Қарасай—Қази (16-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Тұлпар атым болдырды,
Атты кiмнен мiнемiн?
Жалғыздық түсiп басыма,
Кiмнен көмек тiледiм?
Туысқан аға менде жоқ,
Ендi кiмге сенемiн?
Жалғыздықтан жаман жоқ,
Ел көретiн заман жоқ.
Құдай Тағалам жаратты,
Бұған қылар амал жоқ.
Қарасай-Қази болмаса,
Жаны ашитын маған жоқ.
Ар-намысты бастайтын,
Елдi аяққа баспайтын.
Екi достым болмаса,
Жалғыз туған қасқамын.
Аламанды алдырып,
Басымды алып қашпайын.
Тазадан тұлпар мiнейiн,
Қолыма қайтып барайын,
Аңдыған жауды көрейiн.
Қамалып тұрған әскердiң
Жолын ашып берейiн.
Бере алмасам алдымен,
Ұрысып өзiм өлейiн,—
Дедi дағы, ер Әдiл
Атына қамшы басады,
Ат болдырып шаршады.
Төңiрегi Әдiлдiң
Қызылбас жауы қалмаған,
Адасқанын бiледi.
Әдiл жылап келедi,
Жылағанда не дедi:
—Сапарым менiң оңбады,
Басыма бақыт қонбады.
Жығылдым тайып басынан,
Жолдасым кеттi қасымнан.
«Әдiл жауда қалды» деп,
Әрбiр жерге ат кеттi.
Кеттi демей не дейiн,
Тұлпарымнан әл кеттi.
Адастым мен жолымнан,
Шеттеп кеттiм қолымнан.
Алты қатар қандекке
Астымдағы Қызылды
Айдап салдым, тәуекел,
«Шу, жануар, қарғы!»—деп.
Жануар, тұлпар Қызыл ат—
Жал-құйрығы ұзын ат.
Алты қатар қандектен,
Осыдан сенi қарғытсам,
Болар ма екен себебiң?!—
Дедi дағы, атына,
Екi көзiн ер Әдiл
Тарс жұмып алады.
Қамшы басып Қызылға,
Орға айдап салады.
Қамшының тиген жерiнен
Қан сорғалап ағады.
Жанға батса жалтаң жоқ,
Қызыл ат қарғып қарады.
Алты қабат қандектен
Созылып қарғып барады.
Алдымен қысқа жазады,
Төртiншi орға кiдiрмей,
Мұнан да өтiп барады.
Бесiншi орға барады,
Мұнан да қарғып қарады.
Алтыншы орға кiргенде,
Одан қарғи бергенде,
Сүрiнiп кеттi тұяғы,
Тайып кеттi аяғы,
Орға барып түседi.
Артқы екi өкшесi,
Орға түстi бөксесi.
Өмiлдiрiк үзiлiп,
Ерiменен сыпырылып,
Әдiл орға түседi.
Әдiлдi тастап Қызыл ат,
Ордан шығып барады.
Қол бастаған ер Әдiл
Жалғыз өзi шырқырап,
Орда осылай қалады.
Түскенiн ешкiм бiлмедi,
Қарасай-Қази көрмедi.
Ендi мұны қандектен
Кiм шығарып алады?!
Әдiлдiң түсiп қалғанын
Қызылбастар көрмедi.
Қамап тұрып ноғайды,
Тар жолға әкеп қырады.
Бiрсыпырасын бұлардың
Тiрiлей ұстап алады.
Дербентте әскер көп едi,
Қаласы мықты зор едi,
Аламын деп келедi,
Әдiлдiң түсiп қалғанын
Қарасай-Қази бiлмедi.
Тас өткелге келгенде,
Әдiлге ерген әскердiң
Қырылғанын көредi.
Жоқ болғанын Әдiлдiң
Ендi досты бiледi.
«Досым жоқ»,—деп, ер Қази
Қарасайға сөйледi:
—Қарасай аға, туғаным,
Бiлдiң бе Құдай ұрғанын?!
Дұшпанның кеулi тынғанын,
Досымның белi сынғанын.
Шұбар атқа мiнейiн,
Жауда қалған досымның
Өлi-тiрiсiн бiлейiн,
Өлмесе тауып келейiн.
Досымды iздеп келмесем,
Өлi-тiрiсiн бiлмесем,
Таңда мақшар күнiнде,
Жүзiн неғып көрейiн!
Қырымға қайтып барғанда,
Шешесi сұрап тұрғанда,
Не деп жауап берейiн?!
Өлдi деп күдер үзбейiн,
Жауап бер, аға, iздейiн.
Аман болсам, келермiн,
Қазам жетсе өлермiн.
Жазатайым iс болса,
Ақыретте көрермiн.
Қарасай сонда сөйледi:
—Ау, Қазиым, туғаным,
Сен едiң менiң қорғаным.
Сенi жалғыз жiберсем,
Көңiлiме сыймас арманым.