Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (9-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу

Атын кесе қаңтарып,
Жолдың түрiн байқады.
Жол қиынын көргенде,
Қарасай бiр сөз айтады:
—Ақ Жасаған, Құдайым,
Өзiңнен жәрдем сұрайын.
Жiгiтке пайда бермейдi
Көп ойлаған уайым.
Жол үстiнде тұрмайын,
Кiрмей кетсем тар жолға,
Мен Орақтан тумайын.
Не де болса кiрейiн,
Айтып кеткен атамның
Бiтiрейiн арманын.
Мынау қиын жол екен
Жаны бар адам бара алмас.
Қиын да болса кiрейiн,
Ауыр жолды көрмесем,
Жол хабарын бермесем,
Қарасай атым оңалмас.
Кiрмей қайтсам бұл жолға,
Үлкен атам қанды Орақ
Көрiнде тыныш жата алмас,—
Дедi дағы, Қарасай
Өзiн-өзi қайрады,
Өлiмге басын байлады.
Екi көзiн шарт жұмып,
Астындағы Қызылды,
Тар жолға айдап салады.
Жалғыз аяқ жолменен
Қарасай кетiп барады.
Екi көзi Қызылдың
Шамшырақтай жанады.
Жан-жағына қарамай,
Сол мезгiлде кеш болды.
Түнiменен жүредi,
Жол азабын көредi.
Бiр уақыттар болғанда
Таң белгiсiн бередi.
Таң атқасын Қарасай,
Жолдың шықты шетiне.
Жақындаған құсайды
Қызылбастың кентiне.
Қарғасаның дуамен
Оқып салған бетiне,
Бiраз ғана келедi,
Өзiнiң айтқан сертiне.
Осы жерге келгенде
Атын кесе қаңтарып,
Жерiн түрiн байқады.
Көрiп жолдың қиынын,
Қарасай бiр сөз айтады.
Көрмегенiм көп екен,
Жүрер жолым жоқ екен.
Байқап келiп қарасам,
Жолы қиын бұл екен.
Ат бауырын жаза алмас,
Ат қиялап шаба алмас
Орғыл-орғыл құм екен.
Бұның арғы жағына
Көз жiбереп қарасаң,
Алты қатар ор екен.
Ордың арғы жағына
Көз жiберiп қарасаң,
Айналасы айшылық,
Көлденеңi күншiлiк,
Он екi қамтам жер екен.
Қарғасаның қаны екен,
Жолы қиын жер екен.
Он екi жерде мұнара,
Хан белгiсi бар екен.
Ханның басы—Қарғаса,
Алдырмайтын жер екен.
Асты теңiз су екен,
Үстi биiк тау екен.
Арасына салдырған
Дербент деген қала екен.
Дәруазасы темiрден,
Он екi пар өгiзбен
Қырық күн ашып-жабатын
Дәруазасы бар екен.
Бұл қаланың iшiнде
Күзеткен әскер бар екен,
Қаласы мықты жер екен.
Бұл қалаға тайсалмай
Баратын жолы жоқ екен.
Ойланып келiп қарасам,
Алдырмайтын ел екен.
Қарасай оған бара алмай,
Баратын жолын таба алмай,
Жаудан белгi ала алмай,
Кейiн қайтып барады-ай.
Ертең талтүс болғанда
Қарасай таудан шығады.
Әдiлге шауып келедi,
Келе сөйлей бередi.
—Әдiл достым сен едiң,
Көрiп кел жолды деп едiң.
Көрiп келдiм жолыңды,
Жалған деме мұнымды.
Жаудың шықтым бетiне,
Жолдың шықтым шетiне.
Көз жiберiп қарасам,
Қызылбастың кентiне,
Асқар биiк тау екен.
Қызылбас мықты жау екен.
Жалғыз аяқ тар жолы,
Бұрғымен тескен тесiк жол,
Тар тесiгi бар екен.
Таудан құлап қарасам,
Көрiп қайтқан ерлердiң
Айтқан сөзi шын екен.
Құм екен арғы жағы да,
Оған келiп қарасам,
Жалпақ жатқан сор екен.
Сорға салған тас өткел,
Жалғыз аяқ жол екен.
Сордан өтiп қарасам,
Сорға жалғас қазылған
Алты қатар ор кен.
Қазған ордың ар жағы
Он екi ханның бас қосып,
Қорған салған жерi екен.
Дербент деген қаласы
Әр қаладан зор екен.
Жалғыз аяқ тар жолда
Қауiп-қатер көп екен.
Бұдан басқа жүретiн,
Бөтен жолы жоқ екен.
Мен қорқытып айтпаймын,
Ақиқатын айтқанда,
Көз қорқатын жер кен.

Тағы оқыңыз