Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (1-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу

Батыр Мамай, қанды Орақ
Ер Мұсаның ұлы едi.
Баба Түктi Шашты Әзиз
Арғы атасы сол едi.
Одан соңғы атасы—
Едiге менен Нұрадин.
Келе жатқан қашаннан,
Ел қомдаған ер едi.
Қорғаған елi ноғайлы,
Байтақ жатқан сол едi.
Едiл, Жайық екi су—
Жағасы ноғай қалың ну.
Ноғайлы халықтың жерi едi,
Қанды Орақ асқан ер едi,
Дүниенi сұрап жүр едi.
Бұл дүнияның жүзiнде
Бармаған жерi жоқ едi.
Дүнияны сұрап жүргенде,
Армансыз пенде болар ма,
Үш арманы бар екен.
Бiр күнi Орақ сөйлейдi
Қасындағы әйелге,
Жұбайына батыр толғады:
—Некелесiм, жұбайым,
Саған да бұны айтайын,
Осы күнде көңiлiмде
Үш арманды дүниядан
Бiткере алмай барамын.
Қарасай, Қази шырағым
Менен туған ұл болса,
Ұл екенi шын болса,
Атқа мiнер күн болса,
Камалына келгенсiн,
Үш арманды бiткерсiн,
Тапсырып кеткен сәлемiм.
Бiрiншiнi айтайын,
Емшектесiм жұбайым:
Бiрге туған Мамайым,
Қайғысының зорынан,
Миығын тартып күлмедi,
Күлгенiн көзiм көрмедi.
Күлер ме екен, Мамай,—деп,
Теңселтiп жорға мiнгiздiм,
Мұнда да Мамай күлмедi.
Қара қасты, қанды бет,
Сұлу алып сүйгiздiм,
Мұнда да Мамай күлмедi.
Жазығы жоқ, кiнә жоқ,
Палуан, сұлтан батыр хан,
Дiн бiлмейтiн кәпiр хан,
Өлтiрiп тағына мiнгiздiм,
Мұнда да Мамай күлмедi.
Күлмегеннiң себебi—
Iзiнен перзент ермедi,
Етегiн тартып жүрмедi.
Маған ерген екi ұлдың
Бiреуiн оған бермедi.
Бiрге туған Мамайды
Күлдiре алмай барамын,
Бiр арманым сол едi.
Қарасай менiң шырағым
Менен туған ұл болса,
Ұл екенi шын болса,
Атқа мiнер күн болса,
Кемелiне келгесiн,
Қайғылы Мамай атасын
Бiр күлдiрсiн деп едi.
Айналайын, шырағым,
Бәрi сонда бiтедi.
Екiншi арманды айтайын:
Орал, Орал, Орал тау,
Орал таудай тау болмас.
Орал таудың басында
Шұбырып өскен бес тұлпар,
Бес тұлпардай мал болмас.
Бес тұлпардың iшiнде
Ешкi тұяқ Қызыл ат
Ер Көкшенiң аты едi.
Қызыл атты астыма,
Бiр мiне алмай барамын,
Екiншi арман осы едi.
Қарасай менiң шырағым
Менен туған ұл болса,
Ұл екенi шын болса,
Атқа мiнер күн болса,
Кемелiне келгесiн,
Ер Көкшенiң Қызыл ат,
Қарасай мiнсiн атына.
Айналайын шырағым,
Екеуi сонда бiтедi.
Үшiншi арман айтайын:
Баба Түктi Шашты Әзиз
Арғы атам сол едi,
Ол бармаған жер едi.
Одан соңғы атамыз—
Едiге менен Нұрадин,
Бұл бармаған жер едi.
Өзiмнiң атам Ер Мұса,
Бұл бармаған жер едi.
Қара қыпшақ Қобыланды
Қайраты асқан ер едi.
Мұсылман ерi бармаған,
Ат тұяғын салмаған,
Қаһарланып қылыш ұрмаған,
Сондай қиын жер едi.
Бармаған жердi айтайын:
Қиғаш деген—биiк тау,
Қызылбас деген—мықты жау.
Қиғаш тауға бара алмай,
Бағындырып ала алмай,
Дүниядан өтiп барамын,
Үшiншi арман осы едi.
Қарасай, Қази шырағым
Менен туған ұл болса,
Ұл екенi шын болса,
Атқа мiнер күн болса,
Кемелiне келгесiн,
Қиғаш тауға аттансын,
Шамырқанып шаттансын,
Буырқанып бұрсанып,
Мұздай темiр құрсанып,
Дербент деген шаһарға.
Соны бiр айтып Ер Орақ,
Әйелiмен қоштасып,
Үш арманды тапсырып,
Бұл дүниенiң жүзiнен,
Қош айтысып жөнелдi.
Ұзын сөздi қысқартып,
Арманнан хабар берейiк.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз