Қобыланды батыр (21-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Жылқыға шауып келеді,
Сүдінін жылқының көреді.
Жау алғанын біледі,
Жалғыз шауып жөнеді.
Темір шоқпар қолында,
Қуып келед соңында.
Былайырақ Қобылан барыпты,
Аттың ерін алыпты.
Тас астаудың қасында,
Қобылан ұйықтап қалыпты.
Көбікті залым келеді,
Келгенін торы ат біледі.
«Жау келіп қалды жаңғыз» деп,
Қобыланды қара санға тебеді.
Ұйқысын ашып тұрғанша,
Ақырып қалмақ келеді.
Қобыланды ұстап алады,
Манағы мықты Қобыланың
Көбіктінің бетіне қарамай,
Алысуға жарамай,
Екпеттей барып құлады.
Торы бесті атты жетектеп,
Тақымға қысып Қобыланды,
Көбікті кетіп барады.
Ауылына келеді:
—Темір үйдің ішіне
Алып барып қама,—деп,
Қарлығаға береді.
Көбікті қызы Қарлыға
Батпансыған батырды
Қолтығына қысып жөнелді.
Алып келіп зынданға
Қобыландыны салады.
Асты—зындан, үсті—темір үй,
Қобыландыны қамады,
Қобылан жалғыз қалады.
Торы бесті атты
Қалмақтар ұстап алады,
Тас қоршау үйге салады.
Жем жемейді, су ішпейді,
Қалмақты теуіп тістейді.
Қалмақтың сексен сегіз кісі бар еді,
Серкені бағып жүретін
Серкебай деген таз еді,
Серкені бағып жүреді.
Көремін деп Қобыланды
Серкесін айдап келеді.
Ойнақтап жүріп бір серке
Зынданға түсті деп еді.
Әңгіме дүкен құрады,
Қасына барып тұрады.
—Шығарып бер,—деп,—серкені,
Қобыландыдан сұрады.
Шығармады серкені,
Қарны ашқан Қобылан
Қарт қасқырдай қабады.
Қобыланды өзі ер еді,
Арманда болып жүр еді.
Қолға түскен серкені
Аш қасқырдай жеп еді.
Құдай ұрған Серкебай:
—Тыңдамадың,—деп,—сөзімді,
Өлтірейін өзіңді.
Қазандай қара қотыр тас
Қобыландының үстіне
Домалатып жіберді.
Қобыландының пірлері
Тасты ұстай алады.
Салқын болса Қобыланға,
Тас от боп жанады.
Суық болса Қобыланға,
Тастан сусын тамады.
Серкебай оны көреді:
«Қобылан, мен тамыр болайын,
Әулие екен»,—деп еді.
Өзі түсіп кетті деп,
Күнде бір серкені
Қобыландыға береді.
Қобылан:—Достым, сен маған
Бір аспап әкеп бер,—деді.
Қобыланды өзі тым шебер еді,
Серкебай түрлі аспап
Құралын әкеп береді.
Қобыланды Серкебайға серкенің мүйізінен
Тарақ істеп береді.
Ай қараңғы, күн бұлт күні тарақтың сәулесі
Сәскелік жерге түседі.
—Осыны, досым, ханның қызы
Қарлығаға көрсетерсің,—деп еді,
Серкебай алып қуанып жөнелді.
Тарақты алып келеді,
Қыздар жиналып,
Ойын салып жүреді.
Жарқылдаған сәулесін
Қарлыға сұлу көреді.
Қыздар бірінен-бірі сұрады,
Таң тамаша қалады.
Осы бірдеңе тазда бар-ау деп,
Жүгіріп тазға келеді,
Таз Қарлығаға тарақты береді.
—Бұл тарақты, қарағым,
Кім істеді?—деп еді.
Сонда Серкебай тұрып сөйледі:
—Дүние өтеді ғой қапыл,— деді.
Істеген кісіге сен болармысың
Көңілдес, жақын,—деді.
Істеген бұл тарақты
Қобылан деген батыр,—деді,
Қарлыға, жоқ қой сенде ақыл,—деді.
Тараққа Қарлығаның көңлі толды,
Қобыланға сол арада ғашық болды,
Қайғымен Қарлығаның іші толды.
Қарлыға сонда сөйледі:
—Серкебай деген сен,—деді,
Ханның қызы мен,—деді,
Сөйлесейін Қобыланға
Мен ертіп жүр,—деді.
—Күн бұлт, ай қараңғы, таба алмаймын,
Өзім де шаршап тұрмын, бара алмаймын.