Қазақ жұмбақтары шешуімен
Қазақ халқының жұмбақтары шешуімен: табиғат, жан-жануар, үй бұйымдары, адам туралы. Әр жұмбақтың жеке беті бар — алдымен өзіңіз ойланып, сосын шешуін ашыңыз. Барлығы: 2 264. 8-бет, барлығы 23 бет.
- Ұзын-ұзын ұзардай, / Ұзыннан аққан сулардай. / Ағаш атқа мінгізіп, / Ұзартып қойған мұнардай.
- Бір нәрсе өзі молда, өзі жорға, / Құрады жібек ауды оң мен солға. / Тартқанда машинасын оң мен солға, / Табады қаражатын сонда зорға.
- Дүниеде бір кемпір бар тіпті кәрі, / Жіп төгіп, өрмек құрып, тоқыр шәлі. / Алады айламенен ала бүркіт, / Табыңдар немене екен мұның мәні.
- Шидиген ұзын сирағы, / Тастай керең құлағы. / Сөйтіп жүріп көп жерге / Аспалы торлар құрады.
- Еңбекші үй ішінде мекендеген, / Сым арқан дүниеге жетер деген. / Қарқара қара құсша түрін жайып, / Дүниеден уайымсыз өтем деген.
- Арқасы домалақ, / Аяғы ұзын.
- Екі басы жұдырықтай, / Ортасы қылдырықтай.
- Қатар-қатар қара нар, / Аспанменен бара бар, / Алды биік, арты жар.
- Бір шаһар дөп-дөңгелек үлкен үйдей, / Ішінде кәрі-жасы бәрі бірдей. / Кәрісін де, жасын да әрқашан айырмасын, / Таңғалған қандай дерек мұны білмей.
- Құйрығы мен бастан белі бөлек, / Кете бере ағарғанды оңай сүйреп.
- Аттанған бір шаһарға қырық мың қосын, / Қолында өзі жаяу, несі болсын. / Қолында еш нәрсесі болмаса да, / Өзіне тауып алар несібесін.
- Белең-белең, белең ат, / Белі нәзік күрең ат. / Тауға мінсе, таймас ат, / Талау тисе, өлмес ат.
- Бейнетқор көпшілікте көрдім халық, / Күнінде бір отырмас дамыл алып, / Өзінен ауыр жүкті көтереді, / Үйінде жатып жейді рақаттанып.
- Бір балуан өзі күшті, қайраты мол, / Өзінен үлкен затты көтерер ол. / Мейлі қыр, мейлі жота, мейлі төбе, / Қайқаңдап аса берер бәрінен де ол.
- Құздан құласа да, өлмес.
- Айдалада бір базар.
- Бір елеуіш жаным бар, / Көтере алсаң, бәрін ал.
- Тыру-тыру тырналар, / Тауға қарай жорғалар.
- Алпыс тісті айдаһар, / Ешқайда қадам баспайды. / Қозғамасаң, жатады, / Ештеңеден саспайды. / Ағаштан тамақ жейді екен, / Жұтпай шайнап тастайды.
- Бір нәрсе өзі нәзік тым-ақ сергек, / Қорқады бала-шаға, әйел, еркек, / Өзінің қаны адал, еті арам, / Мылтықсыз, я қылышсыз ұстайды ептеп.
- Біреуге найза түйрейді, / Өзі де содан күйрейді.
- Биік-биік тау болар, / Қаршығалар ұялар, / Еті арам болса да, сорпасы адал, / Ол не болар, балалар?
- Шатыраш-шатыраш тау болар, / Көгершіндер ұялар, / Сорпасы адал болса да, еті арам, / Ол не болар?
- Бір ұяда жүз бөлек үй.
- Көк төбеде көп болды, / Топырақ жалап тоймайды, / Несібесі неден жоқ болды. / Жетеу еді бедері, / Он төрт еді аяғы, / Балалықтан айтып жүрген / Жұмбақ еді баяғы.
- Домалақ таудың басында / Тоқты қошқар ойнайды.
- Бір мақұлық келе жатыр маң-маң басып, / Құтылмас, көзге түссе, жолдан қашып. / Бұл жерде оны табар еш адам жоқ, / Таппаса үлкен молда кітап ашып.
