Қарасай—Қази (13-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Талайыңнан көрерсiң,
Өз бiлгенiң өзiңе,
Жүре бер, Әдiл, жөнiңе.
«Орақ!»—деп жауға шабармын,
Шұбарды айдап салармын
Мұсылманның ары үшiн,
Қара ноғай қамы үшiн.
Жауда қалсаң, Әдiлiм,
Сонда iздеп табармын.
Әдiл сонда сөйледi:
—Бұл дүниеге келгесiн
Аяқ басып жүргесiн,
Өлерiмдi бiлгенмiн.
Атадан жалғыз туғасын,
Белге жарақ буғасын,
Жалғыздыққа көнгенмiн.
Жалғыз да болып жүрсем де,
Қайратыма сенгенмiн.
Туысқаным, тәуекел,
Жолдас болып жүргенiм,
Кiсiге сенiп жүргенiм.
Жақсы емес пе бұдан да,
Жауға шауып өлгенiм,—
Дедi дағы, ер Әдiл
Ызаланып, долданып,
Алтын туын қолға алып,
Тас өткелдiң аузына,
Көп әскерге қарамай,
Жалғыз шауып жөнелдi.
Оның көрiп шапқанын,
Атына мiнiп ер Қази,
Бара жатқан шауып Әдiлге
«Тұр!» деп айқай салады,
Қуып келiп соңынан.
Сонда Қази сөйледi:
—Әдiл қайда барасың?
Жолға неге шабасың?
Жол менiкi шабатын,
Менен қалай аласың?
Аламын деп жүргенде
Бейнеттi болып қаларсың.
Менен бұрын жол алмақ,
Қала бұзып ел алмақ,
Келе ме, Әдiл, қолыңнан,
Ере бер Әдiл соңымнан?!
Сонда Әдiл сөйледi:
—Шапқан Әдiл тұра ма?
Атының басын бұра ма?
Өзi бiлген жiгiттiң
Ата тегiн сұрама.
Қазасы жетпей өлмейдi,
Жол менiкi дегенде
Қорқып жолды бермейдi,
Зорлығына көнбейдi.
Қорқып берiп жолымды,
Соңыңа Әдiл ермейдi.
Құдай дескен досым, деп,
Ендi саған сенбейдi.
Сендер екеу, мен жалғыз,
Жалғыз да болса тұра алмас,
Қорқып берер мен емес.
Қорқып берiп жолымды,
Болмаймын саған келемеж.
Сенен қорқар мен емес,
Ерлiгiм сенен кем емес.
Мықты болсаң тартып ал,
Жолымды саған бермедiм,—
Дедi дағы, ер Әдiл
Айрылмады жолынан.
Алтын туын көтерiп,
Тастамады қолынан.
Ұрысайын деп кеселеп,
Қазидың шықты алдынан.
Атайын деп бiр жебе
Суырып алды оғынан.
Екеуi жолға таласып,
Салуға қару таласты.
Таласып жолға тұрғанын
Қарасай байқап бiледi.
Өзiм барсам тұрмас,—деп,
Екеуi де болмас,—деп,
Қоянақ қартқа келедi.
Келе сөйлей бередi:
—Қол бастаған бабам-ай,
Көптi көрген данам-ай.
Қази менен Әдiлдiң
Таласып жолға тұрғанын
Тапсырамын саған-ай.
Екеуi де ер едi,
Екеуiнiң бiреуi,
Болмаса едi жаралы.
Қойеке, жылдам бара көр,
Көңiлiне сана сала көр.
Ұрыстырмай екеуiн,
Тату қылып ала көр.
Екеуi де көзiм-ай,
Менiң айтқан сөзiм-ай.
Бара қойсам өзiм-ай,
Iнiсiне Қарасай
Болысуға келдi дер,
Досымның келер көңілiне.
Көптi көрген көнеден
Сен ақылға кен едiң.
Ұрыстырмай, Қойеке,
Жарастырар деп едiм.
Мұны естiп Қоянақ,
Бозтұлпарға мiнедi.
Әдiл менен ер Қази
Табан жолға таласып,
Ұрысайын деп тұр едi.
Ұрысайын деп тұрғанда
Қартың жетiп келедi.
Алдыдағы Әдiлге
Келе сөйлей бередi:
—Қырымның ханы жас Әдiл,
Қырық мың қолға бас Әдiл,
Табан жолға таласып,
Достыңменен, шырағым,
Болып тұрсың қас Әдiл.
Әр жерге жеттi дыбысың,
Қырық мың әскер қол едi,
Қол бастаған ер едi.
Жол менiкi дегенiң,
Сенiкi де жөн,—дедi.
Жөн де болса досыңа,
Жолыңды, Әдiл, бер,—дедi.
Басына қиын iс түссе,
Пайдасы тиер ер едi.
Әдiлдi сөзбен тоқтатып,
Қазиға жетiп келедi.
Келе сөйлей бередi:
—Орақтың ұлы ер Қази
Ашуыңды бер дедi.