Қарасай—Қази (18-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Қызылбасты алқымдап,
Таялыпты сол кезде,
Жау жағаға жақындап,
Досын iздеп екеуi,
Басын салды ортаға.
Ердiң сойы болғасын,
Бұлар жаудан қорқа ма?!
Қызылбасты шабады,
Әдiл достын қарады.
Соңғы ұрыс зор болды,
Көргендер қайран қалады.
Қараңғы тұман шаң болды,
Шаңға аралас қан болды.
Қала өртенiп жанады,
Алты күндей соғысты
Зор соғыс деп санады.
Жауда Әдiл ер қалды,
Ендi өлмеген не қалды?!
Қарасай-Қази қос батыр
Әдiл досын таба алмай,
Қызыл қанға боялды.
Алты күндей соғысты,
Аспан менен жерден де
Әдiл досын таба алмай,
Қайда екенiн бiле алмай.
«Әдiлмiсiң, сен?»—дедi,
Қызылбасты танымай.
Қорыққанынан қызылбас:
«Әдiл досың—мен»,—дедi.
«Әдiл болсаң, досыма-ай,
Кел, артыма мiн»,—дедi.
Алып шығып қараса,
Қызылбастың адамы.
«Өлер жерiң осы»,—деп,
Қақ жүректен шаншыды.
Әдiл досын екеуi
Алты күндей iздейдi.
Табылар деп бiр жерден
Әлде де үмiт үзбейдi.
Екi тұлпар жануар
Сүйегi қызып ойнады,
Секiрудi қоймады.
Соғыс болды алты күн,
Екi батыр аянбай,
Таусылатын жау емес,
Жау жағаға таялды.
Алты күндей соғысты,
Қарасай болды жаралы,
Аяқ-аяқ қан құсты.
Шыбын жаннан баз кешiп,
Тұрған екен таба алмай.
«Шырағым, Қази қайда?»—деп,
Найзасына таянып,
Жарасынан қан ағып,
Тұрған екен шақырып,
Жүр екен Қази таба алмай.
Зарлап тұрған ағасын
Қазидың көзi шалады.
Шұбар атты қамшылап,
Көзiнiң жасы тамшылап,
«Бауырым!» деп шабады.
Жетiп келдi қасына,
Ойлады Қази осылай:
Ендi бiр қайран көресiң,
Асыл ердiң сойы деп,
«Жамансың» деп қыздырсам,
Көтерер ме екем басын-ай?!
Жанына келiп қарасам,
Түзелiп батыр кетер ме,
Жай-бұлттың сойы едi,
Ашуланып, долданып,
Түзелiп батыр кетер ме?
Қолтығынан демесем,
Бiр жағынан сүйесем,
Тау басына жетер ме.
Ашуын қайрап келтiрсем,
Жарағы себеп етер ме,—
Дедi дағы, ер Қази
Қасына жетiп келедi.
Қамап тұрған қызылбас
Қазидан қашып кетедi.
Қан құсып тұрған ағасын
Қази сонда көредi.
Жараны Қази көргесiн,
Көзiнiң жасын төгедi.
«Неғып тұрсың, аға?—деп—
Қызылбастан жапа жеп».
Келiп сөйлей бередi:
—Неғып тұрсың, Қарасай?
Батып тұрма жаныңа,
Жаудың салған жарасы-ай?!
Жауға сырын алдырмас,
Жетпесе ердiң қазасы-ай.
Аз да болса, көп болар,
Сабырсыз ердiң жазасы-ай.
Шыдамсыз боп жараға,
Мұнша неге кем болдың,
Ер кiсiнiң баласы-ай?!
Осындайда айрылар
Жақсы менен жаманның
Екеуiнiң арасы-ай.
Атадан бiрге тусаң да,
Туыпсың жаман шамасы-ай.
Қылыш тисе, шорт сынып,
Найза тисе, морт сынып,
Жасық болып атадан,
Туыпсың жаман шамасы-ай?!
Айтушы едi анам-ай,
Ана сыншы деп едi,
Өзiнен туған балаға-ай.
Атадан бiрге туса да,
Бәрi бiрдей бола ма?!
Атамыз Орақ ер едi,
Ақылға атам кен едi.
«Қарасай адам болмас»,—деп,
Атам сондай деп едi.
Қази жауға тигенде
Бұзар деп едi жебенi.
Қарасайды туғанда
Кем болғанның себебi:
Есердiң қара тасына
Жерiк едi ол дедi.
Сол себептi Қарасай
Кем болып туған,—деп едi.
Қарасай сонда сөйледi:
—Айналайын, шырағым,
Жаудан аман шығармын.
Айналайын, Қазижан,
Менi мiнесең боларсың.
Менi қорғап жүргенде,
Өзiң түсiп қаларсың.