Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (15-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 185 жол
Манастың ақ құласындай,
Тор шұнақ аттың сияғы,
Тас жарады тұяғы.
Жалтылдап көрінер
Қылышының қияғы,
Бұл дүниенің пырағы.
Сол сықылды ерлердің
Осылай еді тұрағы.
Жауды көрсе кетпеген,
Найзамен шәншіп ептеген.
Айбалтамен қағысқан,
Шоқпарменен соғысқан,
Тақымы атқа жабысқан.
Тоқтаболатұлы –
Ақшабай мен Тоқашбай.
Аруағы әлі жүріп келеді,
Кідіріп әсте тоқтамай.
Сол сықылды ауқатын
Кім тұрады жоқтамай.
Бір баласы Жиенбай,
Мың кісі келсе тұрады,
Ренжіп қабағын бір шытпай.
Алшынбай мен Төлебай,
Әміре деген біреу бар,
Кісіні тұрар елемей.
Екей деген ел еді,
Ол Екейдің ішінде
Бұйдалы менен Жарманбет,
Екеуі де ел еді.
Болысатын кісісін,
Аруақтай демеді.
Сарыбай мен Сүйінбай,
Жұлынып шықты жасынан,
Қойдалы шықты қасынан.
Сарыбай мен Сүйінбай,
Қызыл тілдің шешені.
Қырғыз-қазақ жиылса,
Ежелгі бектер көсемі.
Ежелгі батырдың тұма мүшелі,
Сүйінбай бұл заманның бұлбұлы.
Шаппай бәйге көп алған,
Бұл дүниенің дүлдүлі.
Тас жарады тілдері,
Жер жарады үндері,
Хан орманның асында,
Қатағанмен айтысып,
Жеңіп алған күндері.
Жеңбеген кісі қалмаған,
Алмаған кісі болмаған.
Тірісінде Сүйінбай,
Алдына қара салмаған.
Сүйінбаймен айтысып,
Ешкім жеңіп алмаған.
Бұйдалыдан шыққан
Атақты Дүйсенбай.
Он мың қоңырлы қой айдаған.
Қойды сойып, майларын
Аузына салып шайнаған.
Қожа мен пір келгенде,
Нар бастап тоғыз байлаған.
Кәріп пен кәсір келгенде,
Қол қайырын ойлаған.
Меніменен салысып,
Күш жетпеспен алысып,
Қырғыз, сенің не теңің,
Әуел бастан тоймаған.
Тоқтатпаймын сөзімді,
«Кімсің?» дейсің менің өзімді.
Орай сайға қондырып,
Келтіреді кезіңді.
Аузыңды енді жап,
Қасартармын көзіңді!
Есқожа деген ел еді,
Есқожаның баласы,
Алтай, Шуаш дер еді.
Алтайұлы Қарасай,
Дуанға шыққан бел еді.
Ұлы жүздің баласы
Қарасайлап ат шапса,
Бәйгеден аты келеді.
Ұлы жүздің бәріне,
Қарасайлаған ат қонған,
Маңдайына бақ қонған,
Астына тақ қонған!
Бет алғанды қоймаған,
Ақылды кеңес ойлаған.
Егескен дұспанның
Өлімге басын байлаған.
Жан ашыған досына,
Рахым оған ойлаған.
Үш бала туған өзіне,
Дуа қонған сөзіне.
Қарасай атқа қонған соң,
Жан көрінбес көзіне.
Үлкен ұлы Өтеп-ті,
Алтыннан төсек төсепті.
Өтептің ұлы Есек-ті,
Жылқы мен қойда есеп жоқ,
Санына ешкім жетпейді.
... Төбет баласына тел кетпейді.
Сексен шаташ алтынды,
Жүкке апарып жияды,
Осы байды қайда апарсақ сияды?!
Телі менен тентектің
Тірсегін енді қияды,
Пейпіл аузын тияды.
Сырттан дұспан батпайды,
Сырттан өсек айтпайды.
Ерегіскен дұспаннан
Оқ атса да қайтпайды.
Сөйлеген сөзі мәделі,
Әсте жалған айтпайды.
Ортаншысы Түрікпенен,
Бектер көп шығып іріктелген.
Жеті атамыз бек, батыр боп,
Артынан Қыдыр мен бақ еріп келген.
Бір баласы Тілеу-ді,
Тілеуді мырза деуші еді.
Жаяу кедей, нешелер,
«Ат бергін?» деп келуші еді.
Жаяуларға ат берген,
Қаны ашқанға ас берген.
Біздің қазақ ұлында,
Мырзалық одан өтпеген,
Қоңсы қасынан кетпеген.
Жетпегенді жетілткен,
Егескенді кетілткен.
Ерегіскен дұспанды
Қол қусыртып өтілткен.
Бір баласы Жарылқап,
Жарылқап батыр кісі екен,
Қараша, Қараш ұлы екен.
Естір кебің бұл екен.
Қырғыз Сарыбайдың қолы келгенде,
Құр айғаймен қашырған.
Жасылды көлден қуалап,
Қырып-жойып асырған.
Қырғыз, сені Құдайым,
Қарғап еді басынан.
Сен қайдан мәз болып,
Күліп қайтушы ең қасынан.
Сарыбайдың сан қолы қырылып,
Үшқоңыр деген жер сасыған.
Басын ит кемірген,
Құзғын-қарға семірген.
Қолға түскен қырғыздар
Босағада телмірген.
Қараша деген би екен,
Ақсарайдай үйі екен.
Атасы салған жол екен,
Қырғыз бенен қазақты
Сөйлетпеген сол екен,
Адамның қара тілдісі ол екен.
Маңдайына бақ берген,
Талмайтұғын жақ берген.
Үш жүздің баласымен сілкісіп,
Абылайдың баласы хан Әділді
Ұлы жүзге әкелген.
«Қараша Қараш» атанып,
Абылайдан бата алып,
Жеңілген соң берген екен,
Хан Әділдей баласын.
Қараша шешен кісі екен,
Екі кісі сөйлессе,
Келтірер сөздің жүйесін.
Қырғыз байқұс, білмейсің,
Сөйлеп сөздің жүйесін.
Тоқтақұрт екен бір ұлы,
Дәулет екен үлкені,
Құрылды сөздің дүкені.
Өзі батыр, өзі бек,
Шынжыр қатар алты тек.
Алуа деген ханынан,
Үш ұл туды қыдырлы.
Бірінің аты – Қашіке, туды сұлтан боп,
Нұрбай туды шолпан боп.
Нұрбай үлкен биі екен,
Мырзабек туды олпаң боп.
Ақылымен санаған,
Қазақ боп жиылса,
Жан аузына қараған.
Үшеуі туған соң
Ешкімнен қорлық көрмеді.
«Мына біз қайтеміз?» деп,
Ешкімнің артынан ермеді.