Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ жұмбақтары шешуімен

Қазақ халқының жұмбақтары шешуімен: табиғат, жан-жануар, үй бұйымдары, адам туралы. Әр жұмбақтың жеке беті бар — алдымен өзіңіз ойланып, сосын шешуін ашыңыз. Барлығы: 2 264. 6-бет, барлығы 23 бет.

  1. Ағашты орманның түбінен табасың, / Ине шаншылған жөке деп қаласың.
  2. Инесі көп, / Тігуге икемі жоқ.
  3. Далада жабулы тоқпақ жатыр.
  4. Айтайын бір жұмбағым тұңғиықта, / Жаратқан барша жанға бір бұйрықты. / Болғанда қоян құлақ, қой құйрықты, / Болғанда мысық аяқ, түлкі тұмсық, / Айнала тікенек, бір жүні қылшық.
  5. Бір түйем бар үстіне жантақ артқан, / Өзі сондай кетеген Құдай атқан.
  6. Бір мақұлық бар еді жүрген саяқ, / Кеудесіне қарасам, мүштімдей-ақ. / Түрін байқап қара да, ет тамаша, / Үстінде көтеріп тұр бір мың таяқ.
  7. Жәндік көрдім аласа, / Түрі басқа тамаша, / Ешбір жанға қосылмас, / Жүреді өзі оңаша. / Бірі бата алмайды / Қасқыр, аю, жолбарыс, / Ортаға алып қамаса.
  8. Жер астында жездем қамшысы жатыр.
  9. Ұзын-ұзын, ұзын келер, / Ұзын бойлы қыз келер, / Қабақтары қалтырап, / Маңдайлары жалтырап.
  10. Аяғы жоқ, қолы жоқ, / Жүріп кетсе, жолы жоқ, / Үстіне біткен жүні жоқ, / Сыйдырып қойған таспадай, / Сипаласаң, міні жоқ.
  11. Аттап болмас алтын қазық, / Ұстап болмас темір қазық.
  12. Жылт-жылт еткен, / Жылға сайын өткен, / Бар адам безген.
  13. Ізі бар, / Адымы жоқ.
  14. Төсек астында шылғи қайыс.
  15. Жапырақ астында қара пышақ.
  16. Жол үстінде майлы қайыс.
  17. Шөп арасында ұзын қамыс.
  18. Ши түбінде шығыршық.
  19. Айтайын бір жұмбақты сізге батыр, / Өзінің асты кеуек, үсті жалтыр. / Қазандай қара тастың бауырында, / Бір сүйір адам таппас зәрлі жатыр.
  20. Шел басқан шыбық, / Кетті құмға сіңіп.
  21. Дүниеде бір найза бар сапталмаған, / Мүлкім деп ешбір адам сақтамаған. / Бұрынғы өтіп кеткен қариялар / Найзаның тиген жерін мақтамаған.
  22. Айыр-айыр тілі бар, / Шұбар ала түрі бар, / Бәр жәндіктің ішінде / Қауіптісі сол, біліп ал.
  23. Жап-жалаңаш мақұлық, / Адам көрер түрі жоқ. / Тиіп кетсе, қақсатар, / Қабырғада міні жоқ.
  24. Жоқ екен бір құйрықтан басқа қару, / Ешқандай кәсіп етпес, пайда табу. / Өзіне жастан болған әдет екен, / Мақұлыққа жақындасқан найза салу.
  25. Орманнан шығар, / Сырты шұбар. / Ала түрлі, / Кілтең сырлы.
  26. Кемпір – тіссіз, / Жүрсе – ізсіз, / Тисең – зиянды, / Өлтірсең – қиянды.
  27. Иір-иір ізі бар.
  28. Дүнияда кірпіксіз жан не болады?
  29. Ши түбінде шұбар кездік.
  30. Жау келсе, қатты сасады, / Құйрығын тастай қашады.
  31. Сауыттан мықты шапаны, / Жиырылып кейде жатады.
  32. Асты тас, / Үсті тас, / Ортасында шандыр бас.
  33. Айдалада тостаған, / Оны нағып тастаған.
  34. Өмірі шықпай үйден бір, / Өз үйін өзі сүйреп жүр.
  35. Базардан келген көк лөк, / Көк лөктің көзі көк. / Үстіндегі Жәнібек, / Жәнібектің жаны жоқ.
  36. Көк ала бас көк бура, / Сырты сұлу, күмбездей, / Далада оттап жүрсе де, / Бауырын жазып шаба алмас, / Үйірін іздеп таба алмас. / Үстіне киген киімі / Бір жыртылса, жамалмас, / Оны адамзат баға алмас.
  37. Бір нәрсе төрт аяқты, мал басты емес, / Не адам, не дерексіз албасты емес. / Астында бір нәрсесі салбыраған, / Аттың жалы, атанның шудасы емес.
