Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ жұмбақтары шешуімен

Қазақ халқының жұмбақтары шешуімен: табиғат, жан-жануар, үй бұйымдары, адам туралы. Әр жұмбақтың жеке беті бар — алдымен өзіңіз ойланып, сосын шешуін ашыңыз. Барлығы: 2 264. 13-бет, барлығы 23 бет.

  1. Ұзыннан ұзақ, / Көкке тұзақ.
  2. Үй үстінде ақ аю билейді.
  3. Бір түйем бар қамыстың басын жейді, / Шу-шулесең жануар бір жүрмейді. / Қағып-соғып шаңдаққа шөгерсем де, / Төс табаны сірә бір жер тимейді.
  4. Дүниеде бір сұлу бар жылтыраған, / Көргенде жел мен суды қалтыраған. / Сен оны қасыңа алып жүре қалсаң, / Нәрсе жоқ қараңғыда табылмаған.
  5. Бір жәндік айдалада жүрген неғып, / Киімін мінсіз қылып пішкен неғып. / Киімі, бөркі, тақия, бірі қамзол, / Алып тұр екі иініне үкі тағып.
  6. Бір нәрсе өзі жансыз, іші томпақ, / Бір қолы шекесінде шынашақтап. / Бір мұрын, бір ауызы бар, бір қалпағы, / Өзінің аяғы жоқ, табаны жалпақ.
  7. Сары ағаштан сарайым, / Ішіне жаққан қалайым. / От пенен су бір жерде, / Табылып тұр, әрдайым.
  8. Кесе-кесе мұқалды, / Жони-жони жұқарды.
  9. Бір таудан, бір тау көрдім биік тұрған, / Ішінен от пен суын жиып тұрған. / Не қылған мейірімді зат біле алмадым, / Тиіп кетсең желіні иіп тұрған.
  10. Өзі кірден арылмас, / Ізінен кір табылмас.
  11. Жер баспайтын аяғы, / Апамның ақ таяғы. / Жұдырықтай қамырды, / Жаулықтай ғып жаяды.
  12. Бір нәрсе зында деген онан да әрі, / Жауады бұршақ-бұршақ оның қары. / Сол қары көк соқта болып ерігенде, / Үміткер, татайық деп жанның бәрі.
  13. Мыжғылаймын – жаны жоқ, / Кескілеймін – қаны жоқ.
  14. Бір дария қайнайды екен көбік атып, / Ішінде жайын да жүр михнат татып. / Өткелі бар дарияның аралы жоқ, / Келе ме білсе жайын оған қайтып.
  15. Судан шығады, / Судан қорқады.
  16. Қант емес – / Қатты. / Мұз емес – / Тәтті.
  17. Сылдыр сұйық, су емес, / Ішсе сусын қанады. / Ақ болса да қар емес, / Шешуін кім табады?
  18. Тыру-тыру тырналар, / Тау басына жорғалар. / Еті арам, сорпасы адал, / Ол не болар, балалар?
  19. Бір қыз қарап тұр, / Шашын тарап тұр. / Белін буып тұр, / Бетін жуып тұр.
  20. Белі бір, белбеуі он бір, / Кетпейді өмір бойы бетінен кір.
  21. Бір үйден бала көрдім басы жалпақ, / Белінде белбеуі бар бунақ-бунақ. / Тымтынып үй ішінде жүгіреді, / Ерте-кеш, анда-санда, уақ-уақ.
  22. Сақалы жоқ, шашы бар, / Бет-аузы жоқ, басы бар. / Белін бекем байлаған, / Қоқсықты қоймай айдаған.
  23. Бес жерінен буынған, / Еңбек десе жұмылған.
  24. Үйде жездем жатыр, / Жез белбеуін орап жатыр.
  25. Кіруге адам батпайды, / Затыңды аман сақтайды.
  26. Бір нәрсе төртпақтасып ұйықтап жатыр, / Қарнына көрінгеннің бәрін жұтар. / Адамзат қажеттісін іздегенде, / Қаңқ етіп ала ғой деп аузын ашар.
  27. Төрт бұрышты, / Бір ауызды.
  28. Бір итім қабаған, / Аузына темір жамаған.
  29. Бір нәрсе төрт аяқты, екі басты, / Көтеріп адамзатты көңіл ашты, / Бір адым жерге өзі бара алмайды, / Аяғы болса дағы қозғалмас-ты.
  30. Көп жерде кездеспейді осы шұбар, / Шұбарға мінген жанның бәрі құмар. / Жүк артып мінсе дағы қанша оны, / Сонда да арықтамас ол жануар.
  31. Болғанда беті гүлді, асты сырлы, / Жинаған арасына жүн-жүбірді. / Төрт бұрыш, тоқсан жолды торқасымақ, / Халінше адамзатқа пайда қылды.
