Қарасай—Қази (3-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Ылайық болса атыма,
Басқа қызды алмаймын,
Қарындасың Қымбатты
Берсең алып мiн дедi.
Алдыңдағы Көкше қарт,
Бұл айтқаның жөн дедi.
Айтқаныма сен дедi,
Алеукенiң жауынан
Келсем қайтып мiн,—дедi,
Сонда, қартым, кел,—дедi.
Сенi қартаң демеймiн,
Сапардан қайтып келгесiн,
Қарындасым Қымбатты
Ұзатып сонда берейiн.
Сонда қартың не дедi,
Ес ақылы кетедi.
Қарасайдың сөзiне
Көңiлi қарттың бiтедi.
Ат аяғын тұсады,
Қызыл атты балаға
Беретұғын құсады.
Қымбатты бердiм дегесiн,
Жетпiстегi батырдың
Буындары босады.
Ақ Қымбатты алдым,—деп,
Көкше кеттi қуанып,
Отыр едi қыз Қымбат
Шын жiбекке оранып.
Жаңа өспiрiм кез едi,
Жас та болса қыз Қымбат
Ақылы артық кен едi.
Көкше қарттың сөздерiн
Есiтiп Қымбат тұр едi.
«Шыныменен ағамыз
Сатқаны ма бiр атқа,
Бергенi ме бiр қартқа?»—
Осылай деп қыз Қымбат,
Өксiп жылап жiбердi,
Жылап тұрып сөйледi:
—Орақтың кенже қызы едiм,
Қойында бағлан қозы едiм,
Менiменен Қарекең,
Туысты ме екен?—деп едiм.
Туысқаны осы ма?
Қайғы салды басыма.
Қарасай менiң көкем деп,
Келемiн неғып қасына?!
Қарындасың Қымбатты
Атқа сатып мiнгесiн,
Ылайық па осы басыңа?!
Атым нашар көнгенмiн,
Сендер едi сенгенiм.
Атқа сатып мiнгендей,
Жылатып шалға бергендей,
Жауға барып олжалап,
Алып та келген күң бе едiм?!
Бұл қорлықты көргенше,
Аға деп саған ергенше,
Атамыз Орақ батырдың
Моласына бас ұрып,
Жақсы емес пе өлгенiм?!
Дедi дағы қыз Қымбат,
Зар еңiреп жылады,
Көзiнiң жасын бұлады.
Көзiнiң жасы мөлтiлдеп,
Қымбат жылап тұрады,
Қарасай бұны бiлмедi.
Жылағанын көргенде,
Жылағанын бiлгенде,
Қарындасы Қымбатты
Жылатып ермедi.
Ат сағынған бейшара
Қызыл атқа ер салды.
Буырқанып бұрсанды,
Мұздай темiр құрсанды.
Әләукенiң жауына
Атқа мiнiп жөнелдi.
Қибаттың жылап тұрғанын,
Бiр сұмдықтың болғанын
Iнiсi Қази бiледi.
Жүгiрiп үйден шығады,
Көздi салып қараса,
Қарасай кетiп барады.
Iзiнен Қази ақырып,
«Тұра тұр»,—деп шақырып,
Қази айқай салады.
Қазидың дауысын есiтiп,
Аттың басын бұрады.
Қайтып келiп Қарасай,
Шақырғаның шырағым,
Себебi не?—деп сұрады.
Сонда Қази сөйлейдi:
—Атқа сатып Қымбатты,
Не қылғаның, бұл?!—дедi.
Бұл қылығың жөн бе едi?!
Мiнiп алып Қарасай,
Барасың қайда сен?—дедi.
Қарындасың Қымбатты
Атқа сатып мiнгенiң
Ылайық па басыңа?!
Қарындасың Қымбатты
Атқа сатып мiнгенше,
Әлеукенiң жауына
Жаяу барып өлсейшi.
Қарасай сонда сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Ай, Қазижан шырағым,
Белiмдегi жарағым,
Маған неге ақырдың?
Менi неге шақырдың?
Кейiгенiң ат болса,
Мәнiсiн саған айтайын:
Көкшеден алған атымның,
Үш арманның бiреуi
Өлген Орақ атаңның.
Бiр арманы—Қызыл ат
Мiне алмай кеттiм дегенi.
Бiтiруге атаңның,
Сол едi ұстап мiнгенiм.
Үш арманын атаңның
Бiтiруге жүргенiм.
Қымбат жанды бiр атқа,
Тоқсандағы шал қартқа
Не қылғаным бергенiм:
Көз жасынан қорқып Көкшенiң,
Сөзбенен көңiл бөлгенiм.
Қымбатты неге берейiн,
Оны кiмге теңейiн?!
Атқа сатып бергенше,
Жақсы емес пе онан да
Жаяу жүрiп өлгенiм.
Қарындасым қиналса,
Атты қайтып берейiн.