Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (19-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 172 жол

Қадірі жұрттан артылды,
Дұшпанның жолы тартылды.
Бір ауыз сөзі ем болды,
Ғарып пенен кәсірге
Алатаудай бел болды.
Ерегіскен дұспандар,
Сұраншыға жем болды.

Маңдайына бақ қонды,
Шешендік пен жақ қонды.
Бұлбұлдай тілі сайрады,
Ел шаруасын ойлады.

Ғарып пенен кәсірдің
Қас-қабағына қарады.
Арғы атасын айтайын,
Қарасайдан тарқады.
Оқ атып, қылыш шапқаны,
Жауған қардай борады.

Арғымақ атты жаратты,
Жанды аузына қаратты.
Ақымектен төртеу туып,
Бек қылып бәрін таратты.

Ең кенжесі Шынасыл,
Осал емес бәрісі,
Түзеліп жүрген әр ісі.
Осылай еді бұл сөздің
Білген ерге мәнісі.

Ел шетінде қонысы,
Жегені шөптің сонысы,
Құдайға қабыл сонысы.
Үй жанында найзасы,
Ғарып пенен кәсірге
Тиеді көп пайдасы.
Алыстан дұспан келгенде,
Көп еді оның айласы.
Ақылы бар кісілер,
Бұған кім шақ келеді, ойлашы?

Қылышы жаннан түспеген,
Жалғыз жүрсе де,
Мың кісінің ісін істеген.
Егескен дұспанды
Құйқасын жарып тістеген.

Ақыл менен қайраты
Кеудесіне симаған.
Ерегіскен дұспанның
Келдесі бар ма қимаған?
Білімділердің бәрі де:
«Батырым!» деп сыйлаған.
Шашыраған ел-жұртын
Бір шұқырға жинаған.

Ерегіскен дұспанды,
Қыл бұраудай бұраған.
Қол жеткен жерін сұраған!
Ақыл менен қайраты
Қырғыз-қазаққа ұнаған.

Батырлықпен еп қылған,
Құдай сүйіп би қылған.
Батырлықпен барық қылған,
Сұраншы атқа мінген соң,
Дүниеге қарық қылған.
Бетке қараған кісіні:
«Өлтіргін!» деп нарық қылған.

Қылышын жанға байланған,
Ерегіскен дұспанға,
Шыр көбелек айналған.
Дұспанды жерді көргенде,
Қабағы қатты жабылған.
Қарсыласып келгенде,
Қарт бурадай шабынған.

Сүйкенгенді құлатқан,
Менменсіген ерлердің
Талабын шауып жылатқан.
Жылағанды қуантқан,
Тасығанды суалтқан.
Асылды жасытқан,
Дұшпанды қашыртқан.

Елдің шеті бағылған,
Жау көрмесе сағынған.
Атын мініп тебініп,
Алыстан анық көрініп,
Мінгені жылқы тұлпары,
Үстіндегі Сұраншы,
Өзі адамның сұңқары.
Жүрегі жаннан таймаған,
Ерегіскен кісіні
Қайда барса қоймаған.

Дұспанға уытты ер еді,
Тауға біткен ырғайдай.

Досына жақсы кісі еді,
Алтын-күміс, мырғайдай.
Ауылға жайлы кісі еді,
Дың дегізбес бауырға-ай.
Көпке жүрген пайдасы,
Қазақ деген қауымға-ай!

Ақыл-қайрат үйреткен,
Ерегіскен дұспанды,
Ат бауырына салып сүйреткен.
Ерегіскен дұспанның
Үндетпей тісін тістеткен.
Ақыл-қайратпен жүріп істеткен.
Сұраншы бар күнінде
Қай дұспанға тістеткен?
Ауылына жау келмей,
Алдына дау келмей,
Кісі өлсе құнын бермеген.
Түйесі кетсе біреуде,
Қайтып берші демеген.
Кетіп қалған жеріне
Қайта айналып келмеген.
Елі бар ма жемеген,
Жауы бар ма шаппаған,
Сөзі бар ма таппаған?!
Қарағайға темір саптаған,
Жұма сайын қанған суарып,
Ұсталары таптаған.

Батыр шықты басынан,
Он алтыға келгенде,
Найзасын жауға түйреді.
Он жетіге келгенде,
Бүкіл халықты биледі,
Ақ қайыстай иледі.

Он сегізге келгенде,
Аттың мінді беліне.
«Аттанамыз жауға!» деп,
Жар салады еліне.
Сексен кісі аттанып,
Бекініп жатты тауының
Ыстықкөл деген көліне.
Саяқ деген еліңнің,
Қарасайлап, қиқулап,
Жылқысын қуып жөнелді.
Екі таудың арасы
Бес күншілік жер еді.
Көл жағалап отырған
Саяқ деген ел еді.
Жылқысын қуып Сұраншы:
Қарасайлап келеді.

Елдің бәрі жабылды,
Қарт бурадай шабынды.
Он сегізде Сұраншы
Шын ермегі табылды.

Көлденеңдеп кетпеді,
Алдына салып жылқысын,
Ашты қырғыз ұйқысын,
Бестен-оннан жеткенін
Іліп тастап келеді.
Бізден өткір найзасы,
Бір жігітін алдырмай,
Алып шықты Лабасы.

Бестен-оннан келгенді
Жолбарыстай қағады.
Екіден-үштен келгенді
Әбжыландай шағады.
Қасындағы сексен кісіні
Қойдан жаман бағады.
Жолдан келген кісіні
Жын-перідей қағады.
Астына мінген қарагер
Жұлдыздай боп ағады.
Көлден алған жылқыны
Қойсудың асуына салады.
Болдырып қалған құлын-тай
Орта жолда қалады.
Бет алған жерінің бәрінде
Ер Сұраншы алады.

Сұраншы аты ашылды,
Сұраншы батыр болды да,

Қырғыз бенен қазаққа,
Аруағы шашылды.
Егескен дұспанның
Көңілі сонда басылды.
Ерегіскен дұспанға
Көлденең жүріп қосылды.

Басқа ақындардың өлеңдері