  38. Бір жігіт ақ боз үйден шыға келді, / Үстінде алтай қызыл ішігі бар. / Жалма-жан қол көтеріп сәлем берді, / Жанында кейде нөкер, күшігі бар.
  39. Жер астында жездекем аты кісінейді.
  40. Ары жүгір қара шарт, / Бері жүгір қара шарт. / Тал түбіне тасталған, / Жылқыны қарнына қыстырған. / Түйені ерніне жапсырған, / Мұрты бар, сақалы жоқ, / Айт дегенде аяуы жоқ.
  41. Кішкене ғана бойы бар, / Айналдырған тоны бар. / Қанар қапта не болса, / Бәрін жейтін ойы бар.
  42. Ат та емес, ит те емес, / Тістейтінін қайтерсің.
  43. Буда-буда, буда жүн, / Будаланған шуда жүн. / Сыпырып қойған сұр таспа, / Қоңыр шұнақ құнажын.
  44. Қырық қылыш, найзалы қай жануар, / Асынған және он екі қанжары бар. / Көңіл жер мен көктің арасында, / Жігіттер, мұны байқап аңғарыңдар. / Болады бұған әуес көп адамзат, / Шежіре көкірегі жазылған хат. / Қолына шынжыр арқан ұстап жүріп, / Астына мініп отыр алтыннан тақ. / Басында құрулы тұр алтын шатыр, / Ғайыптан қызығы бар бұл бір батыр. / Барғанын тіпті аман жібермейді, / Адамзатсыз болмайды әуел ақыр.
  45. Үйде отырады, жатпайды, / Көзін терімен қаптайды. / Жазда бекер тұрса да, / Бергенді қыста ақтайды.
  46. Далаға отау тіктім қонақ үшін, / Қонақ кісім ақылы шолақ үшін, / Қонақ қонып жатқанда үй жығылып, / Үй үстінде қалыпты қонақ кісім.
  47. Япырым-ау, бір мақұлық осындай-ау, / Қасында екі сойыл емес жаяу, / Шабатын өткір оның қылышы бар, / Қолына түскен жанды болмайды аяу, / Жымқырып қиып алып шықса кәне, / Аспанның ол бір түрлі нажағайы-ау.
  48. Жапанның желдей жүйрігі, / Жетеді көктің бұйрығы. / Жеткенде бұйрық, апыр-ай, / Шошаңдай берер құйрығы.
  49. Қос қанатын иіп ап, / Жарға келіп қонады. / Қара киім киіп ап, / Балшықтан үй соғады.
  50. Садақша мойнын иілтіп, / Көрген жанды сүйсінтіп, / Жүзгенде көлдің сәні өзі, / Судағы құстың нәні өзі. / Жердегі құстың серкесі, / Көктегі құстың еркесі.
  51. Сайрайды бір талмайды, / Әнші құс бал таңдайлы.
  52. Күндегі тамағы – / Балықтың шабағы. / Теңізге барғандар, / Жағадан табады.
  53. Айтамын бір жұмбақты сізге нұсқап, / Басына бөрік киер, құндыз ұстап. / Үстіне ақ қамзолын киіп алып, / Жүреді екі қолын артына ұстап.
  54. Сөз үйретсең қайталайды, / Өздігінен айта алмайды.
  55. Алуан түсті бояудың, / Өн бойында бәрі бар.
  56. Өзі сақ, өзі ұсақ, / Шықылықтап тұрмайды. / Өсекшіге ұқсап, / Құйрығы ұзын, ала. / Бұл қандай құс, бала?
  57. Ұшқаны қызық жалпылдап, / Өзі сондай қарқылдақ.
  58. Аяғы түйеге ұқсайды, / Құс болса да ұшпайды.
  59. Еркін самғап ұшсын деп, / Мәпелейміз, баптаймыз. / Бейбітшілік құсы деп, / Қайсы құсты мақтаймыз?
  60. Тіріден өлі туады, / Өліден тірі туады.
  61. Күндіз тіпті ұшпайды, / Түнде тышқан ұстайды, / Көзі шамға ұқсайды.
  62. Қанаты бар, / Қауырсыны жоқ.
  63. Судан шықса баладай, / Тәй-тәй басып қалады-ай.
  64. Қық-қық етеді, / Кезіп жүріп көшені. / Жата қалса орнына, / Ақ доп тастап кетеді.
  65. Өреді қайраңдап, / Келеді байпаңдап. / Қарғып түсіп өзенге, / Малтиды тайқаңдап.
  66. Төртеуі тіреуге жарайды, / Екеуі қарауыл қарайды, / Біреуі нан илейді.
  67. Дүниеде ағаш бар бек жайлаған, / Жанына адам барса ойбайлаған, / Ағаштың адам білер мінезі бар, / Мінгесіп екі бала той-тойлаған.