  32. Бір нәрсе өзі жансыз керіледі, / Қампиып қарны торсық көрінеді. / Ісі бар және о дағы таңғажайып, / Сабаса екі жақтап семіреді.
  33. Дүниеде бір қақпас бар құйған қыштай, / Ішінде түрлі аң жатыр іші пыспай. / Қапастан сол аңдарды шығарған соң, / Отырар құрмет етіп ұстай-ұстай.
  34. Жайсам, жамшыдай, / Жисам, қамшыдай.
  35. Түнде түйедей, / Күндіз түймедей.
  36. Жайса, көлдей, / Жиса, жеңдей.
  37. Жатса, қояндай, / Тұрса, түйедей.
  38. Аяғы жоқ, қолы жоқ, / Көйлегі көк, қарны тоқ.
  39. Керегенің басында / Мақпал қоржын.
  40. Кішкентай ғана мінтас, / Алып ұрсам сынбас.
  41. Табан-табан, табан-ай, / Табаны жалпақ қоян-ай. / Көлеңкесі күмістен, / Күліп тұрған қоян-ай.
  42. Қарап тұрсаң өзіне, / Сурет түсер көзіңе. / Ол суретің ұқсайды / Дәл қазіргі кезіңе.
  43. Бір көл бар, мөлдір емес, лас емес, / Ішіне ит түссе де, арам емес.
  44. Адамды тартып алар көрсе өзі, / Мелшиіп қарап тұрар болмай сөзі. / Жанына барған кісі екеу болар, / Бетіне түртіп қалсаң, шығар көзі.
  45. Алдыма келіп бір сағым, / Көрінді менің көзіме. / Бұл қалай деп сенбеп ем, / Дәл келтірді өзіме. / Байқап тұрсаң, бір ғажап, / Аждаһадай тұлғасын / Сиғыздыра әкелген / Алақандай көзіне.
  46. Әрі отыр ләйлім құс, / Бері отыр ләйлім құс. / Көлеңкесі күмістен, / Күліп тұрған ләйлім құс.
  47. Бір дария жерде емес, көкте де емес, / Дарияның аузы көмеш, түбі төгеш. / Суының мөлдірлігі таңқалғандай, / Ішіне ит түссе де, арам емес.
  48. Күнде оған қараймын, / Қара шашым тараймын.
  49. Сүңгідім суға қарап етпетімнен, / Артыма бір қарадым кеткенімнен. / Әлгі су сүңгіп кеткен мұз боп қатты, / Тағы да шығар-шықпас еркі өзімнен.
  50. Көлеңкесін көріспек, / Көріп тұрсаң, күліспек.
  51. Үстінен ажырамас ағаш енді, / Қарасаң күлкісіне, тамаша енді. / Сұлулық, көркемдікке әуес болған, / Адам менен өзі жүрер таласа енді.
  52. Бір нәрсе су ішінде болды пайда, / Дарияға оны алатын дәурен қайда.
  53. Дөңгелек айналасы, үсті тегіс, / Табылар тарапынан түрлі жеміс. / Төртеуі ағайынды тату екен, / Олардан аулақ жүрер ұрыс-керіс.
  54. Төрт келінге бір орамал.
  55. Арқасында азығы, / Бауырында қазығы, / Күнде шүлен тарқатар, / Оның неден жазығы?
  56. Бір нәрсе дөңгеленген төрт аяқты, / Көтерген үш уақыт барлық затты. / Жем беріп, сол уақытта келгендерге, / Етеді көңілін шат, әрі ауқатты.
  57. Бір дария жерде де емес, көкте де емес, / Төрт тіреу төрт жағынан тұрады егес. / Үстіне алуан түрлі жеміс шашып, / Бірнеше үйрек келіп қонады еміс.
  58. Бір нәрсе ет жемейді, су ішпейді, / Үстінен оның, сірә, жан түспейді. / Шаршамас, белі талмас, сондай мықты, / Тұруға жалықпайды, беріспейді. / Міні жоқ, бойы сұлу болғанменен, / Таңырқап оны адам көріспейді. / Мінезі сол нәрсенің сондай жуас, / Бір-бірін бөтен малдай тебіспейді. / Жұмысын салтаң мініп бітірмесе, / Жегуге арба шана көніспейді.
  59. Адам жоқ, салмақ салмаған, / Орны жоқ, кезіп бармаған. / Тізе бүкпей әлі тұр, / Сонда да таяғы талмаған.
  60. Бар екен бір асыл зат белін буған, / Қаншама жиренбейді лас судан. / Жаны жоқ кеудесінде болса дағы, / Қалмайды көп жиылған ұлы дудан.
