Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (17-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Алшағыр ойды ойлады,
Екі уәзірі бар еді,
Таңырақ мұрын бекауыл,
Сүйрек мұрын жасауыл.
Уәзіріне сөйледі:
—Жан жолдасым, уәзірім,
Көнер ме екен алдауға
Қобылан деген көрімің?
Қобыландыны бір алдап,
Жіберейік Қазанға.
Қобылан барса Қазанға,
Жолығады-ау ажалға.
Жолығады бұл Қобылан
Өзінен мықты адамға.
Екі уәзірі сөйледі:
—Әкелу деген бұйым ба?
Сүйдеді де, жөнелді.
Жүрейін деп тұрғанда,
Уәзіріне Алшағыр
Тағы да сөйлей береді:
—Аулын Қобылан көрмесін,
Аққұртқадай залымның
Құлағына тимесін.
Екі уәзір сөйледі:
—Суық көлдің басында
Ит жүгіртіп, құс салып
Қобылан батыр жүр екен.
Қырық жігіт қасында,
Екі қалмақ келеді,
Қобыланды оны көреді.
Екі бірдей қалмаққа
Қобылекең сөйлей береді:
—Шауқым бұлбұл саласын,
Кідірсең жолдан қаласың,
Қалмақтар, қайда барасың?
Сонда қалмақ сөйледі:
—Асау үзді шідерді,
Ауыл көшіп үдерді.
Ханның қызы Ханбибі,
«Бүгіннен қалмай ер Қобылан,
Еркек болса келсін» деп,
Ханбибі саған жіберді.
Аңқау басты әл бітер,
Қалмаққа еріп жөнелді.
Қырық жігіт сонда сөйледі:
—Қасыңа сенің еріп барамыз ба,
Болмаса осы арада қаламыз ба?
Қорқам ба бұл қалмақтан жалғыз бармай,
Жүре бер сендер мен үшін аңнан қалмай.
Бас қосып қалмақпенен жүріп кетті,
Қасына бұл қалмақтың еріп кетті.
Аулына қалмақ келеді,
Қыздың тіккен отауға
Қобылан келіп кіреді.
Алшағыр қызы Ханбибі
Қобыландыны көргенде
Еңірей қоя береді.
Қобыландыны бай [етіп],
Әңгіме-дүкен құрады,
Алмадай мойнын бұрады.
—Жылайсың неге, Ханбибі,
Маған айт?—деп сұрады.
Ханбибі сонда толғады:
—Жібектен бөтен кимедім,
Жорғадан бөтен мінбедім,
Жаңғыздығыңды білмедім.
Жаңғыздығыңды білгенде
Қарасай-Қази қос жайсаң
Біреуіне тимедім.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Ол екеу де, мен біреу,
Мен мың бір кісіден кем бе едім?
Сонда Ханбибі сөйледі:
—Келеді біздің елге Қазан деді,
Кетті ғой сенімен бас қосам деп мазам,—деді.
Көбікті Ыршымбаймен келе қойса,
Болады сонда маған азап,—деді.
Қарасай Қазименен барар еді,
Атақты, әруақты адам еді.
Қазанға айтқанменен бара алмассың,
Құртқадан ұлықсатты ала алмассың.
Кең қоныш, үлкен тымақ салпаң қазақ,
Баруға сен Барсаға жарамассың.
Ер Қобылан мына сөзге ашуланды,
Ашу келіп, ақылы кетіп қалды.
«Тас қала, қызыл қала бұл Барсаға,
..............................................
Қайтсем де барайын» деп көңілге алды.
Қобылекең сонда сөйледі:
—Қыз екенсің келімді,
Жібектен өрдің өзімді.
Ертең ерте жүрмесем,
Бір шыбындай жаныма
Тәңір берсін өлімді.
Толықсып дұшпан қуанып,
Төбесі көкке тиеді.
Алпауыт, аңқау ер еді,
Барса-келмес жолына
Алдап дұшпан жіберді.
Үйде жатып Аққұртқа,
Жаман түсті көреді,
Жамандықты біледі.
Іші оттай күйеді,
Көзінің жасын төгеді,
Кемпір-шалға келеді,
Еңірей қоя береді,
Еңірегенде не деді:
—Басыңды көтер бермен, кемпір-шалым,
Іс болды тарамайтын, көп ойландым.
Қазанға жолы алыс жұмсады ғой,
Қашаннан ата жауы дұшпан залым.
Жаңғызың жүріп кетті алыс жолға,
Атеке, біз қасқаға балаң қайда?

Тағы оқыңыз