Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (10-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 174 жол

Байсейіт тірі күнінде,
Орыс бері баспаған,
Аузын қарыс ашпаған.
Байсейітке сарттан оқ тиіп,
Байсейіт өліп кеткен соң,
Орыс келіп бас салған.

Шапырашты Жалмамбеттің ұлы еді,
Қарасайлап ақырса,
Дін мұсылман біледі,
Жаудан қайтпас жүрегі,
Құдайға екі болмаған тілегі,
Дұспанға өткен білегі.
Кезеген жерді күзеткен,
Найзаның үшін безеткен.
Ерегіскен дұспанның
Маңдайынан күн өткен,
Табанынан сыз өткен.
Елдің шетін қыстаған,
Көлденең найза ұстаған,

Сөз бастаған нұсқадан.
Ерегіскен дұспанның
Қанын судай сімірген,
Бөріктің алдын жімірген.
Атын мінген түлетіп,
Үзеңгі таққан шірентіп.
Қос айылын бер тартып,
Айдаһардай леп тартып!

Бірінші бабам сөйлейін Асылдан,
Жеті жасқа келгенде,
Сабақ алып оқыған,
Арыз етті жасынан.
Дұспанды қуып қашырған,
Шағаннан қуып асырған.
Асылдан туған төрт ұлы
Кімді қойған еркіне,
Жеткізген Құдай сертіне.
Төрт ұлының ішінде
Теке менен Төлеміс
Бір қатынның ұлы еді,
Тірі жан мұны біледі.
Сенің менімен айтысқаныңа,
Ел көтін ашып күледі.

Текенің ұлы Дәулетбай, Сатай-ды,
Бімеген адам «Дәулетбай Сатай» деп атайды.
Дәулетбайдан шыққан ер Бөлек,

Қалмақты шауып қоймаған.
Бұлбұл құстай сайраған,
Қалдар хан қалмақтың ханын шауып,
Қызын алдына салып айдаған.

Алабел аты астында,
Дуылғасы басында,
Сатайдың сап қасқасы қасында.
Сауыты бар үстінде,
Ер Бөлектің қасында.
Белгілі батыр ер Сатай,
Қалмақпенен қас болған,
Қайратына мас болған.
Сатай мен Бөлектен қорыққаннан,
Қалмақтан шыққан Қоңтажы,
Дуылға, сауыт ол беріп,
Құшақтасып дос болған,
Сосын көңілі хош болған.

Сатай, Бөлек ер болған,
Дұспандары жер болған,
Көкірегі көр болған!
Қалмақты бері бастырмай,
Шағаннан бері астырмай,
Бұл Кері де қалмақты шауып талаған,
Алынбаған қалмақ қалмаған.

Қалмақты шауып қаратқан,
Басын қылышпен шауып қанатқан.

Қалдардың үш қызын бірдей ап,
Бас-басына таратқан.

Сон соң қалмақ баспаған,
Аузын созып ашпаған.
Шапыраштының тұқымы,
Жауды көрсе қашпаған,
Сабыр қылып саспаған.

Қашқан жауды қудырған,
Жауынгер ғып тудырған.
Ерегіскен дұспанның
Жүректері мұз құйғандай суынған.

Наурызбай үлкен ер еді,
Ерлік пенен бектікке
Қырғыз-қазақтан асқан
Асыл заттың бірі еді.
Онтағар Наурызбай,
Аруағы дүрілдеп,
Әлі күнге келеді басылмай!
Жауды көрсе қалмаған,
Аты шапса талмаған.
Бір атаның ұлында,
Онан асқан болмаған.
Серпіні кеткен алысқа,
Шыдамаған намысқа.

Қарайық бұған, халайық,
Төлемістің баласы
Шымырқанар ел еді.
Исі қазақ жиылса,
«Наурызбай білсін» дер еді.
Ерегіскен дұспанның
Еңсесін бұзып бөледі.
«Ал дұспан келед» дегенде,
Ақ сауытын бөктеріп,
Ақ найзасын алып жөнеді.
Сол сықылды ерлерге
Қырғыз қайтып тең еді?
Оны көрген қырғыздар,
Қарасын көрсе зеңеді.

Бір атаның баласы,
Орынбет деген ел еді.
Ер Есіркейден Есбенбет,
Асуы жоқ бел еді.
Қоңыр деген ат мініп,
Ер Есбенбет батырың
Қырғызға қарап жөнеді.
Қарабура Шанаштан,
Қырғыздың енді, манабың
Адасып жүрген қатын-қызын
Алдына сап айдап келеді.
Сөйтіп жүрген қазаққа
Қайтып бұл қырғыз тең еді.

Ерегіскен дұспанды,
Кімді қойған еркіне,
Жеткен айтқан сертіне.
Ерегіскен батырдың,
Қоймойын деген аты бар,
Төрт арыздан хаты бар.
Қалмақпенен атысып,
Есіркептей батырдың
Бір аяғын оқ үзген.
Аяғын қанжығаға байланып,
Қалмаққа жаман айланып,
Бесінгер ауып атысып,
Қалмақтың әлі келмеді.

Шапырашты Қарасай
Дұспаннан қайтар ер ме еді?
Түн батарға келгенде
Қалмақ қашты «Оһы!» – деп,
«Қайда Бурыл шоқы?» – деп.
Қолға түскен қалмақтар
«Қолға түстім енді», – деп, –
Шыбын жаным шықты, – деп, –
Өлтіреді мұны, – деп, –
Не қылсаң да өзің біл,
Не қылсаң да көндім, – деп.
Қалмақтың елін қашырып,
Олжа қылып олжасын,
Қыз бен қатынын.

Жауынгер туған елімнің
Құдайым берсін ақырын.
Абайлап сөйле, жарқыным,
Қалай екен батырым?

Батырлығыма қарасаң,
Сескенбейді жүрегім.
Балуандығыма қарасаң,
Иілмейді білегім.
Қырғыз деген халықтың
Бермеген құдай тілегін.

Тауға барып тығылып,
Сүріне барып жығылып.
Мұнша неге жүдедің?
Қырғыз деген ел едің,
Береке жоқ асыңда,
«Манабым енді білсін», – деп,
Билігің жоқ басыңда.
Шалдарың бүрісіп,
Борбай еті тырысып,
Отырады манаптың қасында.

Боқтап жатса манабы,
Айтатұғын жауап жоқ,
Еститұғын құлақ жоқ.
Манабынан сұраусыз
Сойылатын лақ жоқ.

Басқа ақындардың өлеңдері