Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (2-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 182 жол

Аламын деп келді бұл қазақ,
Алқымын үзбей мен қайтем.
Білемін деп келді бұл қазақ,
Білегін үзбей мен қайтем.
Тілемін деп келді бұл қазақ,
Тілін үзбей мен қайтем.
Телміріп келген қазақты,
Тілекке теппей мен қайтем.
Алқынып келген қазақтың,
Алқымын үзбей мен қайтем.

Жүріп келген қазақтың,
Жүрегін тілмей мен қайтем.
Екпіндеп келді бұл қазақ,
Еңіретпей мен қайтем.
Тау басында шым-шытырайтам,

Ерлігіме қарасам,
Адам ұлы жетпейді.
Беглігіме қарасам,
Адам ұлы өтпейді.
Ерегіскен дұспандар
Алдымнан тірі кетпейді.

Кеңдігіме қарасам,
Аспанменен таласты-ай.
Ерлігіме қарасам,
Үрімжі, Көкше, Манастай.
Күшің келмес, қазағым,
Жайыңа жүр таласпай.

Ерлік кімде, Сүйінжан,
Байлық кімде, Сүйінжан,
Көптік кімде, Сүйінжан,
Бектік кімде, Сүйінжан?!

Ерлігімді айтайын,
Қазақтан жылқы алған,
Ат үстінен ұйқы алған.

Өзенді жерді басырған,
Кезеңнен қуып асырған,
Ерлік қылған басынан.
Абылайдың тұқымы,
Қырылып қайтқан Қасымнан.

Қолын кесіп шұнтитқан,
Астын жарып бұлтитқан.
Құлағын кесіп шұнтитқан,
Мұрнын кесіп мұнтитқан.
Кесіп алған білегін,
Наурызбайдай батырдың,
Жарып алған жүрегін.
Ақ қалпақты қырғыздың,
Құдайым берген тілегін.

Елімнің жоғарғы шетін айтайын,
Маралды мен Саңтаста.
Төменгі шетін айтайын,
Бетегелі Қойтаста.
Көптігім менің сонша бар,
Ақылменен байқаста.

Жедіге деген елім бар,
Жетіліп туған бегім бар.
Қылышын қанға батырған,
Ерегіскен дұшпанға,
Жолбарыстай ақырған.

Оған қайтсең жетесің?
Ақ қалпақты қырғызды,
Тұйықтап қайдан өтесің?

Елімнің жоғарғы шетін айтайын,
Сарбағыс пен Мұңдызым,
Жағамдағы құндызым,
Маңдайдағы жұлдызым.
Мұңдызымнан сөйлесем,
Қырылар сенің ұл-қызың.
Ерегіссең менімен,
Сабылар сенің бір қызың.

Бұғы деген менің шет елім,
Екі шетте менің Бұғым бар,
Нелер-нелер мығым бар.
Ерегіссең менімен,
Талай немең шығындар.

Көкше қоян құмда бар,
Мендей жыршы кімде бар?
Шығармағын үніңді,
Тарылтармын күніңді,
Ерлік десең менде бар,
Байлық десең менде бар,
Бектік десең мендер бар!

Байлығымды айтайын,
Сан жылқылы Сарыбай,

Көп жылқысы қаптағай.
Бірің шолпан, бірің ай,
Бұғыдан шыққан Шыңыбай.
Баласы көп Томабай,
Отыз ұлдың атасы,
Құдайға жағып батасы,
Боғдәлі байдың алты ұлы,
Бұлбұл құстай сайраған.
Ең кенжесі Дәуітқұл,
Қылышын қынға қайраған.
Ақылгөйін айтайын,
Елдің қамын ойлаған.
Батырлығын айтайын,
Ішсе қанға тоймаған.
Байлығынан айтайын,
Ағайынды алтауы,
Жиырма мың жылқыдан айдаған.

Қатағаның хан Тұрсын,
Қарғағанын ант ұрсын.
Әйтімбет шыққан батырдан,
Кеңес шыққан ...................
Аттанған кісі қ * ................
Ұстап алып байлаған.
Жалаң аяқ, жалаң бас
Алдына салып айдаған.

1 Қолжазба жыртылып қалған

Сауыр деген көп жұртым,
Бәрі бірдей бек жұртым.
Ода менің Саруым,
Саруымнан сөйлесем,
Келмес маған қаруың.
Қасқарауда жатқан Шоңбағыс,
Қарашәрі, Күшәрдің
Тауына жүріп симаған,
Елін жүріп жинаған.

Келмес маған күшіңіз,
Қайғыға толар ішіңіз.
Әндіжанның сыртында,
Нелер-нелер шоңдар бар,
Қырғыз деген жұртымда.
Құнан өгіз қалады,
Көшіп кеткен жұртында.
Әлімбек датқа онда бар,
Арамза белінде,
Сару, Саяқ елінде.
Нелер-нелер бектер бар,
Нелер-нелер ерлер бар,
Сару, Саяқ елінде.

Қарақосшы, Қаратал,
Жегені оның шекер-бал.
Қырғыз-қазақ, бұл кепке
Бәрің бірдей құлақ сал?

Саяқтан шыққан Садыр бар,
Өсет, Теке осымен
Қазақтан шауып мал алған.
Қазақтан шыққан Төле батырды,
Еңсегей бойлы ер Есім,
Жаныс Төлемен екеуін
Бір қыста келіп үш шапқан,
Ерісін бұзып ер алған,
Шапқанда жерін қан қылған,
Әлімдерге таң қылған.
Шапқан жерін бүлдірген,
Ерлігін батыр білдірген.

Елімнің төменгі шетін айтайын,
Ол Қоқанның үстінде,
Сел Саяқтан шыққан көп жұртым,
Табынан шыққан бек жұртым.
Бегін оның айтайын,
Сел Саяқтан шыққан батыр мінген
Атын айтып берейін,
Сонысын, маңқа қазақ,
Күшіңді сенің көреміз?!
Сел Саяқтан шыққан Алақшын,
Алақшыннан сөйлесем,
Сенің жаман қазағың,
Менің қораға тіккен қарақшым.

Өзімдей сөйле, қазағым,
Онан бері Саяғым.

Саяғымнан сөйлесем,
Қанша жүйрік болсаң да,
Таяр сенің аяғың.

Онан бері Бөлекбай,
Жігітінің бәрі сай.
Бөлекбайдың ішінде,
Қалың қара Қанайым,
Қанайымды саған салайын.
Қанайымды салғанда,
Дегбіріңді алайын.
Бөлекбай, Талқан ер жұртым,
Ер өзіне бек жұртым,
Аз ғана емес көп жұртым.
Қалпағын киіп жымырған,
Қызыл қанды сімірген.
Шапқан жері шулаған,
Жүрегі тайдай тулаған.
Сөйлескен кісі
Тілін тістеп улаған.

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 40 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері