Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (8-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 4 мин оқу

Сен кеткенсiн, қарағым,
Күнiм болар бiр қысым.
Қысым ендi жаз болып,
Қашан келер жыл құсым?!
Қорқытып кеттi құлыным,
Үйдегi көрген бiр түсiм.
Барасың қайда, Әдiлiм?
Сен кеткенсiн, шырағым,
Болмайды менiң сабырым.
Жоқ едi сенiң аға-iнiң,
Жас та болса әр жерге
Кетiп едi дабырың.
Қызыбас мықты ел деймiн,
Аламаны зор деймiн,
Барған адам келмейдi.
Бұрынғы өткен ерлердiң
Алалмаған жер дейдi.
Жалғыз едiң, шырағым,
Сапарыңды беремiн,
Көзiмнiң жасын көремiн.
Қызылбасқа кетерсiң,
Қиын жолға жетерсiң,
Емшегiм сүтi ақ дария
Болып шықса алдыңнан,
Одан қалай өтерсiң?!
Көзiмнiң жасы көл дария
Болып шықса алдыңнан,
Одан қалай өтерсiң?!
Бара жатқан жолыңның
Талай қиын жерi бар,
Үш айшылық шөлi бар.
Аспанменен тiрескен,
Бұлтпенен күрескен,
Асқар биiк тауы бар,
Астында мықты жауы бар,
Неғып одан өтерсiң,
Жауға не амал етесiң?!
Ақ сүт берген анаңды,
Қарындасың Iлия,
Толып жатқан дүния
Тастап неғып кетесiң?!
Сонда Әдiл сөйледi,
Тұр десе де тұрмады:
—Жылама, анам, жылама,
Жыламай көзiң тына ма?!
Осы бiр ретте, анам-ай,
Сапарымды сұрама.
Қырық мың әскер ергесiн,
Бармай балаң тұра ма?!
Қиын да болса бұл жауға,
Бiр тәуекел етермiн,
Бармай қалсам бекермiн.
Бара жатқан жерiмде,
Алты айшылық жол болса,
Алты ай жүрiп жетермiн.
Алдымнан шықса қиын жол,
Бұзып-жарып өтермiн.
Көзiңнiң жасы көл дария
Болып шықса алдымнан,
Қырық мың әскер қолым бар,
Көпiр де салып өтермiн.
Емшегiң сүтi ен дария
Болып шықса алдымнан,
Түсiп соған кетермiн,
Iшiп те сонда өтермiн,
Алты айшылық жол болса.

Айсаның ұлы Ахметтiң
Сөйтiп жолы болмады.
Айбалтасы сынғасын,
Ахмет қарап тұрмады.
Аузын ашып кередi,
Тiсiменен қопарып,
Бiраз тасты алады.
Бiр уақыттар болғанда
Бiр тасқа аузын салғанда,
Тiсi сынып қалады.
Екеуi сынып қалғасын,
Амалын таппай тұрады.
Аузы болып қызыл қан,
Тұлпарына мiнедi.
Тауға лаж таба алмай,
Бұл да қайтып келедi.
Қайтып келiп Ахмет,
Былайша жауап бередi:
—Жұмсаған, Әдiл, сен едiң,
Тауға барған мен едiм,
Жалғыз аяқ тар жолды
Көрiп кел маған деп едiң.
Жұмсағансың бұйырып,
Тауға да қарап жөнелдiм.
Тау хабарын айтайын,
Тыңдасаңыз, Әдiл хан,
Қуанады адамдар
Жетi мүше сауына.
Барып келдiм, Әдiл хан,
Қиғаштың биiк тауына.
Бармайтұғын жер екен,
Қызылбастың жауына.
Қарашы менiң аузыма,
Балтам сынып қалғасын,
Салып едiм аузымды
Қиғаштың биiк тасына.
Таспенен құйып тастапты
Жалғыз аяқ жолын да.
Кiрмедiм десем сенбессiң,
Сөзiмнiң болмас жалғаны,
Жалған айтар мен бе едiм.
Өтiрiк емес шын деймiн
Биiктiгi тауының,
Тiкелей ұшқан қара құс
Басына ұшып шыға алмас.
Етегiн серлеп қарасам,
Биiк ұшпа қара құм,
Ат қиялап шаба алмас.
Бұрғымен тескен тесiк жол,
Адам оған кiре алмас.
Жалғыз адам болмаса,
Екi адам қатар жүре алмас.
Осындай қиын жол екен,
Жолы қиын мол екен.
Тiлiмдi алсаң қайтайық,
Алдырмайтын ел екен.
Жолды барып серледiм,
Жалған айтар мен бе едiм.
Батылым барып кiрмедiм,
Кiрейiн десем сенбедiм.
Мұндай қиын тар жолды
Өмiрiмде көрмедiм.
Жол басшымыз ер Әдiл,
Ендiгiсiн өзiң бiл,
Алдырмайтын ел деймiн.
Сонда Әдiл сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Әй, Ахмет құрмағыр,
Қорқақ па едiң, оңбағыр.
Айдаһар деп жүргенiң,
Кесiртке ме едi, құрымағыр.
Қайта бер ендi қосыңа,
Айдаһар деп қол салып,
Қараған болсаң шошымай.
Айдаһар деп жүргенiң,
Кесiртке ме едi, досым-ай?!
Ер деп сенi жiбердiм,
Ертпей адам қасыңа-ай.
Жолға кiрмей қайтқаның,
Ылайық па өзiңе-ай?!
Жолы қиын екен деп,
Ұятым салдың басыма-ай.
Жауынгер болат дегенiм,
Болып жатыр пасық-ай.
Тар жолға барып кiре алмай,
Келгенiң кемдiк атыңа-ай,
Қайта бер ендi қосыңа.
Қарасайға толғады:
—Ей, Қарасай, Қарасай,
Қанды Орақтың баласы-ай,
Қайда кеттiң Қарасай,
Асыл ердiң баласы-ай?!
Жақсы менен жаманның
Ашылып жатыр арасы-ай.
Қарасай өзiң болмасаң,
Батырсынып жүргенiң,
Белгiлi болды шамасы-ай.
Уайым айтып келедi,
Iшiне кiрмей тар жолдың.
Ендi өзiң бар Қарасай,
Қарасай, Қази болмаса,
Құрыды жұрттың шамасы-ай.
Тесiк жолға кiре алмай,
Ар жағын серлеп көре алмай,
Болып тұр жұрттың таласы-ай.
Қаратауды көргенде,
Таудай болған батырлар
Болып та қалды аласа-ай.
Өзiң барып көрмесең,
Зар болады қалмақтың
Қызыл ғана қаласы-ай.
Жаманның кеулi тар,—дейдi,
Қызылға тоқым сал,—дейдi.
Орақтан қалған жасыл ту,
Желбiретiп ал,—дейдi.
Жасың үлкен болса да,
Жұмсадым сенi, Қареке,
Жалғыз аяқ тар жолға,
Барып келгiн, сен,—дейдi.
Сол уақытта Қарасай,
Асыл да ердiң баласы-ай.
Айтуына мұң екен,
Жұмсасын,—деп жүр екен.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қарасай кетiп барады.
Жалғыз аяқ тар жолды
Мұның да көзi шалады.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз