Қобыланды батыр (1-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Он таңбалы Ұрымда,
Қырық таңбалы Қырымда,
Қазақ елінде Қыдырбай деген бай өтті,
Төрт түлік малға сай өтті.
Іні де жоқ, аға да жоқ,
Өзінен туған бала да жоқ,
Бір перзентке зар өтті.
Малы артық болды бай,
Перзенті жоқ сұмырай.
Мекендерін сұрасаң,
Қалдығайты, Бұлдырты,
Өлеңті [мен] Шідерті,
Шоқа сайын бір жылқы –
Жирен деген көл еді,
Ешкіқырған деген бел еді,
Қобда деген жер еді,
Қобдада туған Қобыланды деген ер еді.
Қобыланды тумай тұрғанда,
Бұл Қобданың бойында
Алшағыр қалмақтың елі еді.
Қобданың алпыс саласы,
Тоғыз екен Алшағырдың баласы.
Қашан да жау екен
Қазақ-қалмақ арасы.
Алшағыр деген қалмақтың
Тоғыз ұлы бар еді,
Тоғыз қызы бар еді.
Мал менен басқа
Арманы жоқ жан еді.
Сол кезде Қыдырбай
Малдан бөтен еш нәрсесі жоқ шал еді.
Алшағыр ойды ойлады,
Асау сойып ақыртып,
Мая [сойып] бақыртып,
Той қылайын шақыртып.
Қыдырбай тойға келсін деп,
Ұлымды, қызымды көрсін деп,
Ұлым жорға мінсін деп,
Қызым жібек кисін деп,
Қыдырбайдың іші оттай күйсін деп,
Жаңғыздық пен шалдықты
Шекесіне тисін деп.
Алшағырдай қалмақтың
Екі уәзірі бар еді,
Таңырақ мұрын бекауыл,
Шошақ тұмсық жасауыл,
Шақыруға жіберді Қыдырбайға
Таң жаңа атқанда,
Ауыл ұйықтап жатқанда.
Қыдырбай[дың] баласы жоқ,
Қайғысы көп сұмырай
Түлкі ішігін жамылып,
Оттай беті қабынып,
Ұл түгіл, қызының
Басқан ізін сағынып,
Қайғымен іші күйініп,
Жүрегі қабынып.
Екі қалмақ келеді,
Қыдырбай сөйлей береді:
—Қоқаңдаған ит қалмақ,
Неғып жүрсің?—деп еді.
Таң жаңа атқанда,
Жұрттың бәрі [ұйықтап] жатқанда,
Неге келесің еліме,
Келме менің шеніме.
Сөз айтамын асырып,
Жүрмеді көңлім ашылып.
Біз перзенттің жоғынан,
Келдің бе мені басынып?!
Сонда қалмақ сөйледі:
—Алшағырдың әмір бергені,
Қайта етпей әмірін,
Шақырып тойға мен келдім,
Мені неге жау көрдің?
Алшағырдың тойы бар,
Той малына сойдырған
Ту бие мен қойы бар.
Барасың ба, Қыдырбай,
Бармайсың ба, Қыдырбай?
Қыдырбай өзі ер еді,
Үйіне қарап жөнелді.
Бәйбішесі Ақмаңдай,
Ақмаңдайға сөйледі:
—Алшағыр тойға шақырды,
Барамыз ба, қатын-ай,
Бармаймыз ба, қатын-ай?
Барғанымыз жөн болар,
Ауыл арасы жақын-ай.
Сонда Маңдай сөйледі:
—Балалы адам тең еді,
Баласыз адам кем еді.
Тілімді алсаң бармалық,
Бара қойсақ Алшағыр
Көңілі тасқан неме еді,
Малменен басы тең еді.
Барсақ бізге кемшілікті береді,
Бармағаның жөн еді.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Әй, қатын-ай, қатын-ай,
Жоқ екен сенде ақыл-ай.
Бара қойсақ, батыр дер,
Бармай қалсақ, қатын дер.
«Алжыған қақпас Қыдырбай
Үйінде қорқып жатыр» дер.
Мойнымызға алмалық
Жаңғыздық пен шалдықты.
Мойнымызға алалық
Көрсететін байлықты.
Осы малым тұрғанда,
Кім береді маған қорлықты.
Ақмаңдай сонда толғады:
—Неге керек малың-ай,
Малыңда жоқ қой сәнің-ай.
Қырмызы киген қызың жоқ,
Жорға мінген ұлың жоқ.
Арғымақ мініп ақырған,
Дұшпанды көрсе жапырған,
Айбатты туған інің жоқ,
Тойға барар жөнің жоқ.
Қыдырбай қатынының тілін алмады,
Сөзіне құлақ салмады.
Құлдың бәрін ұл етті,
Күңнің бәрін қыз етті,
Қисықты малмен түзетті.