Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (16-бөлім)

Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Белдемеге қарасаң,
Қайырда жатқан сазандай.
Жауырнына қарасаң,
Төңкерген қара қазандай.
Құлағы бар құрақтай,
..............................
Екі көздің жанары,
Жайтаңдайды шырақтай.
Тай торы атқа ер салды,
Қызығып батыр мініп алды.
Секіріп торы ат қорс етті,
Қобылан жерге торс етті.
Сонда Қобылан ақырды:
—Атаңа нәлет қатын-ай,
Көргенсіз екен атың-ай.
Жеті дұшпанның бірі қатын екен,
Үлкендер, мұрның кесілсін,
«Әйел—жеті дұшпанның бірі» деп,
Айтқан сөзі жөн екен.
Тағы бағып антұрған,
Өлтірейін деп жүр екен.
Өзіңнің баққан атыңды,
Өзің ұстап бер-ау деп,
Тағы баққаның нең-ау?—деп,
Аққұртқа атқа жөнелді.
Қабағын түйіп, қасын сүзеді,
Аққұртқадан кете алмай,
Торы бесті ат айнала шауып жүреді,
Аққұртқа толғай береді:
—Айналайын торыша ат,
Төрт аяғың сом болат,
Қолтығыңда қос қанат.
Жалғызымдай көргенмін,
Көңілің өсіп тұрсын деп,
Жал-құйрығыңды өргенмін.
Түгіңе жұмсақ болсын деп,
Мақпалдан жабу жапқанмын.
Мойныңа жұмсақ болсын деп,
Жібектен арқан таққанмын.
Тілден аман болсын деп,
Молдадан тұмар ілгенмін.
Шапқанда жеңіл болсын деп,
Қара тоқты сорпасын
Қайнатып саған бергенмін.
Тісіңе жұмсақ болсын деп,
Арпа менен сұлыны-ау,
Қайнатып сүтке бергенмін.
Исім сіңіп қалсын деп,
Омырауымды иіскеттім.
Баламдай болып өссін деп,
Емшегім ұшын тістеттім.
Тұра тұр, торы ат, тұра тұр,
Ағаңның қолы қатты ғой.
Ұстатпасаң сабайды,
Жаны құрғыр тәтті ғой,
Арқама қамшы батты ғой.
Торы бесті ат тұра қалады-ау,
Аққұртқа ұстап алады-ау.
Екіде көзін жайнатып,
Құйрығымен ойнатып,
Қобыланға алып барады.
Қобылан батыр мінеді,
Енді жықшы мені деп,
Тақымын қысып жөнелді.
Намазды күн батарда,
Тасқабақтың баурынан
Тоғыз түлкі қақты деп еді.
Бір айда қырық бәйгі боп,
Бәріне де шабады,
Бәйгісін бәрінің алады.
Алшағыр қалмақ Барсаға қағаз жіберді,
Қазанның қызыл қаласы,
Дым-ақ алыс жер еді.
Тас қалалы ол Қазан
Кереметті ер еді,
Жан бармаған жер еді.
Қызыл қала, тас қала
Барғанды қылатын еді масқара.
Қағазында ол Шағыр:
«Көлімді ылай, елімді бүлгін қылды
Қазақтан шығып жас бала.
Соны алдап жіберсем,
Өлтіремісің сен?—деді.
Ол тірі тұрғанда,
Күн көре алатын емеспін мен,—деді.
Күнімді қалай көремін,
Биіктен ұшқан бүркіттей,
Салды маған шеңгелді.
Азғантай қазақ ауылын
Көп халқыма теңгерді.
Осы Қобылан қағыңғыр,
Айқара киім жамылғыр.
Ішіне кілем тоқырғыр,
Жорытулы басы жолда қалғыр,
Таңдайы кеуіп шөлде қалғыр.
Қобылан деген қазақ
Туырлығымды тоқым қылды,
Керегемді отын қылды.
Қызымды қатын қылды,
Баламды жетім қылды,
Әйелімді жесір қылды.
Тартып алды мекен еткен жерімді,
Ылай қылды тұнып жатқан көлімді.
Отымды өшірді,
Қонысымнан көшірді.
Лебі қатты ажарсыз,
Маған бір айдаһар секілді.
Ажарсыз осы иттің түсі суық,
Жерімнен мекен еткен қуды шығып.
Осыны өлтірермісің, қалмақ ағам,
Қайламен жіберейін саған, ағам.
Осыны өлтірмесең, Қазан аға,
Жаның ашымаған ғой маған, аға».
Алшағырдай қалмаққа
Қазаннан қабар келеді.
Қобыланды маған жіберсең,
Бір өзінің мың жаны болса да
Шықпай қалмас деп еді.

Тағы оқыңыз