Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (7-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 160 жол

Салтанатына қарасаң,
Алтай менен Тоқаның,
Ел көшкенде түйеге
Алтыннан кілем жабылған.
Керегенің көзіне
Алтын шеге қағылған.
Бір көргенде кісісі
Көргенше қайтып сағынған.
Дұспанды жерде жүргенде,
Қарт бурадай шабынған.

Алтыннан болған олардың
Аяғы менен табағы.
Бір адамнан ренжіп,
Жабылмаған қабағы.

Қырық мың саулық қоздаған,
Қырғыз, сенің Құдайың
Маңдайыңа жазбаған.
Қырғыз, сенде бар ма екен,
Тау-таудың шүнесін,
Танаға мініп қазбаған.
Біздің қазақ белгілі,
Қырғыздай быт-шыт болып тозбаған.

Одан былай елім бар,
Боз жотаны жоталап,
Құрыған үйден шығады,
Жеті жүз інген боталап.
Елу інген боталаған,
Маңдайы тайқы кедейді,
Мазақ қылып келеді,
Ысқақ қылып күледі.

Үргеніштің бойында,
Шұқыр-шұқыр сайында,
Қарақалпақ деген елім бар.
Қарақалпақ ішінде,
Асып шыққан Қылышбек,
Айына қырғыз шабылған,
Үстіне сауыт жамылған.
Найзаны шәншіп түйреген,
Халқының бәрін билеген.
Ақылы судай тасыған,
Дұспаны жаман жасыған.

Одан былай орайын,
Кіші жүзге барайын.
Көтерілсін талайым!
Алшын менен Жаппасым,
Қалың қара Жаппастан,
Жаңа бұрдым ат басын.
Қырғыз-қазақ, жиылсаң,

Менен шешен таппассың.
Жаппасымның байлығы,
Байлығынан арлығы.
Түйеге алтын теңдеген,
Семіріп қойған таспадай,
Сөйлесе сөзін өңдеген.
Бектігіне қарасаң,
Әсте жаяу баспаған.
Сабырлығына қарасаң,
Ешкімнен қорқып саспаған.
Кербездігіне қарасаң,
Алтыннан жастық жастаған.
Жорғаны мініп жайлаған,
Биені қыстай байлаған.
Кигені оның құндыз боп,
Мінгені оның жұлдыз боп.
Қыс ішінде ішкені
Сапырулы сары қымыз боп.

Ақжайықты жерлеген,
Елдің шетін бермеген.
Жағалбайлы көп жұртым,
Бой бермейтін мол жұртым.
Қайнап өріс алған.
Тілеуқабыл, көп Телеуім,
Шетікші мен Көпшікті
Кіші жүздің алтау-жетеу баласы.
Кіші жүзден сөйлесем,
Көзіңнің шығар шарасы.

Алшын, Жаппас, Шөмекей,
Сөйлейін деп келеді,
Тіл менен жақ, көмекей.
Шөмекейдің төресі,
Анау жатқан Енекей.
Біз пақырда төре жоқ,
Хан Тезектің атасын,
Тауып алып жөнекей.

Түйені жүріп тіркеген,
Дұспанға қылыш сілтеген.
Құдайым санмен бітпеген,
Қарақалпақ қалың жұрт,
Қарақалпақ Қылышбек,
Дүниеге мәлім жұрт.

Қадір атына Хақ тұрған,
Әділдігіне нақ тұрған.
Мың-мың түйе бақтырған,
Жігіттері сақ тұрған.

Найзаның үшін қақтаған,
Ерегіскен дұспанға,
Жігітін жиып сақтаған.
Еңсесін бұзып ел алған,
Қырғыздағы Қалшаны
Адамын шауып, мал алған.
Шапқан жері жапа алған,
Үшбағыс деген еліңді,
Бір жылда төрт шапқан.

Жүрген жерін қан қылған,
Әлемдерге таң қылған.
Ерлік болған көргені,
Қарақалпақ, Түрікпен,
Бет алған жауы үріккен.

Одан былай құрама,
Құрамадан сөйлемей,
Сүйінбай қарап тұра ма?
Қазаққа байлық, көптік салыстырып,
Қырғызды Құдай ұра ма?
Құраманың байлығын
Есебі жоқ сұрама?

Онан былай еліміз,
Шұбар тауын жайлаған,
Егіз қойды айдаған.
Майдан малы баспаған,
Сабырлықпен саспаған.
Қайрақты деген сақ жұртым,
Байрақты деген мол жұртым,
Толып жатқан ол жұртым.
Қырық пен Жүз деген
Есебі жоқ көп жұртым.
Қорасының шетіне
Құс та ұшып жетпеген.
Бақ пен Қыдыр басынан,
Шыр айналып кетпеген.
Ойрантөбе, Қожантап,
Тоғай-тоғай бұлтылдап,
Найзаның ұшы жылтылдап,
Қаңлы, Шәнішқылы көп елім,
О да жатқан бек елім.
Ел, қауымның ішінде
Молдақұсық батырым.
Оның айтқан
жан таппайды ақылын.
Атты мінген жиреннен,
Қарасарай Қақтабыл,
Тәшкеннің неше көшесін билеген,
Сөйлесе кеткен кісінің
Сөйлестірмей аузын түйреген.

Батырлық пен бектікпен,
Солайша өт дүниеден!

Қырғыз, сені Құдай сүймеген,
Толып жатқан жақсылықтан
Бір жапырақ тимеген.
Шәнішқылы деген елімнен,
Бердіқожа деген батыр шыққан,
Жұмасында қырғыз шабылған.
Жүйрік аттың бәрінен
Сауырысынан аққан тер
Пұшпағына сабылған.
Қырғызды шауып,
Қос бас-басына,
Жорға тай салық алынған.
Атты мінген бурылдан
Ақ қалпақты қырғыздың,
Заманы жаман қуырылған.

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 40 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері