Қарасай—Қази (10-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Әдiл сөйледi:
—Орақтан туған, Қарасай,
Асыл ердiң баласы-ай.
Өз басыңа бермесе,
Не болады жiгiтке,
Ата даңқы, Қарасай.
Атаң Орақ болмаса,
Туыпсың жаман шамасы-ай.
Осындай қиын тар жолда
Жақсы менен жаманның
Айрылады арасы-ай.
Қиын жолды көргенiң,
Рас болса Қарасай,
Бiр белгiнi қолыңа
Ұстап неге келмедiң?!
Бiр белгiнi ала алмай,
Қауiптi жерге бара алмай,
Сенiң қорқып келгенiң.
Досым болсаң қайтейiн,
Бұл сөзiңе сенбедiм.
Қарасай, досым сен едiң,
Саған сенiп жүр едiм,
Қарасай болсаң, бола бер,
Орақтан тусаң, туа бер,
Ахмет, Серiк, Қоянақ,
Солардан артық көрмедiм.
Қарасай ер Әдiл
Осылай сөйлеп тұрғанда,
Құлағын салып ер Қази,
Екеуiнiң қасында
Жатыр едi жамбастап,
Сөйлемейдi бейбастақ.
Көтерiп алды басын-ай,
Қатты келдi ашуы-ай.
Қатуланып қаттанып,
Әдiлдiң келдi қасына-ай.
Жақындап келдi ер Қази,
Сөйлей бердi осылай:
—Алдымдағы, жас Әдiл,
Құдай дескен досым-ай,
Дос болғаның осы ма-ай?
Қатты-қатты сөз айтып,
Құдай дескен досыңа-ай,
Неге тұрсың ұрыспай?!
Жөнсiз ұрсып тұрғаның,
Өзiңе болар кесiр-ай.
Артық көрме өзiңдi,
Тарта сөйле сөзiңдi.
Жасы үлкен ағама
Тигiзе берме тiлiңдi!
Атаң Орақ батырдан
Жаман тудың дегенiң,
Осы сөзiң қиын-ды.
Кiмнiң жақсы жаманын,
Аттың жүйрiк шабанын
Болайын деп келедi
Сыналатын заманы.
Жолдың қиын, оңайын
Таудан құлап көресiң.
Жалғыз аяқ тар жолдан
Шұбырып Әдiл жүресiң.
Кімнiң еркек, қатынын,
Сол уақытта бiлерсiң,—
Дедi дағы, ер Қази
Қарасайға келедi,
Келе сөйлей бередi:
—Ай, Қарасай, Қарасай,
Асыл да ердiң баласы-ай.
Орақтан тудым дегенше,
Орманнан тудым десейшi.
Ерден тудым дегенше,
Жерден тудым десейшi.
Енеден тудым дегенше,
Желден тудым десейшi.
Менiмен тудым дегенше,
Ойнастан тудым десейшi.
Құр алақан келгенше,
Қызылбаста өлсейшi.
Өлмегенiң осы ма,
Күлкi болдың досыңа!
Таба қылып дұшпанға,
Кемiттiң жарым жасымды.
Тар жолға өзiм кiрейiн,
Тiл әкелiп берейiн.
Ұлықсат бершi маған да,
Жалғыз өзiм барайын,
Ерiтпей жолдас қасыма.
Шұбар атқа мiнейiн,
Шұбалаңдап желейiн.
Талапты Құдай оңдаса,
Бiр белгi әкеп берейiн.
Бiр белгi әкеп бермесем,
Сол жақта жатып өлейiн,—
Дедi дағы, ер Қази
Шұбар атқа мiнедi,
Шұбалаңдап желедi.
Қызыл туын көтерiп,
Тауға қарай жөнелдi.
Қаратау үлкен күш болды,
Баруға қиын iс болды.
Жолға түскен мезгiлде
Күн еңкейiп кеш болды,
Қас қарайып түн болды.
Қази бала түн қатты,
Жалғыз аяқ тар жолға
Түсiп алып, жол тартты.
Бiр мезгiлдер болғанда
Жарық болып таң атты.
Жаудың шықты шетiне,
Келе жатыр жақындап
Қызыл бастың кентiне.
Келiп тұрған секiлдi,
Дәруазаны бекiтiп,
Байлап қойған бетiнде,
Күркiреп жүр алдында
Жолбарыс пен арыстан.
Көрiнбейдi қарасы
Қалың тоғай қамыстан.
Ұмтылады Қазиға,
Айдаһар, жылан ысқырып,
Жұтайын деп күш қылды.
Астындағы шұбар ат
Секiредi ышқынып.
Алмаспен шауып барады,
Ортасынан қақ бөлiп.
Даусы көктi жарады,
Қызылбастан бiр белгi
Табайын деп қарады.
Қараса адам жоқ кен,
Қауiп-қатер көп екен.
Ойлана келiп қарасам,
Адамзаттың баласы
Бара алмайтын жер екен.