Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (17-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу

Алдыңда биiк тауың бар,
Тауда мықты жауың бар.
Қырғанменен таусылмас,
Көрмеген жауың тағы бар.
Қаратауға баралық,
Құдай берсе тiлектi,
Сонда бiр жауды алалық.
Жалғыз аяқ тар жолдан
Сонан арман өтелiк.
Жауда қалған досыңды
Сонан соң iздеп табалық,—
Дедi дағы, Қарасай
Қазиды ұстап жiбермей,
Жетегiне алады.
Қаратаудың баурына,
Бұл жетелеп барады.
Үш күншiлiк жол едi,
Тынбай жүрiп келедi.
Намаздыгер уақытта
Жау қарасын көредi.
Қарасай тағы сөйледi:
—Қази, жаным, қарағым,
Алалық жаудың бұлағын.
Суға барып алғасын,
Бұзалық жаудың қамалын,
Жатқанын жаудың көрдiң бе,
Табан жолдың шетiнде?
Осы жолдан шығар деп,
Жатқанын аңдып көрдiң бе?
Жау екен, мықты қауіптi,
Жолдың аузын жауыпты.
Жалғыз аяқ тар жолды
Бiзден бұрын алыпты.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қаланы мықтап салыпты.
Қас қарайып, күн батсын,
Қаласына жау жатсын.
Қызылбасқа тигенде
Қызығына тау батсын.
Атаның тауын алайық,
Түнге қарай шабайық.
Екi жерден құйылып,
«Орақ!» деп айқай салайық.
«Орақ!» деген даусымыз
Қара тасты жарсын-ай.
Қалада жатқан әскердiң
Құлағына барсын-ай.
«Қарасайдың қолы» деп,
Дұшпан сасып қашсын-ай.
Қаланың iшiн босатып,
Қызылбас кетсiн қашып-ай.
Жаудың кетiп амалы,
Қашып болсын түнiмен,
Тарылғасын заман-ай,
Босып болар түнiмен.
Таудан шыққан самалдай
Тастап қашар қарамай,
Еңбекпен салған қаланы-ай.
Таң атқанша тар жолды
Ұрысып, тартып алайық.
Екi батыр кеңесiп,
Әсердi болды үлесiп,
Түнде барып тиюге,
Қолын алды бөлiсiп.
Көтерiп туын бұлғады,
Қази тұрып толғады:
—Қас қарайып, түн болды,
Ендi бiзге iс болды.
Қарасай аға, сенiмен
Екi айрылар күн болды.
Жауға жалғыз тиемiн,
Жау iлiмiн бiлетiн
Маған сүйеу сен едiң.
Екеуiмiз бiрге жүргенде,
Жау ала алмас деп едiм.
Ендi айрылар күн болды,
Екi талай жер болды.
Құлағың салып жүргейсiң,
«Қази қайда?» дегейсiң!
Мен қалатын күн болса,
Шақырамын «аға!»,—деп,
Сонда аға келгейсiң.
Сен қалатын күн болса,
Шақыруға ар етпе,
Iнiңдi аға зая етпе.
«Қарағым» деп шақырсаң,
Қиын да болса табармын.
Бауырым деп ат қойып,
Айырып жаудан алармын,—
Дедi дағы, екеуi
Екi айрылып барады.
Көтерiп алған қызыл ту,
Мысалы, оттай жанады.
Күншығыстан Қарасай,
Күнбатыстан ер Қази
«Орақ!» деп жауға шабады.
«Орақтаған» дауысы
Жер дүнияны жарады.
Қалада жатқан әскердiң
Құлағына барады.
«Қарасай-Қази келiптi,
Екi жақтан тиiптi.
Қаладан шығып кетейiк,
Бiзге салар бүлiктi.
Келсе, бiздi қоймас,—деп,
Мұнда тұрып болмас»,—деп,
Түнiмен қашып болыпты.
Қашып барып тығылды
Таудағы ылғи жыраға.
Иесiз тастап кетiптi
Еңбекпен салған қаланы.
Қызыл-жасыл туларын
Қолдарына алады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Ноғайлар түсiп барады.
Тауды тастап қызылбас,
Қайтқан екен қалаға.
Орта жолда екеуi
Жолығыпты далада,
Қалаға кiрiп шабады.
Қызылбастың iшiнен
Әдiл достын қарады.
Менiң достым қайда?—деп,
Қызылбастың бiреуiн
Ұстап алып сұрады:
«Тауып бер»,—деп қырады,
Найзасы түспей қолынан,
Екi батыр тиедi,
Кiрiп-шығып жүредi.
Оңы менен солынан
Қарулары жарқылдап,
Тебiнгiсi сартылдап,
Қырып-жойып келедi.

Тағы оқыңыз