Қарасай—Қази (12-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Аттанып едiм атпенен
Қызылбастың кентiне.
Жолды көрiп байқадым,
Жолы қиын жер екен,
Жалғыз айтар мен бе едiм?!
Ат бауырын жаза алмас,
Ат қиялап шаба алмас
Орғыл-орғыл құм екен.
Құмның арғы жағына
Көз жiберiп қарасам,
Терең батпақ сор екен.
Сордың арғы жағына
Көз жiберiп қарасам,
Шалқып жатқан көл екен.
Көлдiң арғы жағына
Көз жiберiп қарасам,
Алты қатар ор екен.
Ордың арғы жағына
Көз жiберiп қарасам,
Көлденеңi күншiлiк,
Айналасы айшылық
Он екi қам там ел екен.
Ханның басы Қарғаса
Алдырмайтын ел екен.
Дербент деген қаласын
Салған екен қызылбас
Таудың қиын жерiне.
Жалғыз барған ерлердi
Жолбарыс, аю, арыстан
Жүргiзбейдi еркiне.
Айдаһар қалды жұта алмай,
Арыстан қалды бата алмай,
Қапа болып жүр едiм,
Қызылбастан бiр белгi,
Қолыма алып қайта алмай.
Сыйынғаным ақ болды,
Жолдасым шұбар ат болды,
Қырық көмiршi тап болды.
Қапа болған көңілiм
Мұны көрiп шат болды.
Ұстап алып байладым,
Жолға салып айдадым.
Келе жатып бұлардан
Жол хабарын сұрадым,
Баралмастың жерi екен,
Рас екен айтқаны.
Қолыма белгi алғасын,
Одан әрi бармадым.
Не қылсаңда, ер Әдiл,
Ендiгiсiн өзiң бiл.
Сонда Әдiл сөйледi:
—Қарасай, Қази, ер едiң,
Екi достым сен едiң,
Екеуiң де Орақтан
Артық тудың деп едiм,
Артық емес кем едiң.
Кемдiгiңдi айтайын:
Сенiң айдап келгенiң
Қаңғып та жүрген көмiршi.
Артық тусаң атадан,
Мiнгестiрiп бiр қызды,
Неге алып келмедiң?!
Ер деп мақтап жүрсем де,
Қоянақ, Серiк, Ахмет—
Солардан артық көрмедiм.
Қиын жолды көргесiн,
Сенiң де қашып келгенiң.
Сонда Қази сөйледi:
—Қайдан бiлдiң кемiмдi
Бiлмейсiң құр тегiмдi?!
Қатты-қатты сөз айтып,
Қалдырып жүрсің кеулiмдi.
Ата тегiң кiм едi?
Қайдан таптың ерлiктi,
Бересiң кiмге кемдiктi?
Менiң атам—Едiге
Ата жауын жаулаған,
Аруақты ер едi.
Өз дұшпанын өлтiрiп,
Басын кестi деп едi.
Сенiң де атаң Мейханбет
Тегiнде ерлiк жоқ едi.
Бiреудiң өшiн аралаған,
Сенiң де атаң сол едi.
Осы жерде мен қазiр
Шұбар атқа мiнейiн,
Шұбалаңдап желейiн,
Қолды бастап жүрейiн.
Атаң болса шын батыр,
Өлшеуiңдi көрейiн.
Осыны айтып ер Қази,
Орақтың туын алады,
Оттай лаулап жанады.
Ашуланып Әдiлге,
Таласып тұрған тар жолға
Әскерiн айдап салады.
Таудан өтiп болғансын,
Әскерiн жиып алады.
Сол уақытта ер Әдiл
Жолды тұрып қарады,
Көзi көрiп нанады.
Жан ашуы болмаса,
Жалғыздықтың жаманы,
Жалғыздық түсiп есiне,
Тұра алмады табаны.
Қарасай, Қази досына,
Сөйледi Әдiл жанада:
—Қарасай, Қази, ер едiң,
Екi достым сен едiң.
Екi достым болмаса,
Жоқ едi менiң сенерiм.
Қиын жолды көргесiн,
Қайғыланды жүрегiм.
Қайғыланбай не қылсын?
Алды, артымда таяу жоқ,
Менде аға-iнi жоқ!
Басыма қиын iс түссе,
Екi достым ат салып,
Алып шығар деп едiм.
Ендi жауға тиерсiң,
Ат құйрығын өрерсiң.
Екi достым сендерге,
Кеулiмдi айтып бiлдiрдiм,
Өздерiң ойлап бiлерсiң.
Сонда Қази сөйледi:
—Әдiл достым сен едiң,
Сенiң достың мен едiм.
Қарасай жауда қалса да,
Сенi алармын деп едiм.
Бұрынғы көңiлiм сол едi,
Бұл көңiлiмдi бiлмедiң.
Жамансың деп атадың,
Тигiзiп қатты тiлiңдi,
Батырдың айтқан сөзiңдi.