Қарасай—Қази (6-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 3 мин оқу
Қызыл бастың жанына
Бiр аттанбай тұрмассың.
Бұл айтуым себебi—
Бес атаға келгенше,
Шынжырлы ердiң сойы едiк.
Бара қойсаң жауыңды,
Жоқ қылмай, сiрә, қайтпассың.
Едiгенiң сойысың,
Қанды Орақтың ұлысың,
Барған жауды түгеспей,
Бекер босқа қайтпассың.
Барған жерде, шырағым,
Әскерiңдi қырдырсаң,
Саған әскер ермейдi.
Қызылбас деген мықты жау,
Қырылам деп сенбейдi.
Керек болса, балам-ай,
Қырық мың әскер саған-ай,
Әдiлге бұйым сал дедi.
Қырық мың әскер халқыңнан
Жинап берем, ал,—дедi.
Қырымдағы жас Әдiл—
Қияметтiк жолдасың.
Атасы шын Темiрхан
Атаңа сенiң дос едi.
Қырымнан шыққан әскерге
Әдiлдiң өзiн хан қойып,
Аттансаң сонда барарсың,
Қиғаштың биiк тауына,
Қызылбастың жауына,
Сүйтiп балам бар,—дедi.
Қырық мыңға қолың жетпесе,
Алдырмайтын жау,—дедi.
Қарасай жақсы көредi,
Қырымға қарай жөнелдi.
Қырымға барып Қарасай,
Бiр бүлiктi салады.
Қарасайдың айтқанын
Әдiл де қабыл алады.
Қырымға жарлық өтедi,
Қырық мың әскер ер Әдiл
Елiнен жинап бередi.
Ер Әдiл астындағы алтын тағын өкiл әкесiне тапсырып, қызылбастың жауына елiмен қош айтысып жөнеледi.
Қырымдағы шаһардан,
Қыс өткенсін баһардан
Шымырқанып шаттанып,
Әдiлге әскер ередi.
Қырық мың әскер құралып,
Көк темiрге құрсанып,
Өңкей батыр жүредi.
Жас Әдiлдi хан қойып,
Қырымнан шыққан әскерде
Қас батырлар көп едi.
Досының көңілiн тындырған,
Дұшпанның көңілiн сындырған.
Қырық мың әскер iшiнде
Айтулы ерлер бар едi,
Мұсылман арын арлаған.
Ұйықтап жатқан жерiнде
Қолтығына қол салып,
Айдаһарды барлаған.
Айсадан туған Ахмет
Батырлығын оздырған,
Барған жерiн тындырған.
Ашуланған күнiнде
Алпыста жебе сындырған.
Қырымнан шыққан аттанып,
Қырық мың әскер iшiнде
Аты шыққан Көмек бар.
Ұзын айдар қоңырат,
Асынғаны ен болат,
Ер Сүлеймен бұл да бар.
Айсадан туған бес батыр,
Бесеуi кетiп баратыр.
Таққа мiнiп хан болған,
Қараңғыда шам болған,
Жетi жаста желденген,
Не бол десең, сол болған,
Он бiр жасар Әдiл бар.
Ата жауын жаулаған,
Атағы оттай қаулаған,
Қырық мың әскер iшiнде
Қарасай, Қази ер де бар.
Көптi көрген көне едi,
Көрмеген жерiн бiлетiн,
Көңiлi зерек ер едi,
Көп жасаған Қоянақ,
Жол басшы бұл да бар едi.
Қырымнан құлан шығады,
Қиғаштың биiк тауына,
Қызылбастың жауына.
Көп жасаған Қоянақ
Қолды бастап келедi.
Қырымнан әскер аттанып,
Шыққалы үш күн болады.
Хан Әдiлдiң анасы
Байбикеш ханым түс көрiп,
Түсiнде ғажап iс көрiп,
Орнынан тұра жылады,
Уайым-қайғы шегедi.
Сол түсiнен сескенiп,
Көңiлi жаман тарықты.
Көрген түсiн баяндап,
Қызына айтып жорытты.
Басыңды көтер,
Тарылды заман дүния.
Осы көрген түсiмдi,
Жорытамын саған-ай.
Бүгiн мен бiр түс көрдiм,
Түсiмде ғажап iс көрдiм.
Аспанменен тiрескен,
Бұлтпенен күрескен
Асқар биiк Алатау
Алтын сарай үйiмнiң
Үстiне келiп құлап жүр,
Бұл не болар, қарағым?
Арқадан борап қар жауып,
Борасынды жел соқса,
Соққан желдi тоқтатқан,
Тiреулi алтын сырығым,
Анасынан айрылып,
Ортасынан морт етiп,
Сынып тұр алтын сырығым,
Бұл не болар, шырағым?
Жiбектен есiп бау таққан,
Байланбаған асауды
Жiбере тартып тоқтатқан,
Ортасынан сынып жүр,
Жiбек баулы құрығым,
Құрасам да тұрмайды,
Бұрынғыдай болмайды,
Бұл не болар, шырағым?
Алтын айдар басыңда,
Отыр едiң қасымда,
Басыңдағы тұлымың
Ортасынан қиылды,
Бұл не болар шырағым?
Сонда Ілия сөйледi:
—Айналайын анам-ай,
Ақ сүт берген қабам-ай,
Алланың салған iсiне,
Көнбесең де болмайды.
Асқар биiк Алатау
Тiгiп қойған ордаңның
Үстiне келiп құласа,
Асқар таудай бақ қонар
Кеткен Әдiл балаңа,
Көрiнген шығар соған-ай.
Ортасынан морт етiп,
Ашасынан сарт етiп,
Сынса алтын сырығың,
Осы жерiн бiлмедiм.
Аман келсе жақсы едi
Кеткен Әдiл құлының,
Жiбектен есiп бау таққан,
Байлап қойған асау тай,
Жiбере тартып тоқтатқан,
Неғып келсiн саған-ай?!
Жалғыздық деген жаман-ай,
Жауға кеткен жалғызың,
Осы сапар аман-ай.
Ортасынан қиылса
Алтын айдар тұлымым,
Кеткен Әдiл құлының
Жоқ шығар саған аман-ай.
Бiрге туған ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ,
Жалғыздықтан жаман жоқ,
Бiрге жүрер ағам жоқ,
Тағдыр қылды амал жоқ.
Соңынан қуып бармасаң,
Сапарын тiлеп алмасаң,
Ендi саған балаң жоқ.