  68. Мен көрдім тұтас ағаш тау жайлаған, / Тауына тиіп кетсең ойбайлаған. / Үстіне қара орман артып алып, / Барса да қандай жерге той-тойлаған.
  69. Көкке шаншып құйрығын, / Келеді шауып жүйрігім.
  70. Ұзын сабалақ есік ашты, / Қара домалақ тұра қашты.
  71. Айтарын айт дегенде, ая батыр, / Болғанда асты гауһар, үсті шатыр. / Қазандай қара тастың дәл түбінде, / Бір түрлі адам таппас зәһар жатыр.
  72. Жездекем бастап барады, / Жез түймесін тастап барады.
  73. Бір тұтам, екі тұтам / Басы айыр жүнді тұтам.
  74. Даусы азанда, / Жақсылығы қазанда.
  75. Жамауы бар тігінсіз. / Киімі қалың жамылар. / Жыртығы жоқ, еш мінсіз, / Ала-құла тоны бар.
  76. Халінше сайманы ғой керек заты, / Көтерген екі дана құрығы бар. / Беретін жақынына жаны ашып, / Ашытқан бір аяқтай қымызы бар.
  77. Басында таяғы бар, / Төрт аяғы бар. / Сегіз тұяғы бар, / Иегінде сақалы бар.
  78. Топырақ желді мініп, желді айдайды, / Болғанда түске жақын көлге айдайды. / Тамшыны жерден тамған керек қылып, / Топырақ өз-өзінен айқайлайды.
  79. Тау астында төрт бала, / Кезек-кезек ойнаған. / Төрт баланың қолында, / Төрт айды әкеп байлаған.
  80. Әртүрлі, орта бойлы, ұзын құлақ, / Өзіне міндеттесе қызмет қылмақ, / Бүріскен, жазық емес біткен тұяқ.
  81. Адамға серік, / Күзетке берік.
  82. Бір балық көрер көзге жүні майда, / Тимейді майдалықтан ешбір пайда, / Қаруы денесінде бір-ақ жерде, / Саны бар сапасы жоқ сида-сида. / Ибарат, тіршілік ойына алмайды, / Қонып, түнеп, жатады әлде қайда.
  83. Бір нәрсе қайраты көп, болған күшті, / Басынан өткізеді әрбір істі. / Жануар мақұлықтың біреуі өзі, / Іркілмей жұмсайтұғын ірі тісті.
  84. Кілемнің түрлеріндей жүндері бар, / Айбатты жан шыдамас үндері бар. / Шаршы бой, сұлу құйрық, қысқа құлақ, / Кететін зиян қылып бір жері бар.
  85. Қорықпайды күшті аңнан, / Қорқады тек тышқаннан.
  86. Бар екен бір айуан көпке таныс, / Мекені жүрер оның тау мен қамыс. / Бұл өзі айласы көп, шапшаң епті, / Жүректі бір айуанға қойса бетті. / Қайтпайды жара алмаса не өледі, / Өлмесе тынбайды ол, алмай кекті.
  87. Мүйізінен таралған, / Жанға шипа дәрі алған.
  88. Есек емес, / Жылқы емес. / Екеуінің ұқсастығы / Береді тұрқы елес.
  89. Бұлаңдаған құйрығы – / Бір алдарлық қулығы.
  90. Келеді бір перизат итке мінген, / Таяғын итке мініп итпелеген, / Артында ағараңдар ешкісі бар, / Ешкісін итке мініп жетелеген.
  91. Төрт аяқты шалғы / Орып кетер малды.
  92. Көзін жұмады, / Көзін ашады. / Сыбысын білдірмей, / Ақырын басады.
  93. Ши түбінде шұбар кездік, / Бары-жоғын әрең сездік.
  94. Сап-сары болған түрі бар, / Шақылдаған үні бар, / Жер астында тынығар.
  95. Бір нәрсе қанаты бар ұша білмес, / Ұшқанда жердің көзін басып жүрмес. / Соңынан қанша қалмай қусадағы, / Ұстауға қол мен санның ебі келмес.
  96. Бауырын жазып шаба алмас, / Озып бәйге ала алмас. / Үстіне киген киімі / Өмір бойы жыртылмас, / Ал жыртылса – жамалмас.
  97. Тебен арттым текшелеп томашаға, / Домалағы жазылар оңашада.
  98. Асты тас, / Үсті тас, / Ортасында жанды бас.
  99. Жел-жел бием, жел бием, / Желіндесе кім білер? / Жау жапырақ түбінде / Құлындаса кім білер.
  100. Жылт-жылт еткен, / Жылғадан өткен. / Оны көрген кезден / Барлық адам безген.

Ауыз әдебиеті