Қарасай—Қази (2-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 4 мин оқу
Айлардан айлар өтедi,
Күндерден күндер өтедi,
Күн дәуiрi жетедi.
Қарасай, Қази ер жетiп,
Кемелiне келедi,
Ат жалын тартып мiнедi.
Бiр күндерi болғанда
Атасының тапсырған
Үш арманын баяндап,
Қарасайға толғады.
Сонда анасы сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Жақсыдан қалған тұяғым,
Айналайын, шырағым,
Үш арманды атаңнан
Естiп қалды құлағым.
Өлерiнде атаңнан
Арманың не?—деп сұрадым.
Сұрағанда айтайын,
Сондағы берген жауабын.
Ағасы Мамай мұңды едi,
Мұңды болған себебi—
Онда бала жоқ едi.
Бiр баланың жоғынан,
Қайғысының зорынан,
Миығын тартып күлмедi,
Күлдiре алмай кеткенi.
Екiншi оның арманы—
Ер Көкшенiң Қызыл ат,
Қолтығында бiр қанат,
Қызыл аттың үстiне
Бiр мiне алмай кеткенi.
Үшiншi оның арманы—
Қиғаш тауға бара алмай,
Арманда өлiп кеткенi.
Айналайын Қарасай,
Асыл да ердiң баласы-ай,
Тапсырып кеткен атаңның
Үш арманын бiтiрсең,
Өлiп кеткен атаңның
Арманының бiткенi.
Сонда бала сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Олай болса, анам-ай,
Ұлықсат еттiң маған-ай.
Үш арманын атамыз
Тапсырып кетсе маған-ай.
Бiткеруге арманын,
Аттанамын соған-ай,
Келсе менiң шамам-ай.
Бiтiрмесем арманын,
Туғаным онда жаман-ай.
Ер Көкшенiң Қызыл ат
Осы күнде қайда?—деп,
Анасынан сұрады-ай.
Сонда анасы сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Бес тұлпардың бiреуi—
Ешкi тұяқ Қызыл ат,
Керегi, балам, сол едi,
Шұбырып тұлпар жүредi.
Оған барып, шырағым,
Бұлағын тауып ал,—дедi,
Бұлағы тәттi бал,—дедi.
Аңдып жатып қасында,
Бұғалықты сал,—дедi.
Қызыл атты, шырағым,
Осылай ұстап ал дедi.
Сол күндерi Қарасай
Он екi жаста деп едi.
Анасынан есiтiп,
Қарына құрық iледi.
Жаяу бала жүгiрiп,
Өкшесi жерге тимедi.
Жүгiрумен Қарасай
Орал тауға келедi.
Шұбырысып бес тұлпар,
Орал тауда жүр едi.
Iзiн қарап табады,
Жiбектен арқан алады.
Шөлдегенде iшетiн
Бар едi балдан бұлағы.
Сол бұлақтың басында
Қарасай аңдып қалады.
Талма-тал түс болады,
Су iшiп жүрген бұлаққа,
Шұбырып тұлпар құлады.
Шөлдеп келген жануар
Суға басын қояды.
Бұғып жатып Қарасай,
Қызыл атқа қарады.
Қасындағы тұлпардан
Артық екен сияғы,
Қызыл аттың тұяғы.
Ұшатын құстай көрiндi
Ойнап ұшқан аяғы.
Төбесiнде көрiндi
Қиылған қайшы құлағы.
Қолтығында көрiндi
Ұшатын қанат қияғы.
Шамшырақтай жанып тұр
Екi көздiң жанары.
Алтынменен қаптаған
Бар едi алтын тұмары.
Қызыл атқа қызығып,
Ұстауға болды құмары.
Бес тұлпардың бiреуi,
Қази мiнген шұбары,
Бұғып жатып Қарасай,
Қызыл аттың мойнына
Бұғалықты салады.
Жүгiрiп ала жөнелдi
Он екi жасар баланы,
Шыр айналып Қызыл ат,
Мойнын бұрып қарады.
Қатуланып Қарасай,
Табандап тартып тұрады,
Өкшесiн тауға тiредi.
Жас та болса баланың
Күш қуаты көп едi.
Қызыл атты жүгендеп,
Қарасай ұстап мiнедi.
Қызыл атты Көкше қарт
Сыртынан бағып жүр едi.
Баланың ұстап мiнгенiн,
Үйiне мiнiп келгенiн
Көкше қартың көредi.
Ешкiм көзiн салмаған
Бұл да атаулы ер едi.
Қызыл аттың соңынан
Көкше қартың келедi.
Көкше қартың ақырып,
Қарт бурадай бақырып,
Келе сөйлей бередi:
—Орақтың ұлы Қарасай,
Сабырсыз ердiң баласы-ай.
Жайылып жүрген атымды
Ұстап неге мiнесiң?!
Көргенсiз иттiң баласы,
Сұрап мiнсең болмай ма?!
Ұстап неге мiнесiң,
Маған неге тиесiң?!
Атаң Орақ батырдан
Менi қалай көресiң.
Ұстап мiнген атыңды,
Өзiме қайтып бересiң!
Сонда бала сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Не сөйлейсiң, Көкше қарт,
Көп сөйлемей тiлiң тарт!
Орал, Орал, Орал тау,
Орал таудай тау болмас.
Орал таудың басында
Шұбырып өскен бес тұлпар,
Бес тұлпардай мал болмас.
Бес тұлпардың iшiнде
Ешкi тұяқ Қызыл ат,
Жал құйрығы Қызыл ат
Сiздiң ат емес, бiздiң ат.
Бұрын болса сiздiкi,
Ендi болды бiздiкi.
Ат тоныңмен, қартым-ай,
Көп сөйлемей кейiн қайт.
Сонда қартың сөйлейдi:
—Көкше деген мен едiм,
Көп жасаған көл едiм.
Дұшпан көзiн салмаған
Атым шыққан ер едiм.
Атымды ұстап мiнгесiн,
Ашуменен бiр сөздi,
«Көргенсiздiң баласы,
Жылқыда жүрген атымды,
Неге мiндiң?»—деп едiм.
Көргенсiздiң баласы,
Деген сөзiм шамасы
Келген шығар көңiлiңе,
Ашумен айтқан сөзiме.
Не қылсаң да өзiң бiл,
Салып тұрмын өзiңе.
Сонда бала сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Көкше деген қартым-ай,
Көтiңнен кейiн қайттың-ай.
Ашумен айтқан сөзiңе,
Қартым болсын апу-ай.
Атыңды ұстап мiнгесiн,
Келген шығар ашу-ай.
Жауға мiнiп баруға
Жоқ едi менiң атым-ай.
Өлерiнде атам-ай,
Бiр арманы—Қызыл ат
Мiне алмай кетiп барам,—деп,
Айтып атам кетiптi.
Атамның бiтсiн арманы,
Сөзiмнiң болмас жалғаны.
Қызыл атты қартым-ай,
Берiңiз бiзге сатып-ай.
Өз қолыңнан бермесең,
Не де болса атыңның
Бағасын тауып беремiн,
Келгесiн жаудан қайтып-ай.
Сонда қартың сөйледi:
—Қызықпаймын малыңа,
Бермеймiн бiр жүз нарыңа,
Сұраймын бәсiн атыма,
Батады айтсам жаныңа.
Қағазға қалам сыз,—дедi,
Атымның бәсi—қыз,—дедi.
Мiнбеймiн сенен тартып-ай,
Саған зорлық қылмаймын.