайдай кемпірге
Алып келіп береді.
Ақмаңдай асап жеп еді,
Шырадай көзі жайнайды,
Жерігі соның қанады.
Ақмаңдай бір ұл менен бір қыз туды,
Өтірік емес, шын туды.
Қыдырбайдың үйіне
Айы менен күн туды.
Нағыз үш күн болғасын,
Баланың кіндігі қалғансын,
Қыдырбай қуанғаннан той қылды,
Осы тойын мол қылды.
Молдалар келіп қамалды,
Сәлдесі қара қазандай,
Баланың атын таба алмай.
Қыдырбайдың бір қойшысы бар екен,
Тоқсанға келген шал екен.
Көңілі тіпті ақ екен,
Қойын жақсы бағатын,
Қойдың бабын табатын.
Қойшы түсті көреді,
Қойшы тойға келеді,
Келе сөйлей береді:
—Шулама, молда, шулама,
Жамыраған қойдай дулама.
Баланың атын таппадың,
Байға неге жақпадың?
Мал алам деген көп молда,
Таяқтарыңды ұстадың.
Манағы қойшы сөйледі:
—Қобда деген жер болсын,
Қобдада туған Қобыланды деген ер болсын.
Қыздың аты Аққолаң—
Қобыланмен туған жұбай-ай.
Ғұмырын ұзақ қылып,
Бақытты берсін Құдай-ай.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Қойшымның аты жақты,—деп,
Қойшым атты тапты,—деп.
Жиналып келген көп молда,
Құдай малдан қақты,—деп.
Әй, Қойшыбай, Қойшыбай,
Бағып жүрген қойың бар,
Қандай малдан ойың бар.
Қалағаның бәрін ал,
Өзім малын берейін,
Он таңбалы Ұрымнан,
Қырық таңбалы Қырымнан
Таңда дағы бір қыз ал.
Қойшы байып ол кетті,
Етке тойып ел кетті.
Нар жетектеп, ат мініп,
Ақсақал молда бұл кетті.
Бата беріп мақтанып,
Кемпір менен шал кетті.
Садақа алып қуанып,
Ақсақ, соқыр, пұшық, таз кетті.
Манағы туған баланың
Балтыры бар бесіктей,
Омырауы есіктей.
Қасқыр ауыз, қабақты,
Бұқа мойын тамақты,
Тасыған судай алапты,
Алғыр бура қабақты.
Алтыннан болды шүмегі,
Жібектен болды түбегі.
Мақпалдан болды жапқышы,
Мәулімнен болды тартқысы.
Бір жасарға келгенде,
Бесіктен бесік қоймады.
Екі жасқа келгенде,
Төр алдына симады.
Үш жасына келгенде,
Асау таймен ойнады.
Төрт жасына келгенде,
Шашылған малын жинады.
Бес жасына келгенде,
Белгілі жігіт болады.
Алты жасқа келгенде,
Ойынды талап етеді.
Жеті жасқа келгенде,
Көңілі әр нәрсеге желденді.

Тағы оқыңыз