Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (7-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 4 мин оқу

Қуып барып соңынан,
Көздiң жасын төгедi.
Қызылбасқа барма деп,
Сапарын тiлеп келедi.
Сапарын көкем бермесе,
Соңынан жүрiп өледi.
Алтын орда тұл қалар,
Бiзге ие кiм болар.
Жалғыз ағам келмесе,
Мұңды болған бiз нашар,
Жылай-жылай қор болар.
Ойлап келiп қарасам,
Қызылбасқа кеткен көкемдi,
Көп ұзамай шешекей,
Қуғанымыз жөн болар,—
Дедi дағы Ілия,
Қайғыны ауыр шегедi,
Емшен бозға мiнедi.
Жауға кеткен Әділдiң,
Соңынан қуып жөнелдi.
Сол күнi жүрiп түнiмен,
Ертең жүрiп күнiмен,
Екi мұңды бейшара
Келедi қуып шынымен.
Талма-тал түс болады,
Бiр төбеден құлады.
Ер Әдiлге жете алмай,
Екi мұңды жылады.
Алдында белес қыр жатыр,
Соған қарап келеатыр.
Ол белестiң артында,
Айдынды шалқар көл жатыр.
Жағалай тiккен көк шатыр,
Қырық мың әскер қол жатыр.
Есебi жоқ көп шатыр,
Көп шатырдың iшiнде
Жiбектен тiккен бiр шатыр.
Сол шатырдың iшiнде
Баласы Әдiл ер жатыр.
Байбикеш ханым кiредi,
Көре сөйлей бередi:
—Құлыным менiң қайда?—деп,—
Әдiл менен туғансың,
Тәрбиелеп өсiрдiм,
Ақ сүтiмдi iшiрдiм.
Қауырсыны қатпаған
Балапанды ұшырдым.
Ендi қайтiп қолыма
Қондыра алмай өкiндiм.
Ашып оқып жүрсiн деп,
Жасынан бiлiм бiлгiздiм,
Сайлап тұлпар мiнгiздiм.
Әкесi жастап өлсе де,
Жетiмдiктi көрген жоқ.
Атадан жалғыз екенiн
Өлi балам бiлген жоқ.
Алыстағы жауына
Сапар шегiп жүргiздiм.
Көп iшiнде жалғыздық
Шекесiне тиген жоқ,
Тимегенiн бiле алмай,
Барма десем тiл алмай,
Сапарын маған бере алмай.
Ал, қарағым Iлия,
Алдына барып жылайық,
«Сапарын бер»,—деп сұрайық.
Сенi көрiп тұра алмас,
Барғасын бауырымдайық.
Бұны естiп Iлия,
Есiнен шықты дүния.
Атынан түсiп Iлия,
Әдiлге жылап барады:
—Ағакем менiң қайда?—деп,
Шатырдан келiп сұрады.
Қарындасы Iлияның
Жылаған даусын есiтiп,
Жатқан шатыр iшiнен
Жүгiрiп Әдiл шығады.
Шырағым, менiң iзiмнен
Келдiң деп неге сұрады.
Сонда Iлия сөйледi:
—Айналайын ағеке,
Менiң қуып келгенiм,
Ұзақ жолға мiнгенiм—
Қызылбастың жауына
Сапар етiп жүргенiң.
Алды-артында таяу жоқ,
Ағеке кiмге сенгенiң?!
Мейiрiмдi анам түс көрiп,
Бұл түсiнен сескенiп,
Қызылбасқа жiбермей,
Жолдан алып қалуға,
Осы едi келген себебiм.
Сапарымды берсеңiз,
Сапарымды бермесең,
Iзiңнен жылай жүргенiм.

Сонда Әдiл сөйледi:
—Емшектесiм жұбайым,
Мен үшiн шекпе уайым.
Жаудан аман келермiн,
Сақтаса жалғыз Құдайым.
Уайым айтып, бауырым,
Қайғының салдың ауырын.
Сен жыласаң кетедi,
Менiң де хандық дәуiрiм.
Бауырласым, шырағым,
Ұяда бiрге жасадым,
Артымнан жылап келгенсiн,
Ерiген жердей босадым,
Келермiн қайтып, шырағым.
Қызылбасқа барма деп,
Сапарымды сұрама.
