Шаябай (аңыз-дастан) (3-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Білмеймін шөл дала ма, Сарыарқа ма,
Шет пе екен, шалғай жатқан Жерорта ма.
Естимін ел аузынан еміс-еміс,
Тұр дейді зират сол бір жон арқада.
Өткір сөз өртеп ішін кетті меңзеп,
Ол жағын тұрған шығар іші сезіп.
Ат басын бұрды дағы кері қарай,
Құйғытып сардаламен кетті кезіп.
Ер ойын үнсіз ұққан серіктері,
Соңынан Шаябайдың еріп берді.
Жер таңдап, суын байқап, талай жерді,
Тамсанып, тамашалап, көріктеді.
Шүйгінді, тұнық суы, шат-қиялы,
Тірелді Үшқоңырға ат тұяғы.
Бекініп осы жерді қоныстауға,
Таңба сап шапқысымен тас қияды.
Көңілдес кедей ауыл қосты басын,
Жетімге, жетпегенге тосты асын.
Барлығы бір қазаннан ас ішіпті,
Көппенен ұмытылып тоқтық-ашың.
Ешкімді қиянатқа бастырмады,
Көлденең шөп жатса да, бастырмады.
Коңтәжі, шонжар тұқым—ата жауы,
Болды енді Шаябайдың қас дұшпаны.
Білінбей өтіп жатты жылдар жылжып,
Шаябай көп кедеймен қылған тірлік.
Күн көріс, адал еңбек, маңдай тері,
Жат енді жауыздық пен бұған ұрлық.
Басынан Шаябайдың дарыды құт,
Бас құрды, бала сүйді, бәрі де ұмыт.
Біршама осылайша өтті жылдар,
Көрген жоқ ішкен асқа тарылығып.
Бұл тұста қусырылып қалмақ жағы,
Көбінің бастары ұшып қалбаңдады.
Қусырып жау қанатын қазақ жағы,
Көп күткен азаттықты армандады.
Жау жеңіп, ұрандаған шықты батыр,
Шыдамай жауы қашып, бұқты пақыр.
Оңбасын босып жүріп білгеннен соң,
Бас қосты, ұйымдасты, ұқты ақыр.
Жалаңтөс соның бірі Тоқбай батыр,
Қадалған екі көзі оқтай батыр.
Қырандай шау шебіне шүйілгенде,
Бұрқанған одан өзге жоқтай батыр.
Жетіпті Үшқоңырға Тоқбай қолы,
Іштері ыза-кекке оттай толы.
Қаралы қолды көріп үрейленіп,
Ауылы Шаябайдың шоқтай болды.
—Шабам!»—деп батыр Тоқбай қаһарланды,—
Кім бұлар? Жерім қалай отарланды.
Жосықсыз, бассыз өңшең сұм қалмақтар,
Бәріңнің басыңды алып, шашам қанды!
Шаябай топ алдына шыға келді,
Ниетін ер Тоқбайдың ұғады енді.
—Дат, тақсыр! Тіл қатуға мұрсат бер!—
Деп еді, жөнге келді бұ да енді.
Текшелеп айтты бәрін, жасырмады,
Бұрмалап, әсірелеп асырмады.
Байыппен саспай тұрып баяндады,
Жалынып, жалбарынып, бас ұрмады.
—Қоңтәжі, хан тұқымы мансапқұмар,
Көз тоймай атақ, даңқты аңсап бұлар.
Ұлантып, ұрындырып айдап салды,
Кеш мені, бір жаңсақтың өткен шығар.
Кегім бар Қоңтәжіге тарқамайтын,
Мойнына ел обалын арқалайтын.
Даярмын аттануға ортақ жауға,
Серт болса бейбіт елді таптамайтын.
Ашуын батыр Тоқпай баса алмады,
Әйтсе де, жүйе сөзден аса алмады.
Бар еді дана, ақылгөй бір кәрия,
Ол сөзін Шаябайдың қосарлады.
Шешілді шиеленген сөз түйіні,
Осындай сәті келген кез тиімді.
Екі ерді еліттіріп соңына ертті,
Арманның зымыраған жез киігі.
Дос болып қияметтік екі батыр,
Алыпты Қоңтәжіден кегін ақыр.
Жеңіліп, жоңғар жағы мүлде күйреп,
Екеуі Үшқоңырға тіккен шатыр.
Арылып аспанынан азап түні,
Танылды дос-дұшпанға қазақ кімі.
Арайлы төгілдіріп шұғыласын,
Көгінде жарқырады азат күні.
Ұнатып Шаябайдың қарындасын,
Ер Тоқпай ғашық болса не қыласың.
Өмірлік жар болуға сертін байлап,
Беріпті Құралай да ықыласын.
Даланы дүбірлеткен болыпты той,
Ту бие, құнан, тайлар, сойылып қой.
Қол жайып үлкендері бата беріп,
Көпшілік бір жасапты жазылып бой.
Солардан ақын туған Қоныспайдай,
Айтысса, сөздің пірі болысқандай.
Қызайдың отыз қызын бірдей жеңген,
Айтулы ақын бопты бір жезтаңдай.
Атағы кең жайылып Шаябайдың,
Бек сыйлап жұрт құрметтеп аялайтын.
Жөн сұрап сүрінгені, адасқаны,
Әділ би, әз аға деп бағалайтын.
Мәлімсіз қай жылдары, қашанғы айда,
Дәм бітіп, ажал жетті Шаябайға.
Басына Үшқоңырдың жерленген ол,
Мызғымай мәңгіге ұйықтап жатқан жайда.
Жұртына өлсе дағы боп сүйікті,
«Шаябай» жұрт атапты қос биікті.
Ер жатыр қажып барып қалғып кеткен,
Мойымай арқалаған қос күйікті.
Кешкен бұл Үшқоңырды Шаябайды,
Аймалап, нұрын құйып аямайды.
Бабамның тарихынан сөз қозғасам,
Жыр тұнып жүрегімде саялайды.
Халқымның тастарында тарихы бар,
Оқиды көкірекпен танитындар.
Қайғысын, қасіретін естігенде,
Күйініп, қапаланып, налисыңдар.
Басынан Шаябайдың есті самал,
Төменде көрінеді екі қамал.
Сыбырлап таулар маған деп тұрғандай
«Бабаңның тарихынан есті хабар».