Қобыланды батырдың баласының жыры (5-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Ұзыны, көлденеңі бәрі бірдей,
Он бесте деңгеліне адам келмей,
Дәл он беске келгенде,
Бөрібай қартың той қылды.
Асауын сойды ақыртты,
Маясын сойды бақыртты,
Халықты қоймай шақыртты.
Бұл тойға кім келді,
Халық билеген хан келді.
Ақсақалды шал келді,
Ишан-молда, бай келді.
Ел билеген би келді,
Арға шапқан ер келді.
Ер келгенде кім келді,
Қарасай-Қази сол келді,
Құбығұл, Телағыс бұл келді,
Әуез батыр сол келді,
Алшағырдың Көпені сол келді.
Жұрт жиналып тұрғанда,
Қази сөйлей береді,
Тілге жүйрік ер еді:
—Ей, ер Қобыланды жау алды,
Жоқтаусыз ауылы жоғалды.
Жан бармады артынан,
Сұраусыз кетті сол ауыл,
Жаңғыздықтың зарпынан.
Аққұртқа менен Аққолаң
Айрылып кетті қазақ ұлтынан.
Кіндіктен жалғыз демесең,
Кешегі өткен Қобыланның
Қылышынан қан тамып,
От жанушы еді ұртынан.
Іздейтұғын кім бар,—деп,
Со Қобыланның ауылын.
—Іздейтұғын мен бар?—деп.
Жана Қази ақырды:
«Ол қалмақта кегім жана бар,
Іште кеткен бала бар».
Әуез батыр бұл шықты,
Құбығұл батыр сол шықты.
Қырымнан шыққан қырық батыр
Ақ түйе сойып ант етті.
Аузына алды Құдайды,
Көкірекке ұрды Құранды.
Батырлар сол жерден
Талап етіп жөнелді.
Қазидың ақ сақалды, сар тісті,
Жасқа толған кезі еді.
Қазиға Қасым баласы сөйлей береді:
—Ей, айналайын, ер көке,
Үлкейдің-ау сен, көке.
Қобыландының артынан,
Барайын соған мен, көке,
Батаңды бер сен, көке!
Онда Қази сөйледі:
—Жақсы айтасың, балам-ай,
Осы сапар барам-ай.
Құрдасым еді ер Қобылан,
Құрдасымның кегін алам-ай,
Қобыландыны өлтірген
Атаңәлет дұшпанды
Бір шабайын аямай.
Шабатын белі тоқ,—деді,
Дүние жалған боқ,—деді.
Қобыландыны өлтірген
Қызылбасты бір шапсам,
Арманым менің жоқ,—деді.
Сүйдеді де ер Қази
Әскерін ертіп жөнелді.
Қази кетіп қалғасын,
Бір-екі ай болғасын,
Бай-бәйбіше сөйлесті,
Сөйлескенде не деді:
—Ей, өлгенде көрген жалғызға,
Жалғанда көрген жалғызға
Қалың берелік, келін түсіріп,
Қызығын соның көрелік.
Құда болып барып-келіп жүрелік,
Сұрағанын берелік.
Бөрібай атқа мінеді,
Қалың берем балама деп,
Қыз іздеді деп еді.
Қыз жақтырмай Бөрібай
Бір ай жүріп далада,
Аулына қайтып келеді.
Бәйбішеге Бөрібай
Келе сөйлей береді:
—Таңдап алсын қарағым,
Сүйікті құмар жаранын.
Алып берсем жақпас деп,
Кейіген күні айтпай ма,
Жаман қатын алып берді,
Мал қимай әкем қақпас,—деп.
Бәйбіше мақұл көреді,
Шақырып алып баласын
Кемпір-шал сөйлей береді,
Сөйлегенде не деді:
—Жаңғыз да балам сен, —деді,
Ата-анаң сенің біз,—деді.
Балам атқа мін,—деді,
Он таңбалы Ұрым бар,
Қырық таңбалы Қырым бар,
Сан таңбалы санай бар,
Он екі баулы ноғай бар,
Аралап өзің жүр,—деді.
Алатұғын қызыңды
Өзің көріп ал,—деді,
Жетеді саған мал,—деді,
Аямайды кемпір-шал,—деді.
Қырық кісі қасына алып,
Қыз іздеп бала жөнелді.
Тәтті көлдің басында,
Бір ақ отауға келеді,
«Хабарласшы» деп еді.
Үйден шықты бір бала,
Бойжеткен енді сол бала.
Жаннан асқан сұлу қыз бала,
Қызды көзі көреді.
Қырық жігіттің бірі еді,
Тілге бір жүйрік ер еді,
Ер Хасен деген бір жігіт
Қызға сөйлей береді:
—Қолыма алғаным қылыш пен найза,
Бізбенен сөйлесетін әкең қайда?