Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (15-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 4 мин оқу

Көз жiберiп қарасам,
Мына жаудың көбiн-ай.
Қызылбастың көбiнен
Қорқайын дедi көзiм-ай.
Жолға түсiп жөн тартып,
Жүре де бергiн көбiң-ай.
Ағайынды бесеумiз
Жаудың алдын кеселеп,
Тоқтатайын өзiм-ай.
Жаудан қолды қорғайын,
Келсе менiң шамам-ай.
Әскерiмдi түсiрiп,
Көп ұятқа қалмайын.
Ұзын айдар қоңырат,
Қайрат қылсаң бүгiн-ай.
Әскерiмдi алдырсам,
Осы бүгiн шалдырсам,
Бiзге де болар өлiм-ай.
Осылай деп Ахмет
Көпке толғап қарады.
Қартайса да Қоянақ,
Жауды көрiп тұрмады,
Боз тұлпары тулады.
Үзеңгiсiн ұзартып,
Құйысқанын қысқартып,
Қолдың артын қорғады.
Көп Қызылбас iзiнен
Құрдай шулап қалмады.
Исаның ұлы Ахмет
Алабас атты қамшылай,
Қиялап жолды қорғады.
Осы бүгiн батырлар
Бiр тарқатты құмарды.
Жалғыз жарым болмаса,
Көп әскердi түсiрмей,
Жаудан алып шығады.
Ахметтi ала алмай,
Қызылбас таудан құлады.
Ахмет шығып кеткесiн,
Жолдың аузын жабады.
Биiктегi қырық аршын
Басына қала салады.
Шетте қалған көп әскер
Осы жолға шығар деп,
Күтiп жатты жағалай.
Осы жолдан шығар деп,
Ер де болса Қарасай,
Бұзып-жарып шығад деп,
Бiзiңменен Қарасай
Бiр кете алмас алыспай.
Сол уақытта қамалық,
Таспен ұрып жығалық.
Қол бастаған батырды
Қамап ұстап алалық.
Осы жолдан шығармай,
Әскерiн қамап қыралық.
Көп Қызылбас кеңестi,
Ақыл, айла табады,
Жолды мықтап жабады.
Жалғыз аяқ тар жолды
Қызылбас алып қалады.
Көп Қызылбас жиылып,
Салды мықты қаланы.

Қызылбас жолдың аузын алып жата берсiн, Қарасай— Қазидың Әдiл досынан хабар берейiн. Қарасай—Қази Қазбан деген қаланы алып, алты күндей сол жақта болады. Ендi Әдiлден хабар берейiк. Әдiлдiң әскерi жалғыз аяқ тар жолда келе жатқанда Қарғасаның көп әскерi келiп, жолдың екi жағын алып қалады. Әдiлдiң әскерi осылай қамауда қалады.

Қарасай-Қази қос батыр
Тас өткелден өтедi.
Қазбан деген қалаға
Бұлар да барып жетедi.
Қазбанды шауып алады,
Алты күн сонда болады,
Олжаға алды толады.
Қызылбаспен ұрысып,
Ахмет шығып кетедi.
Қамауда қалып ер Әдiл,
Бұған не амал етедi.
Жолдан шығып бұрылса,
Сорға батып кетедi.
Қызылбас жауы көп едi,
Өзiне мәлiм ел едi.
Батпақ сордың iшiнде
Қара таспен бастырып,
Құлып салған жер едi.
Жетi жерден ту алып,
Әдiлдi көрiп қуанып,
Шығар аузын бөгедi.
Келе жатып ер Әдiл,
Аңдып тұрған алдында
Көп дұшпанды көредi.
Не де болса көндiм деп,
Қарсы жүрiп келедi.
Атқа мiнiп ұрысар
Ашық жерi жоқ едi.
Бұрыла түсiп кететiн—
Екi жағы сор едi,
Жүретiн жолы жоқ едi,
Ендi амалы құрыды.
Түсе қалып атынан,
Табанын жауға тiредi.
Сол күндерi Әдiлдiң
Пiрi есiнде жоқ едi.
Жетi жаста желденген,
Оқ атып жаста үйренген,
Жүрегi тастан жаралған,
Бiр өзi мықты жаралған
Жеке туған ер едi.
Ер Сүлеймен дейтұғын,
Жан жолдасы сол едi.
Екi жерден оқ атып,
Қиратып жауды жүр едi.
Кiшi бесiн болғанда,
Атысып жаумен тұрғанда,
Ер Сүлеймен оққа ұшып,
Қайтыс болды дүниеден.
Досы оққа ұшқасын,
Атыса бердi бiр өзi.
Қасындағы көп әскер
Ендi өлерiн бiледi.
Тұрған жерi батпақ сор,
Әскерi жаман жүдедi.
Күн кеш болып барады,
Қызылбас жауы қамады.
Әдiлдiң қолын шығармай,
Жолдың аузын алады.
Ер Әдiлдiң басына
Ақырзаман салады.
Атысып тұрған Әдiлдiң
Ортасынан сарт етiп,
Саржасы сынады.
Сол уақтары жас Әдiл
Бармағын тiстеп жылады.
Атайын десе жағы жоқ,
Ендi не амал қылады.
Сонда тапқан амалы—
Тұлпарына мiнедi,
Алмасын Әдiл суырып,
Қызылбасты шабады.
Қылышын Әдiл сермедi,
Жауды көзi көрмедi.
Жалғыз өзi ұрысып,
Әскерiн жауға бермедi.
Жазылып ұрыс салғанда,
Жауға алдырар ер ме едi!
Таусылатын жау емес,
Толып жатыр өлгенi.
Қабат-қабат әскерге
Әдiл шауып кiредi.
Кейiн қайтып шығуға
Терең қабат сор едi,
Бiр жағы батпақ көл едi.
Көлге жалғас бiр жағы
Алты қабат ор едi.
Ат жазылып шабатын
Ашық жерi жоқ едi.
Жолын алып тұр еді,
Қолын қорғап ер Әдiл,
Жалғыз ұрысып жүредi.
Ақ шалмалы бiр қожа
Ер Әдiлдiң пiрi едi.
Жетi пiрдiң iшiнде
Кәрәматты пiр едi.
Осы күнде Әдiлдiң
Пiрi есiнде жоқ едi.
Пiрден жәрдем сұрамай,
Күшiне сенiп жүр едi.
Iскенжедей қысылып,
Жан базары құрылды.
Әдiлдiң ұрысқан жерiнде
Көп қызылбас қырылды.
Жалғыз аяқ тар жолдан
Ұрысып жүрiп бұрылды.
Астындағы тұлпардың
Тайып кетiп тұяғы,
Батып сорға жығылды.
Батпақ сордың iшiнен
Боз тұлпардың күшiмен
Шығайын деп ұрынды.
Шыққан сайын түседi,
Бауырлап сорды кешедi.
Соныменен жүргенде,
Болдырмай тұлпар не етедi!
Жазылып ұрыс сала алмай,
Күн батуға таялды,
Аты қалды жарамай,
Қас қарайып, күн батты,
Алды болды қараңғы,
Атына басты қамшыны.
Маңдайдан тер тамшылап,
Атына көңiлi қалады.
Әдiл мiнген Қызыл ат
Әбден қалды қалжырап,
Шабысынан танады,
Тарығып Әдiл жылады.
Арманы күштi ерлердiң,
Бармағын тiстеп өлгенi—
Асудан-асу, бел жерге,
Алты айшылық жол жерге,
Белгiсiз тұлпар мiнгенi.
Жалғыз болса атадан,
Қапа шегiп жүргенi,
Арманда ердiң өлгенi.

Тағы оқыңыз