- Кішкене ғана мүнтек, / Жұртты жеген тентек.
- Кішкене ғана бойы бар, / Адам жейтін ойы бар.
- Өзі кішкене, өзі өткір, / Қайда барса, сөзі өткір, / Өзі батыр адамға күші жетеді.
- Бір мақұлық мойны жуан, тірсегі ұзын, / Тікпесе өзі етік, сақтар бізін. / Тағы да іске ыңғайлы қайшысы бар, / Іс тігіп көрген де емес еш қызығын.
- Жапырақ жеп сілекей шығарады, / Сілекей жасын шығарады.
- Бекінген бір тау теке тұшалау үйге, / Құдайым оны салды мұндай күйге. / Күн шықса, жатады салқын үйде, / Күн жауғанда кетеді жапан түзге.
- Бір байдың енші алыпты бір баласы, / Алғаны алпыс тоғыз ірі қарасы. / Төрт жерден түлікке желі қағып, / Үш жерден орнатылған мұнарасы.
- Болғанда қоян ерін, шыққан құлақ, / Тұлыбы шоқайғандай жатыр сұлап. / Жүруге қызметкер дайындалса, / Жалшыдай күні біткен кетер жылап.
- Таптым-таптым, тап жорға, / Табаны жалпақ боз жорға.
- Маң-маң басып келеді, / Тапырақтап желеді. / Мойны ұзын, үсті тау, / Ертеден елге бел еді.
- Маң-маң басқан, маң басқан, / Шудаларын шаң басқан. / Екі өркешін қом басқан, / Алабота, теріскен, / Мұрындығы келіскен, / «Шөк!» – дегенде, «бық!» – деген, / Шешіп үйін жүктеген, / Бұл не деген жануар?
- Кезікті бір жануар, / Үстінде екі тауы бар. / Мойны ұзын, көзі үлкен, / Бұл не, өзің тауып ал?
- Даусы қоңыр, үні мұң, / Тесіп қойған мұрынын.
- Үш тың-тың, / Екі жылтың, / Төрт тап-тап, / Қап-қара сатпақ, / Бір былғаныш.
- Ұзын-ұзын ұлпаны, / Ішіндегі жұлпаны.
- Дүниеде ақас бар бек жайлаған, / Жанына адам барса, ойбайлаған. / Ақастың адам білер мінезі бар, / Мінгесіп екі бала той тойлаған.
- Бір тақыт бар дүниеде әркім білер, / Ол тақыт қымбат емес, әркім мінер. / Мінерінде төмендеп келеді екен, / Мінгеннен соң жоғары көтерілер.
- Екі ауылдың баласы еңбектеп келеді, / Төрт ауылдың баласы төбелесіп келеді, / Бір ауылдың баласы шөпшек теріп келеді.
- Екеуі қарауыл қарап тұр / Төртеуі ұйықтап жатыр, / Біреуі қамыр басып тұр.
- Екі кісі қарауыл қарайды, / Бір кісі шөпшек тереді.
- Дүбір-дүбір төртеу, / Есенгелді екеу. / Жағалбайлы жалғыз, / Оның таңы қарбыз.
- Төрт кісі төсек сал дейді, / Екі кісі қарауыл қарайды, / Үлкен әйел есік аш дейді, / Кіші әйел төмпештейді.
- Бәйбіше есік ашқанда / Тоқал томпиды.
- Төсек астында төрт күлше.
- Тау көтерген төрт қазық.
- Таудан тас домалайды, / Тас бұршақтай сабалайды.
- Жоғарыдан көп тас домалайды, / Кезектесіп бірін-бірі қуалайды.
- Бір тауығым бар, / Жұмыртқасы көп, / Көп те болса жарылмайды.
- Таудан таяқ тастадым.
- Шашылды маржан, / Бағасы арзан.
- Апан-апан, / Ескі шапан. / Иір қобыз, / Жарық жұлдыз.
- Апан-апан, / Жаман шапан, / Төрт түйреуіш, / Бір былғауыш.
- Иір қобыз, / Екі тұтқыш, / Бір қыл жуғыш.
- Төрт лаулау, / Екі дің-дің, / Бір шібжің.