Қырық мың әскер ноғайға,
Ноғай түгел талайға
Басшы болған ұқсадым.
Шырағым, неге жылайсың,
Көзiңнiң жасын бұлайсың?
Қызылбасқа барма,—деп,
Сапарымды сұрайсың.
Жалғыз көрпе өрмей ме,
Алыс жолға жүрмей ме?!
Жалғыздың жанын әрқашан
Бiр Құдайым көрмей ме?!
Ажал келсе Алладан,
Үйде жатып өлмей ме?!
Құдай аман сақтаса,
Жаудан аман келмей ме?!
Исадан туған бес батыр,
Бұлар да кетiп баратыр.
Қарындасы Ақсүңгi,
Бұл жыласа көрмей ме!
Қарасай-Қази қос батыр,
Бұларда кетiп баратыр.
Қарындасы ақ Қымбат
Ол жыласа көрмей ме!
Егер ажал келмесе,
Құдiреттiң iсiне
Салса пенде көнбей ме?!
Сонда Iлия сөйледi:
—Туысқаным, туғаным,
Болмайын сенiң құрбаның.
Қызылбасқа барма,—деп,
Жылап сұрап тұрғанда,
Ағеке, не деп тұрғаның?!
Басыңа қиын iс түссе,
Кiм болар сенiң қорғаның?
Жалғыздығың, ағеке,
Атадан жалғыз туғаның,
Исадан туған бес батыр,
Бұларды үлгi қыласың.
Ақсүңгi неге жыласын?
Бiр-бiрiн жауға тастамас,
Атадан бiрге туғансын,
Туған түге тастамас.
Қасыңа ерген жолдасың,
Атадан жалғыз туғаның
Басыма қайғы салып тұр.
Қайғының ауыр саудасын,
Сапарыңды бермесең,
Көз жасымды көрмесең,
Саудаға түсер бұл басым.
Бiзге түскен сауданы
Еш пендеге салмасын.
Қарасай-Қази қос батыр,
Бұлар да кетiп баратса,
Ақ Қымбат неге жыласын?!
Қарасай жауда қалғанда
Қази барып алмай ма.
Қази жауда қалғанда
Қарасай барып алмай ма,
Туысқан туған болмай ма.
Туысқаны болмаса,
Жалғыз шiркiн шырқырап,
Жауда басы қалмай ма.
Осы айтқанды, ағеке,
Ойлансаңыз болмай ма?!
Ағасы қалса, iнi алар,
Ағайынды екеуi,
Бiрi келсе бiрi алар,
Сен қасқаны кiм алар?!
Осыны айтып Әдiлге,
Қарындасы жылады.
Жалғыз едiң, кетпе,—деп,
Сапарын бер деп сұрады.
Қарындасын қия алмай,
Көзiнiң жасын тия алмай,
Не дерiн Әдiл бiлмейдi.
Екеуi жылап тұрғанда,
Сол уақытта болғанда,
Күн ортадан ауғанда,
Қайғымен Әдiл тұрғанда,
Қарасай-Қази жүре алмай,
Әдiл достын қия алмай,
Қала ма деген қауiппен,
Қызыл, жасыл екi ту
Қолдарына алады,
Дос Әдiлдей бола ма?!
Аламаңды жүргiзiп,
Құмырсқадай өргiзiп,
«Орақ!»,—деп ұран салады.
«Орақтаған» дауысқа
Сүйегi қызып Әдiлдiң,
Бұл де кетiп барады.
Желке айдары желкiлдеп,
Көздерiнiң жасы мөлтiлдеп,
Мұңды болған бейшара
Жылап еңiрiп қалады.
Әдiл жөнеп жатқанда,
Анасы Шауыр келедi.
Баласын сонда көредi.
Көредi де бусанып,
Көзiнiң жасын төгедi.
Емшегiн төстен суырып,
Шырағым, жүр,—деп жылады,
Көзiнiң жасын бұлады.
Жылап тұрып анасы,
Сапарын бер,—деп сұрады.
Шешесiн көрiп жас Әдiл,
Мойнын кейiн бұрады.
Сонда анасы толғады:
—Айналайын, шырағым,
Қызылбас болды құмарың,
Сапарыңды сұрадым.
Жолы қиын сапар деп,
Есiтедi құлағым.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз