Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (24-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 171 жол

Біз қазақ еліміз
Тең ат алып, тең туған,
Теңдігінен кек қуған,
Сіздің қырғыз кем туған!
Кемдігін оның айтамын:
Бұқара боп манабына жем туған.

Біздің қазақ бәрі мырза, бәрі бек,
Шынжыр қатар алты тек.
Бәрі мырза, бәрі бай,
Төрт түлігі бәрі сай.
Жылқы, түйе тіпті көп,
Қой деген малда есеп жоқ,
Қонақ келсе сойылған,
Түгелімен қойылған.
Қоңсы болса жарасқан,
Аш-арыққа қарасқан.
Беглігіне қарасаң,
Тірі жанға қаласқан.
Ерлігіне қарасаң,
Беттесіп келген дұспандар,
Есінен жүріп адасқан.

Ерлігіне қарасаң,
Қарағай найза жондырған,
Ерегіскен қай дұспанын оңдырған?
Қорасынан қой кетпей,
Көңілінен ой кетпей,
Кірлі киім кимеген,
Кірлеген асты ішпеген,
Ерегіскен дұспанды
Жолбарыстай тістеген.
Ақыл, қайрат бірдей боп,
Ақылымен істеген.

Қайраты көп, малы көп,
Айтатұғын саны көп,
Сәнді туған кемеңгер
Қазақпенен ойна, ма?
Күш жетпеспен күреспе,
Әл жетпеспен тіреспе?
Тірессең де құларсың,
Айласын енді таба алмай,
Бармағыңды тістеп жыларсың.

Сөзің енді таусылды,
Шығарма енді даусыңды.
Үнің енді бітелді,
Шығармағын үніңді,
Тарылтармын күніңді.
Қырғыз-қазақ жиылып,
Жалпылдатпа мұныңды?!

Сүйінбай Арыстанбекті жеңгеннен кейін, қырғыз
бен қазақтың арасынан керіс басталады. Ақындардың
бәйгесіне қазақтан 32 ат, қырғыздан 32 ат, басы
Қайшыбектің жүйрік қарагер аты еді. Сүйінбай жеңгеннен
кейін Қайшыбек қарагер атын ала қашады. Тағы басқа
қырғыздың жиылған ел-жұрты жон береді, кете бастай
ды. Сонда Тезек төре ашуланып: «Бәйгемді бермейсің?»
деп айтқаны:

Төренің келді ашуы,
Қырғыздың быт-шыт болып қашуы.
Қырғызда абиыр қалмады,
Мыңдаған кісіден,
Он екі кісі қалып,
Қалғаны қашып заулады.
Қайшыбек қарагер атын алып қашады,
Абиырын ашады.
Қазақтың көңілі тасады.
«Бәйгемді жиып бергін?» деп,
Төре бүлік бастады.

Қарагер ат үшін
Жеті жылқы тартса да,
Оны төре алмады.
Көкайылды төре емес пе,
Көгергенсін болмады.
Төренің айтқан билігінің
Қырғызға түсті салмағы.

Ес алмақтан оңай емес,
Қырғыздың құтылып,
Бекер жайға қалмағы.
Төренің өйтіп жатқаны,
Қарагер атты алмағы.
Сол кезде жер жарады,
Тезек төренің аруағы.
Тау-тау, тасынан,
Қашқан қырғыз жиналды.
Бекерге атын қинады.
Тоғыз тарту келді төреге,
Бұрыннан қалған өнеге:
«Қабағыңды жаппа, – деп,
Қырғызға қарап шаппа?» – деп,
Қырғыз қашқан уақытта,
Ашуланды төреміз:
«Келеке қылған немедей,
Тұра қашқан о несі?
Үш жүздің баласын жиярмын,
Белін мұның қиямын,
Тентегін мұның тиямын,
Үш жүз болып жиылсам,
Тауыңа қайтып сиямын?!

Ауылың болса шабамын,
Тастан көп қазақты
Тау-тасыңа жабамын.
Қытайға кіріп кетсең де,

Іздеп жүріп табамын.
Қылыш ойнар басыңа,
Ер басына күн туса,
Паналарға көр таппай,
Ешкім келмес қасыңа.
Уәдеңнен қашпағын,
Уәдеңнен сен қашсаң,
Ойнасармын, саспағын!

Ақылыңа кіріңдер,
Уәдемді беріңдер.
Уәдені бұзғанның
Үйі енді бұзылар.

«Бата – Құдай мұрасы» деп,
«Қырғыз-қазақ елі» деп,
Шақырған соң келіп ек
Хан Орманның асына,
Шақырып алдың қасыңа,
Шақырып зорлық қып,
Бәйгемді менің бермейсің,
Сыйлағаның осы ма?!
Иттігіңе бақпағын,
Абиырды сақтағын.
Иттігіңе сен бақсаң,
Қазақ түгіл,
Ит келмес сенің қасыңа!

Жүйрігіңмен жарыстым,
Балуаныңмен алыстым,
Көтеріп ап жерге ұрғаным,
Мақұл-ақ па бұл жерде,
Бәйге ме зорлық қып тұрғаның?!

Үш жүздің ұлын жиярмын,
Көк желкеңді қиярмын.
Неше берекем кетсе де,
Бір кісіңе елуден кеп тұрармын.
Сабыр қылып тұра тұр,
Қыл шылбырдай ғып буармын.
Қоқанның халқындай сұрармын!

Қыз-қатыныңды айдармын,
Бегіңнің қолын байлармын.
Айдарлыңды құл қылып,
Оймақтай аузы бүрілген,
Қаламдай қасы сүзілген,
Не сұлуыңды күң қылып,
Алдыма салып айдармын.
Не семізіңді сойып ап,
Аузыма салып шайнармын.

Түндігіңді найзамен ашармын,
Берекелі қазақпын,
Сенен неге қашармын.
Келелі ұрыс бастармын,

Сенің бұл зорлығыңнан
Бір шаппай қалай тастармын?!

Қазаныңды сындырып,
Көңілімді тындырып,
Сағыңды жаман сындырып,
Еліңді жаман бүлдіріп,
Жүрек-баурыңды тілдіріп!

Ат жақсысын мінбейсің,
Киім жақсысын кимейсің.
Аударармын есіңді,
Бастадың өзің кесірді,
Бәйгемді неге бермейсің?!
Іргеңе келген қазаққа,
Қалай сенің зорлығың?
Мен алаштың баласын
Саған әкеп салармын.
Бермесең де бәйгемді,
Еліңді шауып алармын.
Мейлің бер, мейлің қой,
Мәнісіне қарармын.

Басқа ақындардың өлеңдері