- Маң-маң басып барады, / Күлшесі қалып барады.
- Екі төлдің атынан / Бір төлдің аты шығады.
- Үлкен келін есік ашты, / Кіші келін домалай қашты.
- Төлебайдың баласы төбелесіп келеді, / Егізбайдың өгей ұлы ерегесіп келеді. / Екеуі қарауыл қарайды, / Біреуі шөпшек тереді.
- Ермекбайдың екі ұлы ерегесіп келеді, / Төлебайдың төрт ұлы төбелесіп келеді, / Жағалбайдың жалғызы жағаласып келеді.
- Мен көрдім тұтам ақас тау жайлаған, / Тауына тиіп кетсең, ойбайлаған. / Үстіне қара орман артып алып, / Барса да қандай жерге той-тойлаған.
- Жануар бар жапан дала түзде өскен, / Арқасына екі бала мінгескен.
- Көріп тұрар бар ауыл, / Бір тауда қос қарауыл.
- Тамға таяқ сүйедім.
- Тауға таяқ қыстырдым.
- Түбірлі төртеу, / Түймемен бесеу, / Ерубай екеу, / Мамық жалғыз.
- Қоян жақты, тақыр жонды, / Төрт тұяқ, екі аяқты, екі қолды. / Салпы ерін, өзі жүйрік, / Кең омырау, жуан құйрық.
- Төрт түп тұт мәуітімен кесіледі, / Үстіне мінген адам есіреді. / Құрдасым, тапқын мұны ойлы көзбен, / Ойласаң тереңірек шешіледі.
- Екі бас, алты аяқ, / Жалғыз құйрық.
- Бір нәрсе тумай тұрып бағады, / Тудырып алған соң тіземен қағады.
- Отырдым мұнан барып оймауылға, / Ілінді екі аяғым байлаулыға. / Қолыма екі қайыс ұстап алып, / Жүргіздім қайда барсам айдауыма.
- Екеуі елеңдеп келеді, / Төртеуі төбелесіп келеді.
- Ана таумен мына тау соғысып келеді.
- Кішкене ғана тостаған, / Көтеріп қана тастаған.
- Тасқа тисе, кетілмейді, / Суға тисе, ерімейді.
- Алыстан қарасам, бір қара, / Қасына келсем, мың қара.
- Алды қияқ, арты шалғай.
- Ұштым, ұжмаққа шықтым, / Тептім, терекке шықтым.
- Қарасам, қайдан келдің, / Малы қара сайдан келдің.
- Жездем желіп бара жатыр, / Жез қалпағын түсіріп барады.
- Шауып келе жатып шақшам түсті.
- Шиге қамшы байладым.
- Алты аяқты, / Екі қарынды, / Екі басты, / Екі қолды, / Төрт көз, төрт құлақты, / Екі мойын, бір құйрықты.
- Алдымда бар нар қамыс, / Артымда бар нар қамыс. / Отырған жерім ой темір, / Басқан жерім бай темір, / Оң қолымда тең қайыс.
- Тау астында төрт бала, / Кезек-кезек ойнаған. / Төрт баланың қолына / Төрт айды әкеп байлаған.
- Керіп қойған немене, / Көкектеген немене? / Малып қойған немене, / Бал татыған немене?
- Кидең-кидең немене, / Кіріп тұрған немене. / Салпаң-салпаң немене / Салып тұрған немене.
- Кекендеткен несі екен, / Келіп салған несі екен? / Сорпылдатқан несі екен, / Сорқылдатқан несі екен, / Суырып алған несі екен, / Суы тамған несі екен?
- Тартыс тамған ас, / Тақ-тақ еткен несі, / Қор-қор еткен несі.
- Топырақ желді мініп, желді айдайды, / Болғанда түскен жақын көлге айдайды. / Тамшыны жерге тамған керек қылып, / Топырақ өз-өзінен айқайлайды.
- Су өрге қарай ағады.
- Андыру мен мәндіру, / Тігісі жоқ қондыру.
- Үлгісіз піштім, / Жіпсіз тіктім.
- Жамаулары болса да, білінбейді, / Жансызға ондай нәрсе ілінбейді.