Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (14-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 3 мин оқу

Ашуын тастап ер Әдiл,
Жолды берді ол саған.
Арғы атаңды сұрасаң,
Баба Түктi Шашты Әзиз,
Әулие, шайық, пiр едi.
Онан туған Едiге
Кереметтi ер едi.
Едiгенiң тұрғаны
Қарулы тұрған жебе едi.
Кейiнгi атаң ер Орақ
Едiгенiң сойы едi.
Қарсы болған хандарды
Тай-құлындай тыпыртып,
Басын кестi деп едi.
Атаң Орақ ер едi,
Жолыңды алдың ер,—дедi.
Жолың болсын, қарағым,
Ашуды тастап көрiсiп,
Достықпен тату бол,—дедi.
Қызылбастың жауына,
Қолыңды бастап жүр,—дедi.

Қоянақ екi батырды ұрыстырмай сөзбен татуластырып, қайтадан көрiстiрiп, дос қылады. Қырық мың әскер тар жолға сыймайтан болғандықтан, әскерлердi үшке бөледi. Он төрт мың әскерге Қарасай, Қази бас болып жалғыз аяқ тар жолдан өтiп кетедi. Он үш мың қолға басшы болып жас Әдiл жалғыз аяқ тар жол өткелге түсiп кетедi. Ендi он үш мың қолға Исаның ұлы Ахмет батыр бас болып, тас өткелге бармай, орта жолда тұрып қалады. Жас Әдiл жалғыз аяқ тар жолға түсiп жүре тұрсын. Ендi тұрып қалған Ахмет батырдан сөз есiткiн. Ахмет ойға қалып, жалғыз аяқ тар жолға түспей, кейiн қайтты. Сөйтiп, әскерiне толғап тұрғаны:

Ахмет тұрып сөйледi,
Сөйлегенде бүй дедi:
—Қол бастаған, Қоянақ,
Құладың таудан қиялап.
Жалғыз аяқ тар жолға
Әскерiмдi түсiрмей,
Қайтуға тұрмын ой ойлап.
Осы жерге келгенде,
Тас өткелдi көргенде,
Әскер болды үш бөлек.
Ақылдасып қайтуға,
Болашақ iстi айтуға
Өзiңдей бiр ер керек.
Жау қамаса тар жолда,
Бұзып-жарып өтуге
Сонда бiзге күш керек.
Он төрт мыңға қолға бас болып,
Қарасай-Қази ер кеттi.
Әскерiн қойдай шұбыртып,
Жая бұлттай сұр едi.
Жаман, сiрә, аталмас,
Орақ пенен Мамайдың
Қарасай-Қази ұлы едi.
Өздерi аман жүргенде,
Әскерiн жаудан қашырмас.
Тасқа шапса, қайтпайтын
Шар болаттың сойы едi.
Қызылбастың жауынан
Жеңiлем деп ойламас.
Қаһарланып шабар қалаға,
Қаланы бұзып алады.
Соңынан кеткен Әдiлдiң
Қамауда қолы қалады.
Шығармас қолын далаға,
Ата тегi төре едi,
Тегiнде ерлiк жоқ едi.
Қара басы Әдiлдiң
Жеке туған ер едi.
Жауда қалса, алатын
Туысқаны жоқ едi.
Осы сапар ер Әдiл
Асылық айтып келедi.
Әдiл тауда қалғасын,
Қарасай-Қази қос батыр
Қызылбасқа барғасын,
Қызылбастың әскерi
Тауға қарай салмасын.
Жалғыз аяқ тар жолды
Бiзден бұрын алмасын.
Қырымнан келген көп әскер
Қамауда сөйтiп қалмасын.
Осы жерден қайталық,
Болатын iстi айтайық.
Бұрын барып тар жолдың
Аузын көрiп қайталық.
Тауға жылдам баралық,
Тау басына қаралық.
Қызылбас көрер күн болса,
Бұл айтқаным шын болса,
Үш жерден ұрыс салалық.
Аламанды алдырмай,
Бiреуiн жауда қалдырмай,
Аман алып шығалық.
Бәрiңе айтқан кеңесiм—
Басалық жаудың жебесiн.
Қол бастаған, Қоянақ
Қартым, қалай көресiң.
Мақұл десең Қойеке,
Кейiн қарай жүресiң.
Сонда Қоянақ сөйледi:
—Қоянақ қартың мен едiм,
Көптi көрген көне едiм.
Бұл сөзiңдi, Ахмет,
Мен де тәуiр көремiн.
Көрсем дағы батыр-ай,
Бiр қарамай артыңа-ай,
Кейiн қарай кеткенiң,
Лайық па атыңа-ай?!
Қарасай-Қази қос батыр,
Қырымның ханы жас Әдiл
Жан жолдасың емес пе?!
Хабар алмай солардан,
Барасың кейiн, қайтып-ай?!
Бiр хабарын калсайшы.
Ахмет онда сөйледi,
Сөйлегенде не дедi:
—Ай, Қоянақ, қартым-ай,
Аманат ерге артық-ай.
Жау қамаса тар жолда,
Жолға түсiп қырылар,
Бiзге ерген халқың-ай.
Әскерiң қалар тұтылып,
Боз тұлпармен, Қойеке,
Кетерсiң өзiң құтылып.
Өзiң аман шығарсың,
Әскерiңдi қырарсың,
Қас масқара боларсың,
Бiзге ерген әскердiң
Обалына қаларсың.
Қартым, аңдап қарашы,
Осы айтқанды қыларсың.
Ахмет ақыл айтады,
Ақылмен алдын байқады.
Қоянақ қартың түсiнiп,
Бұл да кейiн қайтады.
Қарасай, Қази барады
Қазбан деген қалаға.
Қаланы бұзып ханды алды,
Шулатып жесiр жанды алды,
Алды малға толады.
Қызылбастың көп қолы,
Шабылған елге қарамай,
Тауға қарап қашады.
Исаның ұлы Ахмет,
Әулие десе болмай ма.
Айтқанындай болады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Екi әскер таласып,
Үш күн ұрыс салады.
Исаның ұлы Ахмет
Қызылбасты қиратып,
Жолды тартып алады.
Қызылбас тағы көбейiп,
Жолды тағы қамады.
Сол уақытта Ахмет
Және бiр толғап қарады.
Қоянақ қартым, көрдiң бе?
Ендi маған сендiң бе?
Қызылбас жауы қайтадан
Қаптағанын көрдiң бе?

Тағы оқыңыз