  61. Өзі кірді ашады, / Суға салсам, қашады.
  62. Бұдан кір қорқады, / Судан бұл қорқады.
  63. Бір нәрсе екі түрлі заттан болған, / Адамзат шығарады істеп қолдан. / Жұмсаймыз уақытымен тазалыққа / Өмірі ақырында бітер содан.
  64. Бір жігіт үш белбеу байланады.
  65. Шаршамас кемпір көрдім жалғыз аяқ, / Аузына тістеп алған шиден таяқ. / Жүрген сайын белбеуін қабаттайды, / Беріпті әсемдікті аямай-ақ.
  66. Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды.
  67. Жалғыз ғана көзі бар, / Алтыннан белбеуі бар, / Жыңғылдан таяғы бар.
  68. Мұрның-мұрның, мұрынды, / Мұрның неден жырылды? / Аузы-басын түк басып, / Сені неден жын ұрды?
  69. Көк лағым көген сүйреді.
  70. Көрінген жол үстінде доғалай бас, / Қолы жоқ, аяғы жоқ бұл қалай бас? / Жағынан шапалақпен сипап ұрсаң, / Атындай жолаушының жорғалай бас.
  71. Зырлайды күшік әжемнің, / Қолынан сүйек кеміріп. / Күн асқан сайын ақ күшік / Барады мүлде семіріп.
  72. Жиһанда бір құс көрдім жалғыз аяқ, / Аузына тістегені қылдан таяқ. / Бір ұрсаң шапалақпен, семіреді, / Белбеуі бар белінде сансыз қабат.
  73. Бар екен бір мақұлық жалғыз аяқ, / Аузына тістегені шетен таяқ. / Құдайдың құдіретіне таңғажайып, / Белбеуі беліндегі тоқсан қабат.
  74. Әрмен жүгір қараша ат, / Бермен жүгір қараша ат. / Ор түбіне келгенде / Тайып жығыл қараша ат.
  75. Ақ лағым арық еді, / Құйымшағы сымпиған. / Әжем бір күн бағып еді, / Семіз болды бұлтиған.
  76. Шыр көбелек айналар, / Беліне жіп байланар.
  77. Бөркі бар жақсы басында, / Он кісі бар қасында. / Бұйда тағып жетектеп, / Үйреттім өзім жасында.
  78. Іші қуыс, / Тысы тас.
  79. Бар екен дүниеде жалғыз көзді, / Сол көзбен дүниенің бәрін кезді. / Әлемді он сегіз мың киіндіріп, / Дүниеден жап-жалаңаш өзі безді.
  80. Сүйегі бар, еті жоқ, / Көзі бар, беті жоқ.
  81. Тап-тап, тап жорға, / Табаны үшкір көк жорға, / Желіп кетсе жеткізбес, / Жерге түссе табылмас.
  82. Жылт-жылт еткен, / Жылғадан өткен. / Балдырған безген, / Кентті кезген.
  83. Бір кішкене балауыз, / Ол балауыз шығып болса, / Жұрттың бәрі жалауыз.
  84. Кішкене темір, / Шидеректің о жағынан, / Бұ жағынан өтеді.
  85. Байлап едік тайлақты, / Мұрнынан арқан өткізіп. / Байласам да тұрмайды, / Шыр айналып жүгіріп.
  86. Жылт-жылт етеді, / Жүгіріп өтеді.
  87. Кірш-кірш етеді, / Ішіне кіріп кетеді.
  88. Жылмаң-жылмаң етеді, / Жылмаңдатып сайдан өтеді, / Із-міз тастап өтеді.
  89. Мұрнында байлауы бар, / Адамның айдауы бар.
  90. Дүниеде бір жебір құрт бар, / Артында бір жібі бар.
  91. Дүниеде бар екен жалғыз көзді, / Киімін үйіп тастап, күдер үзді.
  92. Жүгіріп кетсе, жүйрік бір, / Лып-лып етіп ойнаған. / Кереметі құйрық бір, / Құтаймай-ақ қойды оған.
  93. Әйдей-әйдей бесеуі / Темірден екен көсеуі.
  94. Қылдырықтай бір нәрсе иретілген, / Мойнында ұзын арқан сүйретілген.
  95. Бір тышқанда екі құйрық.
  96. Сығайған – сенікі, / Сулап салған – менікі.
  97. Үйрегім ұзақ сүңгіді, / Құйрықсыз қалды бір күні.
  98. Уқалап-уқалап тұрғыздым, / Сулап-сулап кіргіздім.
  99. Аузы менен көзі бар, / Сүйретіп досын ертіп жүр.
  100. Сулап-сулап тұрғыздым, / Итеріп-итеріп кіргіздім.

Ауыз әдебиеті