Қарасай—Қази (11-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Жүре алмады жол тауып,
Бара алмады ой тауып.
Осы жерге келгенде,
Ерге болды бiр қауiп.
Қайғы түстi жүрекке,
Қази келiп тiрелдi
Жан жүрмеген түбекке.
Бара алмады жол тауып
Қызылбастың елiне.
Тiрi ұстауға қызылбас
Көрiнбедi көзiне.
Келiп тұрған секiлдi,
Қарасайдың ат алып,
Кешегi қайтқан жерiне.
Осы жерге келгенде
Атынан түсiп ер Қази,
Атты кесе қаңтарды,
Жолды тұрып байқады.
Құр алақан қайта алмай,
Сонда бiр жауап айтады:
—Қарасай көкем ер екен,
Көргенiн айтып жүр екен.
Қадiрiн бiлмей сөйледiм,
Айтқанымды көтердi,
Қас әулие пiр екен.
Абайламай сөз айттым,
Қас ақылсыз мен екен.
Қызылбастың елiне
Баратын жолы жоқ екен.
Қызылбастан тiл алмай,
Құр келгенi сол екен.
Құр алақан қайта алмай,
Жалған сөздi айта алмай,
Тарығып Қази тұр екен.
Жылап жүрiп Қазидың
Сондағы айтқан сөзi екен:
—Ақ Жаратқан Құдайым,
Өзiңнен жәрдем сұрайын.
Өзiң жәрдем бермесең,
Басыма түстi уайым.
Тiл ұстамай құрдан-құр,
Таудан қалай құр шығайын.
Тiлдi қайдан табайын,
Әдiлге не деп барайын?!
Құр алақан барғанша,
Осы жерде қалайын.
Көрiнетiн адам жоқ,
Далаға қалай шабайын.
Батыр Орақ ұлы едiм,
Бiр тәңiрдiң құлы едiм,
Ел қайғысын жеп едiм,
Қызылбастан бiр белгi
Келермiн алып, деп едiм.
Бұл тiлегiм болмаса,
Басыма бақыт қонбаса,
Талап етiп келсем де,
Бұл талабым оңбады.
Келiспедi талабым,
Өзiң сақтап етпесең,
Құрыды менiң амалым.
Қызылбастан бiр белгi
Қолыма ұстап бармасам,
Әдiлге не деп барайын?!
Тiлегiмдi берсейшi,
Көз жасымды көрсейшi.
Қызылбасты алдыма,
Тәңiрiм айдап келсейшi.
Осыны айтып тұрғанда,
Күн ортадан ауғанда
Тiлегiн Құдай бередi,
Көзiнiң жасын көредi.
Аруанасын жетектеп,
Қырық керуеншi келедi.
Көмiршiнi көргесiн,
Тiлегiн Құдай бергесiн,
Тарығып тұрған ер Қази
Қабағын ашып күледi,
Шұбар атқа мiнедi.
Көмiршiнiң алдына
Арыстандай сақылдап,
Қази шауып келедi.
Қызылбасқа барады,
Қырқын ұстап алады.
Қызылбасқа жолықты,
Қызылбас мұнан қорықты.
Қызылбастан тiл ұстап,
Хабарына молықты.
Қырқын да ұстап алады,
Төгiп тастап көмiрдi,
Тар жолға айдап салады.
Ер Әдiлдiң алдына
Шұбыртып айдап барады.
Қызылбастан тiл алды,
Әдiл көрiп қуанды.
Жолы қандай екен?—деп,
Қолбасы жауап сұрады.
Қарасай, Қази ер едiң,
Екi достым сен едiң.
Қызылбастан бiр белгi
Әкелейiн деп едiң.
Алып келдiң белгiнi,
Қабыл екен тiлегiң.
Зор екен батыр жүрегiң,
Атаң Орақ ер едi,
Алған жерi көп едi.
Ер де болса қызылбас,
Ат салмаған жер едi.
Сенен басқа батырлар
Уайым айтып келедi.
Қызылбастан бiр белгi
Алып келдiң сен дедi,
Көңiл қойдым мен дедi.
Жолы қандай көрiндi?
Барып келген сен дедi,
Хабарыңды бер дедi.
Сонда Қази сөйледi:
—Оңай деп жолды қуанба,
Жолды менен сұрама.
Өзiң барып көрерсiң,
Бармай көңлiң тына ма?!
Iздеген жауды бiр көрмей,
Ер құмардан шығар ма?!
Қарасай көкем ер екен,
Көргенiн айтып жүр екен.
Басқа уайым салатын
Жалғыз аяқ жол екен.
Барып келiп батырлар,
Шынын айтып жүр екен.
Жолдың бардым шетiне,
Таудың төмен бетiне,
Жетпесе, ерге уайым,
Өзiнiң айтқан сертiне.