Қобыланды батыр (6-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сегіз жасқа келгенде,
Үлкен қолын сермеді.
Тоғыз жасқа келгенде,
Тұлпар болды мінгені.
Он жасқа келгенде,
Қайраты мен қызуы
Ықтияр басқа бермеді.
Он бір жасқа келгенде,
Қарағай найза өңгерді.
Он екі жасқа келгенде,
Мың кісімен бір өзін тең көрді.
Он үш жасқа келгенде,
Дұшпанға салды шеңгелді.
Он төрт жасқа келгенде,
Азды-көпті тең көрді.
Он бес жасқа келгенде,
Торайғырдай тобайды,
Аруанадай шағайды.
Қара ағаштай бұтақты,
Сәукеледей шытақты,
Отырған жері омақты,
Сөйлеген сөзі сабақты,
Ойлады әрбір талапты.
Таудағы тарлан бөрілер
Салды көзді қияға,
Он екі айшылық жер еді,
Алты айшылық шөл еді.
Көктен деген кемпір—
Жәдігөй деген сол еді,
Куәлі кемпір сол еді.
Көктен деген кемпірдің
Аққұртқа деген жаңғыз қызы бар еді.
Қызыл ерін, ақ маңдай,
Екі беті қызыл күрең,
Мақпалдай түймедей болған басы бар,
Жібектей күлтеленген шашы бар,
Қиылған қара қасы бар.
Маржан тісі тізілген,
Раушан көзі сүзілген,
Жарқылдаған сәулесі
Күндік жерден көрінген
Әдемі артық қыз еді.
Көктен кемпір ойлады,
Ойлап ойға тоймады:
«Кіл он таңбалы Ұрымды,
Қырық таңбалы Қырымды,
Он екі баулы ноғайды
Шақырып той қылайын.
Кімде-кім күресіп жықса,
Алтын қабақ атып алса,
Қызымды соған берейін.
Жалғыз баламды қойныма алдым, ұл еттім.
Қорама салдым, мал еттім,
Қарасын қылдым пана еттім.
Бақытты ерлігі бәрі бірдей,
Қалқамды сол кісіге берейін,
Қызығын жалғызымның көрейін»,—деп
Кемпір үлкен той қылды,
Жұрт тойға баруға қозғалды.
Қыдырбайға келген кісі жоқ,
Қыдырбаймен ешкімнің де ісі жоқ.
Қыдырбайды тойға шақырып
Ешкім келген жоқ,
Қыдырбай естіп білген жоқ.
Қобыланды он бес жасында,
Кәмшат бөрік басында,
Қаршығасы қолында,
Қарала тазы соңында,
Қоғалы көлдің басында,
Сұлу көлдің қасында
Ит жүгіртіп, құс салып,
Қобылан батыр жүр еді.
Қобыланның бір мінезі ерте тұрып,
Қарауыл салып, қосына қайтып келеді.
Қобылан қарауыл қарап тұр еді,
Сарғая келіп таң атты,
Қызарып келіп күн шықты.
Күн астына қараса,
Будақ-будақ бу шықты.
Бу астына қараса
Көтерген жасыл ала ту шықты.
Ту шетіне қараса ала-шолақ,
Ат құйрығын шарт түйген.
Көк болат тон киген,
Қабағы қалың түнерген,
Айыр сақал, тік мұрт
Келе жатыр бір адам.
Қобылан [оны] көреді,
Көреді де күледі:
—Мынаның өзі көп екен,
Ауыр әскер қол екен.
Әкемнің баласы жоқ,
Малы көп деп қызығып келе жатқан
Көп дұшпанның бірі екен,
Кім болса да білейін деп
Қобылан алдынан шауып жөнелді.
Жетіп келсе мұсылман,
Мұсылмандығын біледі,
Қобылан сәлем береді.
Сонда олар сөйледі:
—Ағалейкүм-әссалам,
Дүзің айдай, қасың қалам.
Қыдырбайдың ұлы түгіл, қызы жоқ,
Қай құлдан туып жүрсің?
Сонда Қобыланды сөйледі:
—Төңкерілсем топ едім,
Қара суда кеме едім.
Үлкен тымақ, кең қоныш
Қазақ қарақыпшақ Қыдырбайдың жалғызы
Қобылан деген інің мен едім.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Әскеріңді жүргізген,
Жүйрік атты мінгізген,
Ту көтеріп, топ жинап,
Аламан әскеріңді көп жинап,
Сенің өзің кім едің?
Сонда айыр сақал сөйледі:
—Мен мен едім, мен едім,
Мен болғанда кім едім,
Таудағы тарлан бөрі едім.