Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (11-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 170 жол

Бұқараның бәрі де,
Бозасын құйып месіне.
Жаяу жүріп «үу-үулеп»,
Сонда түсер есіңе.
Сөйткен қырғыз сен едің,
Менімен айтысасың несіне?

Малыңда да билік жоқ,
Басыңда да билік жоқ,
Жөні келсе үйіңдегі
Асыңда да билік жоқ.

Қызыңды манап саттырған,
Тірідей қорлық тарттырған.
Түйеңді манап тартып ап,
Танаға жүгіңді арттырған,
Қайда Құдай көңіліңді шат қылған?
Манаптың ісі қиын ды,
Айдаһардай ысқырған.
Өзің жүдеу жүргенде,
Бұл бәлені кез қылған.
Ақ үйіңді тартып ап,
Жұлым үйге қамаған,
Сен сорлыда күн бар ма,
Жазығың жоқ та болса сабаған?
Күздің күні болғанда,
Астығыңды алып кеп,
Манабың құйдырған.

Қазынасы бар болса,
Үйіне әкеп жидырған.
Ерегіскен дұспанды,
Бір шыбықпен и қылған.

Сөйткен қырғыз сен едің,
Паң, шат қазақ мен едім,
Мен қазақ деген ел едім.
Мен ақсұңқар құстай талпынып,
Асау құстай алқынып,
Алыстан тоят тіледім.
Онша неге қор болып,
Мұнша неге жүдедің?
Сен бір жапалақ,
Мен бір тұрған ақсұңқар,
Қай жерден барып ілмедім?
Әжіке деген елім бар,
Әжіке деген елімнен
Төрт асылдың бірі еді,
Әдір Қыдыр бір қонып түнеді.
Адам ұлы жетпеген,
Бақ пен қыдыр басынан,
Шыр айналып кетпеген.

Атасы болған Жанатай,
Пилыбай мен Қорымбай,
Ерегіссең менімен,
Қайнатармын сорыңды-ай.

Қырғыз, сенің қайсың бар Борымдай,
Айтшы маған осыңды-ай,
Көше тапқан жолыңды-ай?

Шыбыл деген бір елім,
Мынау, менің Шыбылым.
Мен сөйлесем шынымен,
Шығар сенің шығының.
Ерегіссең менімен,
Шығар сенің тығының.
Ол басынан, қырғыз-ай,
Жаман еді пиғылың,
Манап еді тұғырың.

Манапсыз күшің жоқ,
Сыртың бар да, ішің жоқ.
Бозаны ішіп, қарның тоқ,
Ішің жалын, сыртың шоқ.

Қысы кетсе, жазы бар,
Дүниенің сазы бар.
Шыбылдан шыққан атақты
Көпке әйгілі Құртқа қажы бар.

Екеуі де бас болған,
Дұспанымен қас болған.
Қоңыртауды күздеген,
Мың-мың түйе иіріп,

Жүз түйе тіздеген.
Ерегіскен дұспанды
Ерінбей жүріп іздеген.
Егескен жауды өлтірген,
Айтқанына келтірген.
Малы майдан баспаған,
Дұспан келсе қашпаған.
Қылышын қыннан суырған,
Жауды көрсе тұра алмай,
Аузынан сілекей шұбырған.

Сапымен кесіп басты алған,
Ақ сауытын жастанған.
Жарлықамыстың баласы
Сырымбеттен Баба еді,
Сырымбеттің ішінде
Өтеғұл мен Өтептен,
Өзі шыққан кесектен,
Малдыбай мен Қонысбай,
Туғаннан-ақ туған екен,
Қолдарына ту ұстап,
Қан тырнақ болып туыпты,
Қанды туған уысы-ай.
Малдыбай келген Арқадан
Қырғызды қуып, көп шауып,
Шер-құмары тарқаған.
Белі қана белгілі,
Атасынан үлгілі.

Сол үлгісін тастамай,
Жанжалдасқан жер болса,
Кетпейді бүлік бастамай.
Жаулы жерді көргенде,
Қарт бурадай шабынған.
Қуанғаннан жүрегі
Аузына келіп қабынған.

Малдыбайдан туды Дәулетбақ,
Жәрдем қылды жалғыз Хақ.
Қатарынан кем болмай,
Басына бітті мал мен бақ.
Дәулетбақ ұлы Ноғайбай,
Жасынан шығып сайраған.
Қырғыз бен қазақты
Алдына салып айдаған.

Шығармаған үндерін,
Байлаған қызыл тілдерін.
Тілі шықты шешен боп,
Өзі шықты көсем боп,
Ұлықты жерге барғанда,
Шені, тоны киілген.
Оның айтқан сөзіне
Дін мұсылман сүйінген.
Ат жаратып мінілген.
Колпакович жандарал,
Шенді тонды кигізген.

Қырғыз бен қазақ түгіл,
Орысты да игізген.
Халыққа жақсы кісі еді,
Бек пайдасын тигізген.
Адамшылық артық боп,
Құдайым жақсы жаратқан.
Аузына дуа қондырып,
Жанды аузына қаратқан.
Қасқарау Ботбайда бек көп шыққан,
Жасқараудан байлан көп шыққан.
Бес мың жылқы айдаған,
Сазға бие байлаған.
Жантелі бай ол шыққан,
Жәнтеліұлы Жыланкөз,
Одан байлық өтпеген.
Қыбырайда Тілешбай,
Әлібай, Алшы, Байбосын,
Атасының аты Шыңғысбай,
Қыдыр басынан кетпеген.
Желісінің ол шеті мен бұл шетіне
Тай шаптырса жетпеген.
Медеу менен Қоңырбай
Жылап келген жаяулар,
Тон киіп, ат мінбей,
Үйінен әсте кетпеген.
Онан сірә, қырғыз бен қазақта
Байлық, бектік өтпеген.

Қоңсы менен қолаңшы
Шыр айналып қасынан кетпеген.

Жетпегенді жетілткен,
Өтпегенді өтілткен,
Ерегіскен дұспанды
Еңсесін бұзып кетілткен.

Ғарып пенен кәсірдің
Қабағына қараған,
Сәтімен туып жараған.
Қасқараудан шыққан Өтеген,
Бұғыдай мүйіз көтерген.
Туа салып талпынып,
Дүниенің төрт бұрышынан
Аралап қоныс қараған.

Басқа ақындардың өлеңдері